«Даналық бейсенбісінде» асылдың сынығы – Жұлдыз Мақатаев

48

«Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіңе қайтарамын», – деп жырлаған Мұқағали ақынның туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мерейтой айлығы жарияланды. Айлық аясында мектеп жобасы «Даналық бейсенбіде» ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевпен тағылымды онлайн сұхбат өтті.
Өмірден өтсе де, бар қазақтың жүрегінде берік орныққан ақын бейнесін ұлының әсерлі естеліктері тағы аша түскендей. «Әкеңіз қандай адам еді?» деген жүргізуші сұрағына:
– Әкем өте балажан, жаны нәзік, ақкөңіл, қолы ашық, мінезі жайлы азамат еді. Талантты да талапты, парасатты да пайымды, зерделі де зейінді, ақ та адал адам болатын. Жанары жанып тұратын. Ылғи да кеудесін тік ұстап жүретін. Балаларынан әкелік мейірімін аяған жоқ. Адамзатқа қиянат жасамайтын. Біреуге жақсылық жасағанды жаны сүйетін, – деп ағынан жарылды Жұлдыз Мұқағалиұлы.
Жоба қонағы сонымен бірге ақынның сүйген жары, яғни анасы Лашын туралы да естеліктерімен бөлісе кетті. Әкесінің үлгі-өнегесі, қонақжайлық қасиеті туралы сөз қыла отырып, жүрегіне ең жақын шығармасын тілге тиек етті. Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қор жұмысының бүгінгі тынысы туралы кеңінен әңгімеледі.
Көгілдір экранның ар жағында құлақ түре отырған жас зияткерлерге: «Оқыңдар, талаптаныңдар, білімге құштар болыңдар. Ата-аналарыңды құрметтеп өсіңдер!» деген өсиетін жеткізді жақсының көзі Жұлдыз аға.