Мәдениет

«Халық той әндерінен шаршады»: Мейрамбек Беспаевтың алғашқы ұстазы неге қапалы

Әнші еліміздің жастары арасындағы идеологияның дұрыс жолға қойылмағанына қапалы

«Тараз» триосының 50 жылдық тарихы бар. Өнер ұжымы жарты ғасырлық мерейтойын кең көлемде тойлап жатыр. jambylinfo.kz тілшісі Тараз төрінде өткен «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форумында Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, «Тараз» триосының директоры Асылхан Шүңірековті әңгімеге тартып, аз-кем сұхбат құрды.

– «Тараз» триосының  50 жылдық мерейтой құтты болсын! Өткен жылдың аяғында «Тараз» триосы елге есеп беру кешін өткізді. Енді ән сапармен ел-жерді аралау ойда бар ма?

–Рахмет! Иә, желтоқсан айында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Тараз» триосының 50 жылдық мерейтойына орай шығармашылық концертіміз өтті. Концертке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, құттықтады. Осы кеште облыс әкімі мен Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев «Алатаудан басталған әуен» атты кітаптың және дисктің тұсауын кескен болатын. Көктемде елді аралап, жеке ән кешімізді өткіземіз деген жоспарымыз бар еді. Алайда, тобымыздың бір әншісі науқастанып, гастрольдік сапарымызды бастай алмай отырмыз.

–Топта нақты кімнің ауырып жатқанын айтқыңыз келмей ме?

–Жоқ. Есімін ашып, айтпай-ақ қояйын. «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деп халқымыз айтпақшы, бәрі жақсы болады деп сенеміз. Бастысы қорқатын ештеңесі жоқ.

– «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форумында бас қосып тұрмыз ғой. Жалпы, бұл форумда сізге сөз берілсе, не жайында айтар едіңіз?

– Рас, форумға арнайы шақырылған соң, сөз сөйлейміз деп ойладық. Бірақ, спикерлер аз болды. Бірақ, мен айтатын дүние көп. Әсіресе, жастардың көп мәселесі алаңдатады. Соның ішінде жастар идеологиясы дұрыс жолға қойылмағанына қапалымын. Біз науқандық дүниеге құмармыз. Мысалы, рәміздер күні туралы бір күн айтамыз, жырлаймыз. Ал күнделікті өмірде осы рәміздерге құрмет көрсетіп жүрміз бе? Тіпті, көп жастар мемлекеттік Гимннің, Тудың, Елтаңбаның авторын біле бермейді. Тілдің мәселесі өз алдына бір бөлек әңгіме. Жастарға өкпе жоқ. Бірақ сол жастарды ұлттық идеологияға жұмылдыра алмай отырған билік кінәлі.

–Асылхан мырза, өнер адамдары да сіз айтып отырған идеологияға үлес қосып жатқан жоқ па? Қазіргі әншілер орындап жүрген әннің көбі ессіз әндер екені жасырын емес қой...

–Келісемін. Халық тойдың әндерінен әбден шаршады. Тіпті, өзіміз де шаршадық. Міне, жаңа ғана мына форумда шырқалған патриоттық әндер қандай тамаша... Тыңдаған құлақтың құрышы қанады. Яғни, ұлттық идеология есті әндерін басталады. Өзім қызмет атқаратын  Жамбыл облыстық филармониясында күміс көмей, жезтаңдай әншілер жұмыс істейді. Бірақ олар тойдың жеңіл-желпі әндерін орындауға мәжбүр. Себебі, құнды дүние құнсызданған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қалай десек те, мемлекет ұлттық идеологияны дұрыс жолға қоймай, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

–Ал қазір өзіңіз зейнеттесіз. Шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба?

 –Иә, зейнетке шықтым. Шүкір деймін. Бірақ үйде құр қарап жата алмайды екенмін. Әлі Жамбыл облыстық филармониясының әншісі болып жұмыс істеп жүрмін. Мен күллі Қазақстанның сүйікті әнші ұлы Мейрамбек Беспаевтың ең алғашқы ұстазымын. Шәкірт боламын деген кез келген өнерпазға ұстаз болуға дайынмын.

–Сұхбатыңызға көп рақмет!