Мәдениет

«Димаш атымды әлемге паш етіп қойған». Төреғали Төрәлі ақын Мұнайдар Балмолданы неге елемей жүр

Балмолда Төреғали Төрәлі «Қазақтың жылқылары» атты әнімді қорлап жүр дейді

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, оралдық ақын Мұнайдар Балмолда мен әнші Төреғали Төреәлінің арасындағы дау қоғамда қызу талқыланып жатыр. Дауға ақынның «Қазақтың жылқылары» деген әні себеп болып отыр. jambylinfo.kz тілшісі Мұнайдар Баймолдаға хабарласып, пікір алды.

 – Мұнайдар аға, «Қазақтың жылқылары» деген әніңіз қай жылы жарық көрді және оның алғашқы орындаушысы кім еді?

 – «Қазақтың жылқылары» деген ән 2019 жылы жарыққа шықты. Әуелі сөзі жазылды. Содан кейін өлеңге жерлесім, оралдық композитор Алтынбек Қаресов ән жазды. Алғашқы орындаушысы да өзі. Кейін Райымбек есімді әнші жігіт орындап жүрді. Биыл бұл әнге клип түсіріпті. Жалпы, бұл әннің тақырыбы өте ауқымды. Тек қазақтың жылқылары туралы емес, онда қазақтың зиялы тұлғалалары Әлихан,  Жаханша, Халел, Міржақыптардың тағдыры жатыр. Тіпті, бұл әнде қазақтың тағдыры баяндалған.

 – Ал бұл ән Төреғали Төрәлінің қолына қалайша түскен?

 – Бұл әнге ол әншінің көзі биыл түскен. Сөйтіп, әннің сазгері Алтынбек Қаресовке хабарласып, әнді айтатынын ескерткен екен. Бірақ Алтынбек бұл шығарманың идея авторы әрі сөзін жазған менің алдымнан өтуін сұраған. Бірақ, Төреғали Төрәлі маған хабарласқан жоқ.  Хабарласқаны былай тұрсын,  шығарманы ұрлап алып, сөзін жоқ қылып, оның орнына Қайнар Алакөзовке сөз жазғызып алған. Бір күні мұны Tik-tok-тан бір байқап қалып, ескерту жасадым. Бірақ құлақ аспады. Осылайша, ол Tik-tok, ютубқа шығарып, менің туындымды миллиондаған адамның назарына ұсынды. Бұл әруақты қорлау, авторды мазақтау деп деп санаймын.

 – Ескертуге құлақ аспады деп отырсыз. Енді сотқа бересіз бе?

 – Иә, адамның тілімен сөйлесе алмайтын адаммен соттың тілінде сөйлесу керек екен. Сөздің шыны керек, өткенде Төреғалидің қасындағы жігіттермен сөйлесіп, тағы бір мүмкіндік бергім келді. «Алдыма келсін, рұқсатымды алсын, кешірейін» деп ойладым. Бірақ біздің «жұлдыз» оған көнбеді. Ал маған ар-ожданым қымбат. Тіпті маған атақ та керек емес. Менің атымды Димаш Құдайбергенов «Махаббат бер маған» әнімді орындап, айдай әлемге танытты. Бұл ән жер шарын шарлап жүр. Қазір барлық айғақ материалдарын жинап, сотқа тас-түйін дайындалып отырмын. Бұл бала әлі соттан тоймай жүр екен. Алайда бұл дүниенің сотынан құтылсада, о дүниенің сотынан қашып құтыла алмайтынын білсін...Өкініш өзекті өртейді... «Қазақтың жылқылары» әнінің идея авторы мен, сөзін де мен жаздым. Былайша айтқанда, сүйекке ет жамадым... Ал Төреғали келіп, 5 жыл айтылып келе жатқан әнді бір күнде иемденіп, халыққа ұсына салды.