
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген жас фермерлердің бірі – 32 жастағы Тоқтарқан Қамбаров. Ол Үлкен Нарын ауданындағы "Тамерлан" шаруа қожалығының басшысы, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қожалық 3 200 гектар ауыл шаруашылық жерін игеріп, озық технологияларды қолдану арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізіп отыр. Элиталық тұқымдар, заманауи техника және минералды тыңайтқыштар егін түсімін айтарлықтай арттырды. Соңғы жылдары астық дақылдарының орташа түсімі гектарынан 40 центнерді, ал майлы дақылдардың түсімі гектарынан 60 центнерді құрап келеді. Бұл – тиімді басқару мен жаңа әдістерді енгізудің нәтижесі.
Бұдан бөлек, Тоқтарқан Қамбаров ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Ол 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, Үлкен Нарын ауданы мәслихатының депутаты ретінде жерлестерінің мүддесін қорғайды. Сонымен қатар, жергілікті спорттық және мәдени шараларға демеушілік жасап, ауылдың әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді.
Тоқтарқан – тек табысты фермер ғана емес, сонымен қатар қоғам өміріне жанашырлықпен қарайтын әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азамат. Оның тәжірибесі мен жетістіктері жас фермерлер үшін үлкен үлгі бола алады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз