«Ар-Ай»-дың таңы арайлы болсын!»

110

Болат БЕКЖАНОВ,
А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры,
(«ARAI» газетінің 2005-2010 жылдар аралығындағы Бас редакторы):

– Жастардың газеті болғандықтан, өскелең ұрпаққа өнеге болардай, олардың қоғамға, билікке, өмірге айтарын кең ауқымда жеткізе алардай болуы үшін, алдымен Арды ту қылып ұстасын, ары да, жүрегі де, ойы да Айдай таза, биік болсын деген ниетпен газеттің атын «Ар-Ай» деп қос сөздің бірігуінен қоюды ұсынғаным есімде. Бұл ойым облыс әкімшілігінен қолдау тапты. Ал газеттің форматын басқа басылымдарға ұқсамайтын, «Д2» қалыпта таңдадық. Себебі кез келген бизнесте әлдебір жаңа нәрсеге жарнама жасау үшін ол көптің көзіне тез түсетіндей болуы керек. Егер сіз бірнеше кітапты үстел үстіне жинақтап қоятын болсаңыз, астыңғы жағына көлемі үлкендерін қойып, оның үстіне одан кішілерін жинақтап, бетіне ең шағынын қоясыз ғой. Сол сияқты барлық мекемелерде де газет тігінділерін жинақтап қойғандай алдымен астына жалпақтарын қойып, бәрінің үстінде шағыны тұрады. «Ар-Ай» газет болып шыққаннан кейін де барлық мекемелердің газет тігінділерінің үстінде, көзге бірден түсіп «Ар-Ай» тұрды. Сөйтіп менің бастапқыдағы ойымды газет ақтады.
Газет шығатын болып бекітілгеннен соң, айлық тек ғана маған жазылды. Ал басқа қызметкерлер 2-3 айдай жалақысыз еңбек етті. Нақты отыратын ғимаратымыз жоқ, газеттің материалдарын жоспарлау үшін облыстық әкімшіліктің оң жақ қанатындағы ағаш орындықтардың біріне бәріміз жиналып, ой-пікірімізді ортаға саламыз. Содан ақылдаса келе, газет беттерін жоспарлаймыз. Сөйтіп компьютерде теріп, бетті жасау үшін біздің үйдегі компьютерді пайдаландық. Бірақ газет бетінің әрлеуін шебер жасау үшін нағыз маман дизайнер қажет болды. Газеттің материалдары әуелде тамыз айында жоспарланып басталғанымен газет әлі басылып шыға қойған жоқ еді. Қатарымызға фототілші Алтынбек Қартабай келіп қосылды. Өз ісін жақсы білетін дизайнер іздегенімізде Алтынбек бізге Асыл Қартабаева есімді дизайнер қарындасын әкелді. Асыл расында да шебер дизайнер болып шықты, оның жұмысы бәрімізге де ұнады. Тіпті оның өз үйінде компьютері де бар екен. Содан «Ар-Айға» ғимарат, қажетті құралдар берілгенге дейін біз газетті сол Асылдың үйінде жасадық. Газетіміз әлі жас, көпке танылып, оқырман ойынан әлі де өз орнын алып үлгермеді демедік, Шерхан Мұртазадай қарымды қаламгер, атпал азаматтан сұхбат алып, алғашқы нөмірлерінің біріне жарияладық. Біз бұл басылымда тек өз өңіріміздің, аудандардың, ауылдардың мәселелерін қозғаумен шектелмедік. Жалпы, елімізге ортақ тақырыптарды, тіпті шет елдердегі жаңалықтарды да жариялай отырып, жамбылдық жастарға ой салып, жеке пікірлеріне қозғау салуды көздедік.
Әрине жастардың шығармаларымен бірге белгілі ақын-жазушылардың айтулы дүниелерін де жариялауды ұмыт қалдырмадық. Ондағы мақсатымыз – әдебиет айдынына енді келе бастаған жастар алдыңғы буын өкілдерінің туындыларына қарап, үйренсін, үлгі алсын дегеніміз еді. Бұл жұмыстарымыз нәтижесіз де болмады. Оның бірден бір дәлелі – тырнақалды туындылары «Ар-Ай»-да жарияланып, сол арқылы оқырманға танылған бірқатар шығармашыл жастар бүгінде көпке белгілі өнерпаздар болды. Өзім журналистік қызметке қабылдап, бар білгенімді іс жүзінде газетті бірлесе шығара жүріп үйреткен шәкірттерім Гүлнұр Ембердиева мен Дәулет Төленді осы басылымды басқарды. Менің мақтанышым осы десем болады.
Бүгін «Ар-Ай» газеті «ARAI» деген атаумен айдарланып, «Aulieata-Media» холдингіне бірігіп, өңірімізде өз үні бар басылым ретінде 15 жылдық белесіне жетіп отыр. Шәкірттерімді, әріптестерімді осынау қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын. «ARAI»-дың таңы арайланып, асар таулары биік болсын!