Жазасын өтеуші азаматтарға тоңазытқыш тарту етті
Жазасын өтеуші азаматтарға тоңазытқыш тарту етті
8 наурыз – халықаралық әйелдер күні. Бұл күні әрбір нәзік жанды жақын-жуықтарынан сыйлық күтетіні белгілі. Өз кезегінде ер азаматтарда анасын, әпке-қарындасы мен сүйген жарын, қылықты қызын қуантуға асығады. Десе де, мұндай мүмкіндікке ие бола алмай қалған азаматшаларда жоқ емес. Сүрініп кетіп, тағдыры бүлінген бұрымдылар темір тордың арғы жағында да бар. Оларға түзеу мекемесінің әкімшілігі тарапынан тиісті көңіл бөлінгенімен оның өзі аздық ететіні анық. Осыны ескерген «Аналар» қоғамдық қорының ұжымы өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші нәзік жандыларды арнайы құттықтап келді. Жанашыр жандар сот үкімімен кінәлі деп танылған қаракөздеріміздің еркін өмірге тезірек оралуына тілектестіктерін білдіріп, оларға тоңазытқышты сыйға тартты. Өз кезегінде мекеме басшылығы қоғамдық қордың өкілдеріне алғыс айтып, ілкімді істеріне сәттілік тіледі.