«Жамбылгипс» гипсокартон өндірісін қайта жандандырмақ
«Жамбылгипс» гипсокартон өндірісін қайта жандандырмақ
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Сен-Гобен» компаниясының Ресейде, Украина және ТМД елдері бойынша бас директоры Антуан Пейрюдпен кездесті.
«Сен-Гобен» компаниясы құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Өткен жылы компания гипс құрғақ құрылыс қоспалары мен гипс плиталарын өндіруші «Жамбылгипс» акционерлік қоғамын сатып алған болатын.
Кездесуде Бердібек Сапарбаев «Жамбылгипс» АҚ өнімдері үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті.
- Біз зауыттағы оң өзгерістерден хабардармыз. Қызметкерлер жалақыларын уақытылы алып, қысқартуға жол берілмегені қуантады. Кәсіпорын облыс экономикасының өсуіне өз үлесін қосуда. Жергілікті билік Мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнеске қолдау көрсетуге дайын, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы да еске салып өтті.
Кездесу барысында қызметкерлерді оқытудан өткізу, біліктілігін арттыру және қайта даярлауға байланысты мәселелер көтерілді. Антуан Пейрюд жемісті өзара ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Ол зауытты жаңғыртуға қатысты жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде «Жамбылгипс» АҚ әкімшілік кешені, бақылау-өткізу пункті жөнделіп, жаңа жабдықтар сатып алынған, қызметкерлер заманауи техникаға қол жеткізіп, арнайы киімдерге ие болды. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары жетілдірілген. Компания гипсокартон өндірісін жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті.
Тараптар көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін де талқылады.
Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты басқармаларға бюрократиялық рәсімдерге жол бермей, кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бойынша шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырды.