Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде халықаралық симпозиум-пленэрі көрмесі ашылды
Көрмеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей қылқалам шеберлерінің 80-нен астам туындылары ұсынылды
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Тұран таулары» халықаралық симпозиум-пленэрі көрмесі ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Халықаралық симпозиум-пленэрі жұмысы 2024 жылы басталды. Жоба үш кезеңнен тұрды. Үш түрлі географиялық алаңда өткізіліп, бірнеше айға созылды. Бірінші кезеңде суретшілер Ыстықкөлдің тыныш, сұлу табиғатымен шабыттанып, қырғыз жерінің көркем пейзаждарын бейнеледі. Екінші кезеңі Қазақстанның Тянь-Шань тауында орналасқан Кеген ауданына қарасты Меркі жайлауында өтті. Қорытынды кезең Өзбекстанның мәдени және сәулет мұралары саналатын Орта Азияның тарихи қалалары – Самарқанд, Бұхара және Ташкентте өтті. Бұл үш қала да орталық Азияның рухани тірегіне айналған, ғасырлар бойы өнер мен мәдениеттің ошағы болған мекендер.
Симпозиум-пленэр Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың өнердегі дәстүрлерін жаңғыртып, олардың шығармашылығынан алған әсер мен рухани мұраға құрметпен қоса, қылқалам шеберлеріне шабыт сыйлап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Экспозиция қаңтар айының 23-не дейін жалғасады.