«Ирина Кайратовна» құбылысқа айнала ала ма?

58

Қай заманда болмасын адамзат тарихында ән өнерінің қоғамдық-идеялық, мәдени-эстетикалық маңызы айрықша болған. Адамның жан-дүниесі мен көңіл-күйін бейнелеуде сөйлеу тілі мен ырғағы сәт сайын өзгеріп, жаңарып, толқи дамыған, толастамаған. Жуырда қалың тыңдарманға жол тартқан «Ирина Кайратовна» рэп-группасының «5000» атты жаңа клипі бүгінгі қоғам шындығын бейнелеудегі мол мүмкіндігімен бірден еленді, есте қалды.

Клип атауы айтып тұрғандай «5 мыңда» көп дүниенің шешуі жатыр: көрімдік, туған күн, жол-полға ауызбастырық сынды елеу­сіз майда-шүйдеден басталған немқұрайдылық «Сен тиіспей­тін зат бар, Ешкім түш.. ешкімге айт­­па» деп ести тұра керең, көре тұра қасақана соқырлық таны­татындарға астыртын үндеу тас­тайды. Туындыда Қазақстан тарихы мен саясатына, Қазақ хандығы дәуірінен бастап, Сталин мен Алаш Орданың қуғын-сүр­гіні, жемқор шенеуніктер, қала құтын қашырған LRT-ның аяқ­талмаған құрылыстары, карантин кезіндегі қысылтаяң шақтарда атылған мерекелік отшашу көрі­ніс тапқан. Ұзағанда бүгін бар, ер­тең жоқ ұсақ-түйек бала-шағаның біреуі болар деп мән бермеуге ты­рысқанбыз, бірақ аз ғана уақытта 7 миллион рет қаралған клип таң­даныс туғызған. Тіпті Болат Ата­баев сынды өнер қайраткері де қызығушылық танытып жатты. Сонымен бүгінгі жастар арасында әйгілі болған топтың өнер жолындағы дамуын, жүріс-тұрысын аз-кем шолып шығуды жөн санадық.

Топ әу баста «Ирина Кайра­товна» атауымен 2017 жылдан бастап youtube арнасында юмор, треш жанрында шағын шоулар түсіріп жүріп кең танылған. Әйел есімімен аталған группа атауы әзіл ретінде қойылған, есесіне команда Алдияр Жапарханов, Илья Гуменный, Жасұлан Оңғаров, Азамат Маркленов есімді төрт бірдей жігіттен құралған. Жоба режисссері – Қуаныш Бейсеков. Әрі музыкант әрі юморист жігіттер бүгінде әлеуметтік желілер арқы­лы жұмыстарын кең насихаттай отырып, жетекші мерекелік жиындарды да басқарып келеді.

Бастапқыда КВН командасында ойнап жүрген жігіттер Қа­зақстан құрамасы атынан Сочи­ге өнер көрсетуге аттанады, арасында әзіл-қалжың ретінде қыс­қа видеоларды түсіре бастайды. «Барлығымыз ЕҰУ қабырғасында оқып жүргенде таныстық. Курс­тың соңғы жылдарында жатақхана бермейтін сияқты жағдайлар болады ғой. Сондай кезде пәтер жал­дап бірге тұрып, етене араласып кеттік. Шоуларды енді түсіре бас­тағанда ақысыз жұмыс істедік. Ол кезде астанада екі бөлмелі пә­терде тұрамыз. Үйде 15-20 адам жүреді. Есік сынып қалған, ашық-шашық жататын. Ешқашан мил­лиондап ақша тапсақ деп ой­лаған жоқпыз, өзіміз жақсы көре­тін дүниемен айналыстық. Егер ортамызда біреу қандай да бір идея айтатын болса, қал­ға­нымыз сөзсіз орындаймыз», дей­ді Алдияр Жапарханов. Олар өздері түсірген әзілдерді қо­ғам­дық көліктерде көрсетуді ой­лас­тырғанмен, уақыт шектеулі бол­ған­дықтан мүмкін болмайды. Оқу­ды жаңа бітірген қалтасы жұқа жігіттер жобаны ерікті түр­де іске асырып, достары мен та­ныс­тарының көмегіне жүгінген. «Же­тінші шығарылымнан бастап Қуа­ныш барлығын өзі істеді. Өзі режиссер, өзі оператор, өзі продюссер. Бізде бары бір камера, бір петличка, бір монопод қана. Түсірілім жұмыстары үшін қонақ үйлерден рұқсат алу өте қиын еді, ал қазір жарыса шақырады. Үзіл­ді-кесілді бас тартқан кездерде оларды көндіруге көп уақыт кететін», дейді баспасөзге берген бір сұхбатында. Иә, қысқа уақыт аралығында олар түсірген әзіл-сықақ тез тарап, «Ирина Кай­ратовна» аудиториясы Қазақстан ғана емес орыс тілінде сөйлейтін өзге елдерді де қамтып, тез таныла бастайды.

Әзіл-сықаққа негізделген ­сю­­­­­­жеттерден соң, ізденісте жүр­ген жігіттер рэп стилінде ән жа­­­зу­­ды қолға алады. Өздері бұл бас­­­та­масының кәсіби дең­гей­­ге көтеріліп келе жатқа­ны­на ерек­­­ше қуанышты, ал тың­дар­ман­­дар топтың бұл бағыт­тағы жұ­мыс­тарын да оң ықылас­пен қабыл алды. «Кім білсін, білік­тілігімізді шыңдай отырып, кәсіби деңгейге дейін көтерілерміз. Арнамызда және әлеуметтік же­лілерде одан да көп әндер болады. Содан кейін «Барыс Арена» стадионын толтыруға тырысамыз», деген музыкантар келешекке батыл жос­пар құрады.

Қоғам мен адамның көзге ұрып тұрған кемшілігін сынау, мі­­нін көрсету, күлдіре отырып ойға жетелеу сатираның мін­­де­­­тіне кірсе керек. Сатира десек ойымызға бірден оралатын Толымбек Әбірайымұлы сати­раны – әдебиеттегі, өнер­дегі «оп­­­позиция жанры» деп атап­ты. Осы ретте «Ирина Кай­ра­­тов­на» ұсынған әзілдерді жылы қа­был­дағандармен қатар, мағы­­на­сыз, жеңіл дүниелердің қата­рына жатқызғандар да табылды. Десе де жігіттер түсірген шоу­да бүгінгі беталысқа қатыс­ты өзіндік үкім беру, ащы кеке­сін­мен сынау, кө­­ңіл­ділік пен күр­сініс сәтті беріл­­генін айтқан жөн. Біздің командада бір-бірі­мізге деген өте сенімді көз­қа­рас бар. Бұл сиқырлы, өте нә­зік нәрсе», де­ген музыкант­тар кә­сіби жағынан биік сапа­ға ұм­ты­латынын, тоқтап қалмай­ты­нын жеткізді. Қара­ма-қай­шы­лықтардың бірлігінен туын­даған ішкі үн жастардың басын бірік­тірген мәдени жоба ретінде орын алып отыр. Ал бұл жайында айтылуы қажет!

egemen.kz