Авторлық құқық: Жаңа заң жарылқай ма?
Авторлық құқық: Жаңа заң жарылқай ма?
Елімізде ақын-жазушыларға берілетін қаламақы тәуелсіздік жылдарынан бері түйткілді мәселеге айналған-ды. Ұзақ уақытқа созылған күрмеулі тақырыптың түйіні – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бекітілген «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» арқылы тарқағандай болды. Алайда 2017 жылдан бастап іске асқан бұл бағдарлама автордың құқын 70 жылға шектейтін болғандықтан, қоғамда түрлі наразы пікірлер туындады. Осы себептен жуырда Мәдениет туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, авторлық құқықты сатып алу мерзімі 70 жылдан 5 жылға қысқарды.
Мемлекет әдебиетті мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алады. Ал бұл автордың кітапты қайта шығаруына немесе кітап дүкендеріне сатуына, яки басқа да жолдармен сатуға құқын шектейтін-ді. Жаңа заңда бұл шектеулер өзгеріске ұшырап, енді автордан әдебиетті белгілі бір мерзімге ғана сатып алады.
Парламент отырысында аталған заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың айтуынша, 2017 жылы енгізілген авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі іс жүзінде біраз қайшылыққа соқтырған.
«Автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқық беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн.
Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады», деді ведомство басшысы.
Жаңа заң несімен қуантады?
Жаңа заң бойынша енді автордың құқы шектелмейді. Бастысы, автор баспамен келісімге келуі керек. Демек, баспа белгілі бір уақытқа автордан кітабын сатып алып, шығару құқына ие болады. Ол мерзім біткен соң автордың қайта шығаруға құқы бар. Бұл ең алдымен бекітілген мерзімге байланысты. Бұрынғы заң автордың құқын 70 жылға дейін шектейтін еді. Даудың басы, міне, осы жетпіс жылдан шығып отыр. Қаламақысы көбейгенімен, 70 жыл бойы өз кітабының құқығына ие бола алмаса, одан авторға пайда бар ма? Қаламгерлерді осы мәселе толғандырған еді.
Тіл саясаты комитетінің басшысы Әділбек Қаба «Мәдениет туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілгенін тілге тиек етіп: «Атап айтсақ, сатып алынатын әдебиеттердің авторлық құқығын министрлікке беру мерзімін қысқарту, баспа ісін қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бөлігінде толықтырулар енгізіліп, заң 2020 жылдың 16 қарашасында күшіне енді. Осыған байланысты, қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бағытында 2021 жылдан бастап басылымға өтінімдерді қабылдау министрліктің құрылымдық мекемесі болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар туындыны пайдаланудың айрықша мүліктік құқықтары белгілі бір мерзімге беру деп өзгертілді, яғни 3 немесе 5 жылға авторлық құқығы сатып алынатын болады», деді. Яғни, нақты мерзім 3 жыл ма, әлде 5 жыл ма – әлі анықталған жоқ. Министрліктің айтуынша, алдағы уақытта тағы да өзгерістер енгізілмек.
Сондай-ақ бұдан былай «қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді» іріктеу құқығы Кітап палатасына берілген. Ендігі жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін еңбектер тізімін Кітап палатасы іріктеп, қорытындысын Сараптамалық комиссияның қарауына ұсынады. Әдебиет саласындағы үдерістерді үздіксіз бақылап отырған мекемеге аталған функцияның жүктелуі орынды іс болғанын айтқан Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Қаламгерлердің бір тобы бұл бағдарламаны өздерінің күнкөрісі үшін тиімділігін айтса, екінші бір бөлігі тұтас әдебиеттің қадірі қашқанын айтып, безек қағады. Қалай десек те, жазушының, не ақынның жүрегін жарып шыққан, төзімін сарқып, денсаулығын сарп етіп жазған дүниесінің авторлық меншігін белгілі бір мөлшердегі сыйақы беру арқылы ұзақ жылға иемдену мәселесі оңынан шешілу керек секілді», дейді.
Айта кетейік, қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың бір-ақ талабы бар: ұсынылған шығарма бұрын басылып шықпаған болуы керек. Сондай-ақ әр жылдың 1 ақпан мен 1 мамыр айлары аралығында тоғыз жанр негізінде, атап айтсақ: энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет; балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет; мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық әдебиет (ноталық шығармаларда ноталар шығарманың жалпы көлемінің 50%-ын құрайды); көркем әдебиет; танымдық әдебиет; қоғамдық-саяси әдебиет; ғылыми-көпшілік әдебиет; аударма әдебиет; мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдебиет түрлері бойынша жүргізіледі. Іріктеуге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері шығарманың құндылығы, маңыздылығы мен сатып алу қажеттігін қарастыратын министрлік жанынан құрылған Сараптама комиссиясы мүшелеріне оқуға беріледі. Комиссия мүшелері белгіленген критерийлерге сәйкес сараптама жасай отырып, қорытынды береді. Қорытындылар Үкімет жанынан құрылған Ведомствоаралық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде сатып алынатын кітаптар тізімі анықталады. Аталған іріктеулерден мүдірмей өткен шығармалар 2 жылдан кейін мемлекет қаражаты есебінен басып шығарылып, республика, облыстық кітапханаларға қайтарымсыз тегін таратылады.
Автор шығармаларын сатып алған алғашқы 2017 жылы іріктеуге 90 өтінім келіп түсіп, оның – 52-сі, 2018 жылы 121 өтінімнің – 67-сі, 2019 жылы 108 өтінімнің – 62-сі және биыл 61 – барлығы 242 кітап сатып алыныпты. Бұл шығармалар тізімі әр жыл сайын министрліктің сайтында жарияланып отырады. Сондай-ақ биылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптың таралымы – 3 мың дана. Баспа мен автор арасында келісімшарт алдын ала жасалады. Министрліктің айтуынша, биыл 313 кітап жарық көріпті. Атаулы күндер көп болғандықтан, мерейтойлық жинақтар да көп шыққан. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын 33 баспа өтінім берген екен.
Қаламақы қалай есептеледі?
Аталған бағдарламамен кітабын шығарған авторлар проза мен поэзияның бірдей есептелмейтінін айтып шағымданатын-ды. Қаламақының есептелу жүйесін білмекке жауапты органға сұрау салып көрдік. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Әлия Бекбатырованың айтуынша, Проза жанры бойынша бір баспа табақ 40 000 белгі (сөздер арасындағы бір бос орын да есептеледі), ал поэзия бойынша 700 жол болып саналады. Әр баспа табаққа 6 ең төменгі жалақы мөлшері (1 ЕТЖ – 42 500) төленеді. Яғни, бір баспа табаққа 255 000 теңге қаламақы қойылған.
«Біз 2017-2018 жылдардағы сатып алынған кітаптарды шығардық. Ал 2019-2020 жылдағылар енді басып шығарылады. Биыл 61 кітапты сатып алдық, ол енді 2022 жылы жарияланады. Осы жылдан бастап кітаптар комиссия өкілдеріне авторлары белгісіз күйде жіберілді. Өйткені танымал және бейтаныс авторлардың құқы тең болуы керек деп шештік. Ал Сараптамалық комиссияның құрамын ашық айта алмаймыз. Оларға әр тараптан қысым жасалуы мүмкін», деді Әлия Мұхтарқызы.
Авторларға қаламақы төлей алмайтын тек баспалар ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз газеттер мен журналдар да көп екеніне бүгінде көзіміз жетті. Өйткені көптеген басылымның қаламақы төлеуде қалыптасқан тәртібі мен табан тірейтін құжаты жоқ. Мәселен, «Нарықтық экономикаға өткенге дейін баспалар мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілді. Ал қазіргі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттелуі керек», дейді заңгерлер. Қоғамда қаламақының төленбейтініне еті үйреніп, тіпті сұраусыз қалып бара жатқаны, бәлки авторларда қаржылық сауаттың һәм менеджерлік талаптың жоқтығынан болар немесе қаламақысыз бір жол мақала бергізбейтін Қазақстан Республикасының Қаламақы туралы заңын жеке, өз алдына бөлек қабылдау керек шығар.
Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы бұл бағдарлама автордың жекеменшігіне қол сұғу екенін айтады. «Мемлекеттік сатып алу дегенді өз басым ешқандай өркениетті елдердің тәжірибесінен көрген жоқпын. Капитализм деген – ең қасиетті сөз. Адамның жекеменшігін тартып алуға болмайды. Сондықтан авторлық құқықты 70 жылға, мейлі 5 жылға, тіпті 3 жылға да сатып алуды қолдамаймын. Қаламақысы күнкөрісінен артылмайтын қазақ ақын-жазушыларының құқына тиіспеу керек. Сонымен қатар бұл заңды қайта қарап, авторлық құқықтың мерзімін мүлдем алып тастау қажет», дейді ақын.
Баспаға бұйырмаған қаржы
Парламент отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке» қатысты маңызды бірқатар мәселені атап, оның ішінде «Баспа ісі» бойынша бөлінген қаржының да жұпыны екенін жеткізді. Оның сөзінше, бюджеттің «Баспа ісі» бағдарламасы бойынша 2021 жылға 1 487 830 мың теңгеге өтінім берілген қаржының орнына 587 751 мың теңге, яғни 2,5 есе аз беріліп отыр. Мемлекеттік сатып алумен айналысатын жауапты комитеттің айтуынша, алдағы уақытта реттелмесе, бұл бюджетпен бір жылдық шығынды жабу мүмкін емес. Оның үстіне тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығарылатын мерекелік кітаптар өз алдына.
Ал «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев осыдан екі жыл бұрын қаламгерге баспа табағына 150 мыңға дейін қаламақы төлене бастағанын айта келе: «10 баспа табақ кітап шықса, автор 1,5 млн теңге қаламақы алады. Бұл – ақын-жазушы үшін үлкен көрсеткіш. Бұған бәріміз қатты қуанған едік. Бірақ олар шарттарын күрделендіріп жіберіпті. Мәселен, 150 мың теңге төлейтін тәртіп бойынша ақынның кітабы шығатын болса, оның 70 жылға дейін авторлық құқығын шектеп жібереді», дейді. Ал бұл «ақын-жазушының құқығын шектеумен бірдей. Ал мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң бойынша 70 жыл деген шартты қысқартыпты. Мәселен, 5 жыл деп алсақ, сол бес жыл бойы кітапты қайта шығаруға болмайды. Тіпті шықпай қалуы да мүмкін. Сондықтан баспалар авторлармен келісім жасап, шығарып отырған кітаптарымызға бөлінген қаржының 10 пайызын беріп отырмыз», деді. Демек, кітапқа 4 млн теңге жұмсалса, автор 400 мың теңге қаламақы алады деген сөз.
Сонымен...
Ақиқатында, қазіргі қазақ қоғамы – кітап оқымайтын қоғам. Көңіліңізге тисе, «аз оқитын қоғам» дейік. Бұл жүрек сыздатар «дәстүрге» бүгінде етіміз үйренді. Қазақ авторларының отандық кітап саудасындағы рөлі тағы анық. Қазақша кітаптардың маркетингі төмен болғандықтан, еліміздің үлкен кітап дүкендерінде әлі күнге дейін өткен ғасыр жауһарлары сатылып тұр. Және оны жапа-тармағай алып жатқан ешкім жоқ. Жұрттың кітап оқымайтыны тағы бар һәм жақсы шығармалардың көптеп жазылмай жүргенін де жасыра алмаймыз. Алайда жазушылықтың ұлтымызға әсіре жақын өнер екенін ескере отырып, шынталанты бар, кемталанты бар – бүгінде кітап шығарушылардың көптігін де мойындаймыз. Демек, көп жазушының аздаған оқырманы бар.
Рухани тоқырауға ұшыраған осындай қоғамда авторлық құқықты аз жылға қысқартып, кітабына тәуір қаламақы беріп жатқан мемлекеттік бағдарламаның игілігі мол көрінеді. Баспа ісіндегі менеджерлік дамымай отырғандықтан, кітап шығаруға мемлекеттік қолдау тіпті қажет. Яғни, бұл бізде жоқ кітап бизнесін қолдан оталдыру сияқты.
Ал талғамның жайы бір бөлек. Осы бір кірпияз һәм әділ көзқарастың аздығынан болар, баспалардан белгілі-белгісіз авторлардың кітаптары басылып шығуда. Әрине оның барлығы көркемдік талаптарға сай емес. Бірақ әйтеуір, өз қаражатына, болмаса мемлекеттік бағдарламамен жарияланған.
Мемлекетке құқығын «сатқан» авторлар жыл сайын бір кітап шығарып, өнімді еңбек етіп жатқанын көзіміз шалып қалды. Жылда қаламақыға ілініп, бұрқыратып жазып жүрген ол авторларды Сараптамалық комиссия өкілдері де тоқтата алмай отыр екен. Бұл да әдеби шығармаға деген талғамның жоқтығынан. Сондықтан ақын-жазушылардың құқығын сатып алып, кітаптарының жарияланып һәм әдебиет жасауына мүмкіндік беріп отырған Баспа ісі басқармасы, Сараптамалық комиссия мүшелері «ардың ісіне» аса бір жауапкершілікпен қарайды деген үміттеміз.