Жаңалықтар

Жайылым жерлер ұлғайтылуда

Жайылым жерлер ұлғайтылуда

Жер – халықтың еңбек етіп, нәсібін табатын қазынасы. Әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын біздің оңтүстік өңір үшін жерді тиімді пайдалану басты назарда. Кейінгі кездері шаруаларды ойландырған жайылым жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін әкімшілік бес бағытпен жұмыс жүргізіп, жайылым көлемі ұлғайып келеді. Бұған жер қатынастары басқармасы мен өңірлік коммуникация қызметі бірлесіп ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.

Баспасөз туры Байзақ ауданында өтіп, ондағы жер бөліністерінің жағдайына қанық болдық. Аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтың айтуынша, бұл ауданның жалпы жер көлемі 446 385 гектар. Оның ішінде 165 369 гектары ауыл шаруашылығындағы, ал 43 134 гектары елді мекендердің жерлері. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге мақсатқа арналған жер көлемі 2399 гектар болса, 221 640 гектар орман жер қоры, 2268 гектар су қорының жері, ал 11 575 гектар босалқы жер.

– Бүгінде ауданда жайылым жерлердің жетіспеушілігі барлық ауылдық округтерде сезіледі. Осыны шешу мақсатында Жамбыл облысы бойынша азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы жер кадастры департаментімен ауданның кезекші карталары әзірленді. Аудан бойынша 18 ауылдық округтің қызмет көрсету аймағында бос жатқан жалпы көлемі 18180,9 гектар 402 жер учаскесі түгенделіп, елді мекендердің жайылымына аудан әкімінің қаулысымен бекітіліп берілді. Жер пайдаланушылардың учаскелері «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқор жүйесімен сәйкестендіру нәтижесінде игерілмей жатқан кадастрлық құны 236 936 246 теңге болатын жалпы көлемі 24716 гектар 251 жер телімі анықталған. Бұл жер телімдері Бурыл, Дихан, Түймекент және Ынтымақ ауылдық округтерінде. Аудан бойынша ауылдық округ мамандарымен бірігіп, зерделеу жұмыстары барысында ИСЖ базалық жүйесінде мал басының тіркелген немесе тіркелмегені туралы анықталып, әрбір шаруашылықтың базалық жүйесіндегі малдары қағаз түрінде көрсетіліп, қазіргі таңда жалпы көлемі 6392,3 гектар жайылым игерілмей жатқандығы белгілі болды. Осындай игерілмеген жерлерден бүгінде 7427 гектар жер учаскесі қайтарылды, – деді Болат Мырзаханұлы.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Кәрентаев пен басқарманың бөлім басшысы Айдар Тажиков және Байзақ ауданы жер бөлімінің басшысы Ержан Тұрсынбек бастап, аудандағы бірқатар жайылым жерлер мен егін алқаптарын аралап, шаруа қожалықтарының жағдайын көзбен көрдік.

Түймекент ауылындағы «АгроХолдинг ASPAN» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бес шаруашылықтың бірігуімен 2020 жылы құрылған. Егін шаруашылығымен де, мал бағумен де айналысады. Кооперативте барлығы бір жарым мың гектар жері бар. Соған қант қызылшасын, жүгері, жоңышқа егіп, өсіреді. Шаруашылыққа қажетті техникалардан 2 «Zoomlion» тракторы, 1 комбайн, 9 жаңбырлатып суару қондырғысын қолданады. Кооператив төрағасы Саха Манатовтың айтуынша, қызылшаны Меркідегі қант зауытына өткізсе, жүгеріні мал азығына пайдаланады. Бұл кооперативте 200 бас Алатау тұқымды сауын сиыры, 100 бұқашық және жиырма шақты түйе, бес жүздей қойы бар. Бұған қоса, жылыжай шаруашылығымен де шұғылданады. Сонымен қатар, интенсивті бақ өсіреді. Бұл кооперативтің бір де бір жері бос жатпайды, тіпті су келмейтін алқаптың өзіне жоңышқа еккен. Биылғы су тапшылығынан 300 гектар қызылшасы мен 150 гектар жүгерісі күйіп кетіп, мемлекет тарапынан шығынды өтеу ақысын алып жатқан көрінеді. Осы жағдайға төтенше жағдай жарияланардан бұрын кооператив шаруалары үшін 250 гектарға қызылша егіп, жерасты суын алуға ұңғыма қазып, жаңбырлатып суару қондырғысымен нәрлендірген. Бұл қызылшаны шілдеде еккендіктен, оны алдағы қараша айында қазып алғалы отыр. «Негізі гектарына мың центнерден беруге мүмкіндігі бар бұл жерден орташа есеппен 400 центнерден қызылша аламыз», – деді төраға.

Осы ауданның Жаңатұрмыс ауылындағы «Мәди» шаруа қожалығының 170 гектар жері бар. 2012 жылы құрылған бұл қожалық қазіргі уақытта 1 комбайн, 4 МТЗ тракторы, 1 дән сепкіш, 2 соқа, 3 пресс, 1 бүріккіш техникаларымен жабдықталған, жылына 180 тонна арпа өндіреді. Сондай-ақ, 600 бас қой, 55 жылқы бағып отыр. Қожалық басшысы Нұрмахан Сартов: «Ешқандай жерді бос қалдырмаймыз, тіпті басқалардың жерін жалға алып пайдаланамыз», – дейді.