Жигули Дайрабаевтың сотталған екі ұлына қатысты ақпарат тарады
Жигули Дайрабаевтың сотталған екі ұлына қатысты ақпарат тарады
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың сотталған екі ұлына қатысты іс апелляциялық сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бұған дейін Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға үкім шығарды. Олардың арасында депутаттың екі ұлы бар.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ерлан Күлекеевтің, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық (кейінгі екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды. Олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Сот үкімімен басқарма басшысының орынбасары болған Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға сотталды. Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады. Дереккөз: Халық үні сайтынан