Ақордада мәдениет пен өнер саласына арналған маңызды жиын өтті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада өткен салтанатты жиында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті.
Президент бұл саланың ұлт руханияты мен болмысына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, өз ризашылығын білдірді.
Президент мәдениет пен өнер саласына қолдау көрсету – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Президент үш мәдениет ошағына – Бикен Римова атындағы драма театрына, Алматыдағы қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беруді ұсынды. Бұл бастама олардың жұмысын жаңа деңгейге көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев музейлердің маңыздылығын да ерекше атап өтіп, мемлекет олардың дамуына ерекше мән беріп отырғанын айтты
Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.
Мемлекет басшысы елімізді көркейту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мақсаты да осыған негізделгенін айтты
Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын еске салып, бұл үдеріс саясат пен экономикадан бастап, барлық салаға әсерін тигізгеніне тоқталды.
Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.