Абайдың қара сөздері һәм Шерханның «Бір кем дүниесі»

111

Адам – қоғамның айнасы, өз заманының туындысы. Жер бетінде адамзат баласы пайда болғалы сан мыңдаған ғасырлар өтті. Әр ғасырдың өз тарихы, тарихын жасаушы тұлғасы болды. Ондай тұлғалардың өркениет пен мәдениеттің әр саласында өзіндік ізі қалған. Тіпті әр заманның өз тұлғасы бар десек артық айтпаймыз. Заманының тұлғасы бола білгендер туралы айтқанда, Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібекті, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандарды, Бұқар, Ақтамберді жырауларды, Абайды еске аламыз. Бертін келе қазақ ғылымын асқақтатқан Қаныш Сәтбаевтардай алыптарды аузымызды толтырып атаймыз. Қазіргі заманның тұлғалары кімдер? Қоғам қайраткерлері көп-ақ. Ал бірегейі санаулы. Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялап, жеке мемлекет болып құрылған тұстан бастау алсақ, қоғам, мемлекет деңгейінде, әдебиет сахнасында өзіндік биік болмысы бар Шерхан Мұртазаны елдің азаматы деп айта аламыз. Оның тағдыры, қызметі туралы көп толғануға болады. Әсіресе Абайдай алыптың қара сөздері деңгейіне көтеріле білген «Бір кем дүние» философиялық шығармасының әр бөлігі бір ауқымды тақырыптың өзегі екені анық.

Абай – қазақ жазба әдебиетінің, қазақ философиясының биік шыңына шыққан ғұлама. Оны өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп толғандырып, дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. «Мен кіммін?», «Адам өмірінің түпкі мәні неде?» деген сұрақтардың төңірегінде адамның иманы, хайуаннан артықшылығы туралы, жан мен тәннің айырмасы, жан азығы туралы тереңінен бойлап, қалам тартты. Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздей отырып, қазақ даласына пәлсапалық мағынасы терең шығармаларды қалдырды. Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтты. Ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетті. Мұны Абай атақты көркемдік, әлеуметтік-гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері арқылы жеткізе білді. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік куатын, философиясындағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Сондай-ақ ол жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Абайдың қара сөздерінен кейін әдебиетімізде мұндай философиялық мазмұндағы ұқсастығы бар, қазақ халқында кеңінен танылып, қазақтың сөзіне айналғаны – Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі». Қазақтың санасын, жанын оятуға бағытталған бұл шығарма араға ғасыр салып, қазақ философиясының жаңаша әдеби үлгісін жаңартты.
Аумалы-төкпелі заманда ел тағдыры жайында қолына қалам ұстап, қанша бейнетті еңбек етсе де шаршамай, керісінше туған елі, қазақ ұлты алдындағы перзенттік парызы екі тұлғаның да бойын жігерлендіріп, күш берген. Соның мазмұндық үндестігі Абай мен Шерханның ой-толғамдық шығармаларынан көрініс тапты.
2008-2010 жылдары жарық көрген Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіндегі» айтарын қысқа да нұсқа түйіп, тұжырымдап айтуы, жалпылыққа бой алдырмай, нақтылыққа иек артуы, дәлелді мысалдарға жүгінуі, кей тұстарда өз пікірін, көзқарасы мен көңіл-күйін танытып отыруы қаламгер жетістігі.
«Бір кем дүниеден» абызға айналған қайраткердің өкініші басым, арманы көп екенін аңғарамыз. Армансыз өмір жоқ. Ал өкініш? Қаламгердің өзегін өртеген жеке бастың, үй арасының сыпсыңы емес, халықтың, елдің, ұлттың басындағы келеңсіздіктер.
Ұлты үшін толғанып, елі үшін алаңдау Шерхан Мұртазаның қанына сіңген қастерлі қасиет. Шығарманың әрбір қайырымын «Бір кем дүние…», «Орны толмас орасан обал дүние…», «Имансыз жауыз заман, залым дүние…» деп толғана аяқталып жатуы да осыдан болар. Бұл түйіндеме жалпы кітаптың композициялық тұтастығын қамтамасыз етіп тұрғаны анық. Бірден байқалар мазмұн тереңдігі мен осы бір жинақылық, әсерлі тілмен қысқа қайырып, дөп айту осы ой-толғаудың оқырман сүйсінер ерекшелігі.
Ш.Мұртазаның осы еңбекті жазудағы алдына қойған мақсатының өзі – болашақ жастарға ой салу, тарихта өткен келеңсіздіктерден аулақ болуға үгіттеу. Халқымызға тән жайбасарлықпен қамсыздыққа салып «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, орны бар оңалар» деп бірімізді-біріміз арқадан қағып жұбатып, қазақтың қанына сіңген кеңдігіне салып, түбінде бір жөнделер деп отырған мына бізге деген ойқозғау. Байқап бақсаңыз, Шерхан Мұртазаның табанды да, қуатты ой-толғамдары осыған жетелейді.
Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» арман мен сағынышқа толы, асыл ағаларымен жүздескен өткен күндерін сағына еске алып, қысқа қайырыммен алдыңғы буын ағалардың жарқын бейнесін көз алдыңа суреттеп береді. Қазақ деген халық үшін ауыр болған, қан қақсатқан кешегі заманның қайғы мұңын болашақ жас ұрпақ жадынан шығармай есте ұстасын, ұмытпасын, ұлтыма үлгі, сабақ болсын деп зарын айтады. Өлім жұтқан асыл тұлғаларын іздейді, дұға оқып, ең соңында бас иетін орынды да қимаған тоталитарлық жүйенің қаныпезер саясатына күйінеді. «Бір кем дүниені» қолға алған кез келген оқырман мына өмірдің соншалықты аумалы-төкпелілігін жан дүниесімен сезініп, терең ұғынады. Ең бастысы – тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі қазақ елінің ұланғайыр жерінің болашақ ұрпақтардың мойынына артқан салмағы бар аманатын ұғынасың.
«Жетпістен астым, енді депутат болмаймын», деген Ш.Мұртаза: «… Менің жұмысым – жалғыздың жұмысы. Қаруым – қалам. Өрісім – қағаз», деп өзінің соңғы жылдардағы хал-ахуалынан хабар берді. Тәуелсіздік алған Қазақстан жерінің иесіміз деген қазақтың келеңсіз, шешілмеген мәселесі қыруар екендігін көріп, біліп отырып ол бір күнін ойсыз, бір түнін ұйқысыз тыныш өткізуі мүмкін емес. Санаңның түкпірінен орын алған ой іште өлмеуі қажет. Сол ойдың жемісі де осы «Бір кем дүние».

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі