жексенбі, 16 наурыз, 2025 8:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жол жөндеуге 23,6 миллиард: Жамбылда жол сапасы қашан артады?

Жол жөндеуге 23,6 миллиард: Жамбылда жол сапасы қашан артады?
Ашық дереккөз
Өңірдегі жол сапасына байланысты сауалымызға Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі жауап берді.

Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 99%-ға жетті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Өткен жылы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті инфрақұрылымды дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Жолдар ел экономикасының күре тамыры екені айтылып, автомобиль жолдарының еліміздің дамуындағы орны ерекше екені атап өтілді. Жамбыл облысында да жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған істер жетерлік.

2024 жылы өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 26,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпірдің құрылысы, 3,0 шақырым жолдың қайта жаңғыртылуы және 690,4 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары жоспарланды. Оның ішінде 95,9 шақырым облыстық маңызы бар жолдар, 88,1 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 506,4 шақырым елді мекен көшелері қамтылды. Сонымен қатар, 2,3 млрд теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарында пайдаланылды.

Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 99%-ға жетіп (65%-ы жақсы, 34%-ы қанағаттанарлық), елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 87%-ға жетті (67%-ы жақсы, 20%-ы қанағаттанарлық).

Биылда осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Осы уақытқа дейін жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 17,7 шақырым көше жолдарының құрылысы, 8,0 шақырымды қайта жаңғырту және 391,4 шақырым жолдарды орташа жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 45,1 шақырым облыстық маңызы бар жолдар, 83 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 263,3 шақырым елді мекен көшелері қамтылатын болады.

Барлығы 146 жол жөндеу жобасы іске асырылмақ. Олардың ішінде «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасымен 24 жоба немесе 128,1 шақырым, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен 49 жоба немесе 116,8 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 6 жоба немесе 20,3 шақырым автожол және 1 көпір құрылысы, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 3 жоба немесе 5,4 шақырым автожол, жергілікті бюджеттерден 64 жоба немесе 146,5 шақырым автожол және 5 көпірдің құрылысы жоспарлануда.

Бөлінген қаржылардың жалпы 3,4 млрд теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталмақ. Ағымдағы жылдың қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр (70%-ы жақсы, 29,5%-ы қанағаттанарлық). Елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 89%-ға (70%-ы жақсы, 19%-ы қанағаттанарлық) жетуі межеленген.

Осы жобалардың іске асырылуы облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етумен қатар, халық тұрмысының жақсаруы мен өңірдің дамуына үлесін қосып, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттырады.

 

Бақытжан Бекболат

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар