«Анам бізді қабағымен-ақ тәрбиеледі»

0 57

2004 жылы алпыс алты жасында дүние салған анам Тұрсын соғысқа дейінгі репрессия жылдарындағы бай-кулактарды түртпектеген тепкіден жасырынып, жұпыны, жұтаң халқына – бір рулы еліне бас-көз болып, тарам-тарам тарихтың небір қатыгез қыры мен сырын қатулы қабағында сақтап, үнсіз мүлгіген Қап тауларын асып, Тәжікстан жерін паналап, аман қалған қара қыпшақ-қонақбай Дүрен (Дүрмағамбет) Мәмбетұлы бидің үміт еткен қызы болатын.

Ұлы Отан соғысы кезінде еңбекке жарамсызданып, бауырдың айықпас шемен дертіне ұшыраған Дүрен атамыздың Қожамсүгір бабадан тарайтын Қонақбай руы Қызылорданың қазіргі Шиелі ауданына қоныс аударады. Нағашы атамның бірінші әйелі Орынкүлдің сәбилері шетіней беріп, аумалы-төкпелі дүрбелеңде «Тұрсын» деп ырымдап атын қойған қызын өмірге әкеліп барып, келесі бала үстінде қайтыс болған көрінеді. Көрер жарығы бар ол қыз баланың есімін Орынша деп атайды.
Тұрсынды бауырына басып, өз қызындай өсіріп, бағып-қаққан Күләш апамыздың анамыздың өгей шешесі екеніне ол кісілер о дүниелік болып, өзіміз егде тартқан осы шағымызда бір-ақ сендік емес пе?!.
Өзінің бұ дүниелік емес екенін іштей сезген Дүрен атам ел-жұрты, туған-туыстарының қарсылығына қарамай, дімкәс кіші қызы Орыншаны өз бауырларында қалдырып, тұлымшағы желкілдеген тұңғышы кішкентай Тұрсынын жетектеп, Тұрар байдың аманаттаған жалғыз қызы, өзінің Күләштай ардақты жарын қайын жұртына – апамыздың еліне аман-есен жеткізу үшін, тәуекелге басын тігіп, ұзақ жолға сапар шегеді.
Күләш апамның ауылы Қызыләуіт, Қаратау, Қарой, Қасқабұлақ ауыл аймақтарының жер көлемі мен Байжансай руднигінің жоны да бекітіліп берілген Үшарал ауылдық округі.
Ал тумаса да туғанындай болған Күләш апамыз қатарынан қалдырмай, оқуға түсірген «үлкені» Тұрсынның күйеуге ерте шығып кеткеніне іштей қынжылса да, қалыңмалын әкеп тұрған болашақ құдалардың бетін қайтармай, күтіп алып, шығарып салады. Қызының артынан бар жасауын түгелдеп, төсек-орнын да елдің алды қылып беріпті.
Келесі жылы тұңғыштары Лорихан туылып, соғыста ерлікпен қаза тапқан қызыләскер, Ұлы жүз Дулат бабаның Сиқымынан тарайтын Қарақойлының Ибескісі, Ибескіден – Қозымы Битеннің Бұлдыбайынан қалған жалғыз ұлы Қыран мен екі қызын өзі жеткізіп, бетінен қақпай өсірген Рыскүл Байларқызы сынды адуынды ененің қас-қабағына қарап, отбасы, ошақ қасынан аса алмаған анамыз оқуын сол күйі жалғастыра алмайды…
…Алтыншы перзенті Мұрат інімді емізіп үйде отырған анам отыз үш жасында жесір атанды. Екі ұлы мен күйеуі бір-ақ күнде көлік апатынан опат болды. Асқар таудай әкеміз бен Марат, Самат деген екі бірдей ағамнан бірі бесінші, екіншісі үшінші сыныпқа баратын жылы жазда айырылып қалдық…
Жесір әйел ретінде өз жолын білсе де, біздің жетімдігімізді білдіртпеуге тырысқан анамыз Тұрсын Дүренқызы қанша қиындық көргеніне қарамастан, қалған екі қыз, екі ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Анамыз бізге ақылды көп айтпайтын. Берген тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын бір-ақ рет айтып, сырттай қадағалайтын өте талапшыл жан болды. Таңның атысы, күннің батысы үйде болсын, түзде болсын, қолы шаруадан босамайтын ол кісі бізге қабағынан-ақ көп нәрсе ұқтырды. Ісінен үйрендік.
Мен төртінші ақпанда Меркінің перзентханасында туылғанда әкем ауылда болмайды. Анамның әскери борышын өтеуге кетіп бара жатқан бозбала бір қайнысы «Жеңеше, қыз тусаңыз, атын «Сәуле» деп қойыңызшы» деп өтініп жүреді екен. Сол күйде мені «Сәуле» деп атап кетеді. Араға бірер күн салып, сапардан келген әкем «есімі – Үміт» деп жазғызып менің туу туралы куәлігімді әкеліп тұр дейді. «Өзі жақсы көріп қалған бір сұлудың аты Үміт етін» деп күле де күрсіне еске алып отыратын бұл туралы анам. Сонымен менің шын атым Үміт. Ал анамның еміренгенде мені «Саукар» деп еркелететіні өзіме ұнайтын.
Әлі есімде, Рыскүл апамдар төрт түлік малдың шаруасын күйттеп, қыс қыстауда, жазда жайлауға шығады. Қазіргі Т.Рысқұлов ауданына қарасты таудың етегіндегі сол жайлаулардың бірі «Шыңырау» деп аталады. Балабақшадан демалыс берілгеннен бастап мен апама бала болам.
Бірде анам келетін болды. Үлкендерден естіген сәтте алыстағы мамамды, папамды, бауырларымды сағынғанымды түсіндім. Жүрегім атойлап, көңілім алабұртып, анашымның келетін сәтін асыға күттім іштей. Сырт көзге білдіртуге болмайды. Мен апамның қызымын ғой. Өкпелетіп алмауым керек. Оның үстіне апам анама қатал. Шіркін, мамам келіп, мені үйге алып кетсе ғой. Лора әкпемді, ағаларым Марат, Саматты сағындым. Менен екі-ақ жас кіші інім Арман өсіп қалды ма екен? Ауызын ақсита ашып дыбыссыз күлуді шығарып жүр еді. Бетінен сүйіп, әлдилейтінім есіме түсіп кетті. Қатты сағыныппын-ау өзін. Папамды ше?! Әсіресе, папамды сағындым ғой мен!
Үйдің іргесіне тоқтаған жылқының осқырынғаны естілді. Тұп-тура. Мамам. Ауылдың орталығынан бұл жаққа тек атпен ғана қатынауға болады. Шимен қапталғанмен киізі түрулі керегеден бәрі көрініп тұр. Еппен жерге түскен анам ерттеулі атын қораның белдеу ағашына байлады. Қолындағы қоржын-қосқалаңын алған даладағылармен амандасты. Біз отырған үйге қарай бұрылды. Алдынан шығып жүгіріп барып, бас салып құшақтай алғым келді. Сөйтетін де едім. «Тыныш отыр!» деп сыбырлай зекіген апамның қатқыл дауысы есімді жиғызды. Екеуміздің де көзіміз есіктен еңкейіп кіре берген анамда. Босағада тұрып сәлем салған анама енесі де аузын жыбырлатып ишара жасады. Мамамның да мені сағынғаны мейірімге толы жанарынан ашық байқалады. Жүрелей тізе бүгіп:
– Әллә! Келе ғой! – деп екі қолын бірдей созған анамнан көзімді алмаймын. «Әлләсі» – мен. Бәрі мені «Әллә» деп атап кеткен ғой.
«Барма!», деп сыбырлады апам құлағымның түбінен.
– Әллә! Кәні, келе ғой! Кел, Әллә!
«Маматай, мені түсін. Сіз шақырғанға қазір жетіп барсам, ештеңе де бола қоймас. Бірақ мені сіздерден қызғанатын апам менен бұрын өзіңізді жек көріп қалмайды ма? Апасының қызы боп жүрген менен де сосын көңілі қалады ғой апамның. Түсініңіз мені, аяулы анашым. Сондықтан мен сіздің кел деп шақырған өтінішіңізді орындай алмаймын».
Анам менен, мен одан көз айырмай қарап, апамыздың талабымен іштей тайталасып тұрған сол бір қас-қағым сәт мен үшін ғасырдан да ұзақ сәттей көрінгенін өзімнен басқа кім білсін.
«Әллә, неге жақындамайсың. Қорықпа. Кел. Кел деймін бері! Мен сені сағындым ғой. Үйдегілер де сағынды. Келе ғой, енді, келші, бетіңнен сүйейін». Мамамның жаныма оттай ыстық мұңды жанары маған іштей осылай дейтіндей.
Ал өзі:
– Әллә, кел, кел, кел! – деп дауысын созып еркелете шақырғаннан ары аса алмады.
Мен «бармаймын» дегенді білдіріп, басымды шайқадым. Менің келінінің шақыртуына жасаған қарсылығыма риза болған апамның кейпін көрсеңіздер ғой!
Бітті. Негізгі сынақ тапсырылды. Сыннан мен де, анам да сүрінбей өткен секілдіміз. Апамның қабағын керіп, ым қағуымен-ақ, лезде, көрпешелер төселіп, дастарқан жайылып, буы бұрқырап, екі иығынан дем алған самауырынның ыстық шайы келді. Тамақ желінді. Елдің ешқайсысының менімен шаруасы болған жоқ. Апамның сол күйі алдында тапжылмай отырғаныммен не ішіп, не қойғаным есімде жоқ. Есіл-дертім мамамда еді. Шашымнан иіскеп, бетімнен бір сүйген анам аздан соң қайтып кетті.
Мені өзімен бірге ілестіріп ала кетпек түгілі, әлемде жоқ иісі мен ақ сүті аңқыған ыстық омырауына басымды қойып, тым болмаса дұрыстап мауқымды да баса алмадым.
Кейін, ауыл арасына тұрмысқа шыққан менің қырық жасыма дейін жап-жақын жерде көрші тұрып, жанымда жүрген анамның кеудесіне жүзімді төсеп, көкірегін талай иіскеген шығармын. Талай сырласқан шығармын. Талай мұңдасқан шығармын. Алайда, сонау бір кездегі, анық сөйлей де алмайтын, жөндеп ойын да жеткізе алмайтын, құлдыраңдауды ғана білетін былдыр-былдыр балбөбек кезімдегі сол бір анама, аяулы анама деген сол сағынышты сезімнің орнын ешбірі, ешқайсысы баса алмады.
Қазір ойлап отырсам, анам бізді өз өнегесін санамызға сіңіру арқылы жасаған ісінің тиянақты нәтижесін көрсету арқылы тәрбиелепті.
Бала кезімде мені сыртымнан көргендер әкеме қатты ұқсататын. Есейе келе анама өзім ұқсауға тырыстым. Әлі күнге дейін, шешуі табылмай жайт кезіге қалса, «Менің орнымда анам болса, былай шешер еді!», деп тәуекел етем. Сосын сол тәуекелім кез келген түйткілден аман-есен алып шығады.

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.