Берешегім бар әлі келешекке…

82

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында Түркістандық ақын Салтанат Мадиярқызымен «Берешегім бар әлі келешекке» атты кездесу кеші өтті. Шараны Жазушылар одағының мүшесі, журналист Нұржан Қадірәлі жүргізді. Кеште ақынның өмір жолы мен өлеңдерінен ролик көрсетілді.
Салтанат — тағдырдың сынынан қайыспай, қаламын өмірлік серікке айналдырған ақын ғана емес, проза әлеміне қалам сермеп, дербес аудит, қолөнермен шұғылданатын талантты жан.
«Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты, 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері, жазушы Аягүл Мантай Салтанаттың шығармашылығына үлкен баға беріп: «Өмірді сүюді Салтанаттан үйрену керек! Тағдырлы ақын ғана тағдырлы өлең жазады. Поэзиямен «ойнамайды». Салтанат — Ақын!!!» дейді.
Кеште ақын қыз оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды.
«Ес білген кезден әр күнім, сағатым, кейде тіпті минуттарым да есептеулі. Бәрі жоспар бойынша болады және ол үшін өзіме есеп берем, Тараз мені жылы қарсы алды, жүрегімде қалатына сенем» деп, оқырмандарына алғысын жеткізді. Кешке ақынның өмірдегі әпкелері мен құрбылары келді. «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің журналисі Құралай Сейсенбекқызы жылы тілегін жеткізіп, ақын Арайлы Жақсылық кештің көркін арттырып өлеңдер оқыды.
Кеш соңында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы Салтанатқа естелік сыйлық сыйлап, шығармашылық табыс тіледі.