Әріптесіміздің төртінші туындысы

63

Жақында Тараз қаласындағы «Формат-Принт» баспасынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облысқа белгілі журналист, жазушы, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің белді қызметкері Дүйсенбек Ормановтың «Ана бақыты» атты кітабы жарық көрді. Қарымды қаламгер «Өмірі өнегемен өрілген» және «Танып-білгендер сыр айтады» атты екі бөлімнен тұратын бұл кітабында әйел-ана, әйел-еңбеккер, алтын алқалы ана Әселкүл Дайырханованың өнегелі өмір жолынан сыр шертеді. Басты кейіпкердің дүниеге келуін, балалық, жастық шағын, білімді азамат Берікқожамен шаңырақ көтеруін, отбасылық өмірін, бастан өткерген оқиғаларын көркем тілде суреттейді. Оның өмірін кеңінен баяндап қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі етеді. Арда азаматтардың Әселкүл апай туралы айтқан ой-пікірлерімен, оның өзінің отбасы, бала тәрбиесі, қазіргі қоғам, ұлттық құндылықтар, әке мен ананың рөлі, әйел бақыты жайлы айтқан ойларымен, өмірге деген көзқарасымен бөліседі.

Расында, «Еңбек – бәрін жеңбек». Дәл осы сөз Әселкүл апайға қарата айтылған. Екеуі егіз ұғым десек те болады. Шағын ауылда дүниеге келген апамыздың өмірі еңбекпен өрілген. Өзі шаруа адамы. Бәріне еңбек арқылы қол жеткізген. Бақытқа жету, бақытты болу жолында талай қиыншылық көрген, соның бәрін еңсерген. Осы өмірде әйел-ана бақытын тапқан жан. Ол кісінің тұла бойынан қазақ әйеліне тән мінезділікті, өжеттілікті, даналықты көруге болады. Іскерлік те өзіне тән қасиет. Бар бақытым балаларым дейтін апамыздың жүрегі кең, ниеті ақ, пейілі таза. Ортасына сыйлы да қадірлі.
Кітапты оқығанда басты кейіпкермен бірге өмір сүргендей әсерде болдым. Біраз ой түйдім. Адамзат баласының бақытты немесе бақытсыз болуы тек қана өзіне байланысты екенін түсіндім. Кез келген жетістіктің негізінде еңбек жататынын аңғардым. Өмір қиыншылықсыз болмайтынын ұғындым. Әйел адам үйде де, қоғамда да белсенді, пайдалы бола алатынын білдім. Осының бәрін оқырманға қарапайым тілде жеткізген автордың жазу шеберлігіне сүйсіндім.
Бұл Дүйсенбек ағаның бірін­ші кітабы емес. Бұған дейін «Жеңіс­ке үлес қосқандар», «Ақ­қан жұлдыз», «Дала дауысы» ат­ты кітап­та­ры оқырманға жол тартқан.
Құрметті де қымбатты әріп­те­сі­мізге шығармашылық табыс тілейміз. Шабытыңыз шалқар, денсаулығыңыз мықты, отбасыңыз аман болсын. Жаза­рыңыз таусылмасын, ардақты аға!

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла».