Жаңалықтар

Жыл басынан бері 500-ден астам мал ұрысы ұсталды

Жыл басынан бері 500-ден астам мал ұрысы ұсталды

Жыл басынан бері 500-ден астам мал ұрысы ұсталды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты. «Жыл басынан бері 500-ден астам мал ұрысы және 60 қылмыстық топ ұсталды. Павлодар облысында 1 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді», - деді Құдияр Нұрсейітов министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте. Мәселен, оның дерегінше, осы жылдың 22 сәуірінде ІІМ Криминалдық полиция департаменті ұйымдастырған арнайы операция нәтижесінде құрамында 5 адам бар өңіраралық қылмыстық топ ұсталды. Олар Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аумағында мал ұрлығының 6 фактісін жасағаны анықталды. Күдіктілер 167 бас мал ұрлап, 77 млн теңгеден астам шығын келтірген. «Тағы бір мысал, Түркістан облыстық полиция департаменті қызметкерлері 2022 жылдың көктемінен бастап Сарыағаш және Келес аудандарының аумағында жылқы және ірі қара мал ұрлығымен айналысқан 4 адамнан тұратын қылмыстық топты әшкерледі. Ұсталғандардың 18 мал ұрлау фактісі дәлелденді. Олар құны 12 млн теңгеден асатын 26 бас мал ұрлаған», - деді ол.