дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жат ағым жарға жығады

Жат ағым жарға жығады
Фото - ашық дереккөз
Елде жат ағыммен күрес жалғасуда

Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын иләһи дiн. Алайда қоғамда жат ағымдар елдің тұтастығына қауіп төндіріп тұрғаны рас. Жамбыл облысы әкімдігі дін мәселелерін зерттеу орталығының инспекторы Баилхан Құлназаров қоғамның негізгі күші жастардың деструктивті ағымның жетегінде кетпеуі үшін діни сауатты ашу қажет,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Баилхан Құлназаров сөзінше, ресми деректер бойынша, елімізде 20 мыңнан астам түрлі діни бағыттарды ұстанушылар  бар  екен. Олардың жетегіне ерген 800-ден астам қазақстандық шекара асып, түрлі  жиһадтық соғыстарға қатысып, ажал құшқан. Ал аман қалғандары «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарылуда. «Жусан» операциясы 2019 жылы басталды. Ол Сириядағы  қақтығыс аймағынан жат ағымның  арбауында жүрген отандастарымызды елге қайтаруды көздейді. Осы орайда жастарды теріс жолға түсіп кетуге итермелейтін себептерді анықтап көрсек. Аудандық ақпараттық түсіндіру тобының  мүшесі, Қалыбек батыр мешітінің бас имамы Сұлтанбек Карибаевтың берген деректеріне сүйенсек, жастардың жат ағымның жетегінде кетуіне бірнеше себеп бар.

Қоғамда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынастарын негіздейтін діннің, діни қағидалардың болуы табиғи құбылыс. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл бабаларымыздың салып кеткен сара жолы.

Қазақтың салт-дәстүрлері исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып кеткен. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге жаңалық емес.

Ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа түсірілген. Бұл жөнінде Жаратқан Иеміз Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелдерден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып, тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі» (Әл-Хужурат сүресі 13-аят), – дегені әрбір ұлттың өз мәдениетімен, салт-дәстүрімен өмір сүруі ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы екенін көрсетеді.

Қазақ мәдениетіне ислам сүниттік Абу Ханифа мәзхабы, Матуриди сенім мектебінің негізінде дәстүрлі ислам болып қаланды.

Кеңес үкіметі атеистік идеологиядан еркіндік алғалы бері қазақ халқы өз дініне бет бұра бастады. Бірақ қазақ елі түгелдей сол дәстүрлі исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте, жоқ. Атеистік сенім тарқағаннан кейін орнын әртүрлі діндер мен ағымдар басты. Шетелдерден әртүрлі дін өкілдері келіп, халықты өз діни көзқарастарына тарта бастады. Нәтижесінде елде сан алуан діни бағыттар пайда болды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дегендей-ақ, өзге дін өкілі келіп, діннен хабарсыз қазаққа өз сенімін айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенді. Оның рухани аштығы көп ойлануға бой бермеді. Ақиқатты білмеген соң жалған, яғни аралас ақиқатты «толық ақиқат» деп ұқты. Сол себепті көптеген азаматымыз ислам атын жамылған ағымдарға өтті.

Міне, осылайша қазіргі таңда Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ұйымдардың және тоталитарлы секталардың көбеюі мен олардың қатарына жастардың, жалпы халықтың көптеп тартылуы көпұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулық пен тұрақтылығына қауіпті фактор және ұлтаралық радикализм мен шиеленісті тудыртатын қосымша күш болып отыр. Себебі олардың сана-сезімдерін уландырғаны соншалық, олар кірген жат ағымның «көсемі» не айтса да екі етпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады.Осындай қателіктерге жастарымызды ұрындыратын ең басты себеп – олардың дәстүрлі дініміз бен жат ағымдардың аражігін ажырата алмауы. Соның салдары ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіруі діни сауатсыздыққа әкелуде.

Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсенді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайтқа тосқауыл қойылуда.

Сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жасөспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық семинар- тренингтері өткізілуде. Сонымен қатар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министірлігі және ҚМДБ-ның бастамасымен әртүрлі ағартушылық сайттар мен порталдар іске қосылды, сан қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және ділімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің, теолог мамандардың қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы сұхбаттар жүргізілуде.

Ақпараттық кеңістіктегі түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалаумен бірге, жастарымызды мұндай олқылықтардан сақтандыру үшін жұмылған жұдырықтай атсалысып, тәрбие мәселесіне баса назар аударуымыз қажет. Өйткені жас ұрпақты тәрбиелеу – әр ата-ананың борышы. Осы ретте жастарға қоғамның да, қоршаған ортаның да ықпал ететінін ескеруіміз керек. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан да балалардың бойына жастайынан рухани-мәдени құндылықтарды басшылыққа ала отырып ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектепте дәстүрлі дінімізді, тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни жат ағымдарға бөгет қоя аламыз", - дейді Баилхан Құлназаров. 

 Адамзат қоғамындағы маңызды әлеуметтік-мәдени саланың бірі – дін десек, діни сауаттылық пен діни танымды үнемі дамытып отыру маңызды міндет. Әсіресе, барлық ақпарат ғаламторда тоғысқан заманда дін туралы ақпаратты сауатты тұтыну керек. Қоғамның негізгі күші жастардың деструктивті ағымның жетегінде кетпеуіне мүмкіндік туғызу бүгінгі негізгі мәселесі екенін естен шығармай, жат ағыммен қоғам болып күресуіміз қажет.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар