Мәдениет

Карантинде композиторлар не жазды?

Карантинде композиторлар не жазды?

«Ән – көңілдің ажары» дейді ел аузы. Расында ұлт пен ұлысқа, нәсіл мен жынысқа, тіл мен руға да бөлінбей, рухты көтеретін үлкен құдіреттің бірі – музыка. Кешегі Моцарт пен Бетховенді, Құрманғазы мен Ықыласты ықылым заманнан бері адамзат пен ұлт тарихынан, өшпес өнегесі мен өміршең өркениетінен еш ажырата алмайсың. Кейін келе қазақтың қазыналы сөз құдіретіне әнмен қанат бітірген Шәмші Қалдаяқовтың орны да өзалдына бір төбе. Сол қазақ вальсінің корольі   шығармашылық ғұмырында табан тіреп,  «Мойынқұмда ауылым», «Дүнген қызы», «Фосфорлы Жамбыл» секілді атақты әндерін төрткүл дүниеге таратқан текті топырақ – Жамбыл жерінде де саз сарынының сабақтастығы жалғасты. Бұл күнде Әулиеата ән әлеміне небір күміс көмей мен жезтаңдайларды тарту етті. Ноқтасыз ноталарды нәзиралы нәркес әнге айналдырған жергілікті сазгерлер тәуелсіздікке дейін һәм кейінгі жылдары тамаша туындыларды дүниеге әкелді. Дейтұрғанмен соңғы уақытта тек өңірде ғана емес, жалпы ел сахнасындағы әндердің мағынасы марқұм болған сыңайлы. Тіпті құлаққа түрпідей тиетін бұл әнсымақтардың  мағынасыздығынан  қарт, даңғырлаған даңғаза үнінен сәби шошып оянатын хәлге жетті. Бір сөзбен айтқанда құндылықтарды құрдымға итермелеген аумалы төкпелі кезеңде қазақ әуені трагедиялық тоқырауға түсті. Бұл сазгерлердің сарқылғаны ма әлде тыңдарман талғамының таязданғаны ма?

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, дейді қазақтың бас ақыны һәм композитор Абай Құнанбайұлы. Бұл сөз бала күннен Абайды танитын әр қазақтың жүрек ұранына айналып кеткен. Қазақ әу бастан қара сөзді жіліктеп, майын шаққан, сөз қадірін білетін, сөзді қару еткен текті ұлыс. Ән мен жырға жаны жақын. Бүгінгі таңда халқының атын жалпақ әлемге жарқыратып жария етіп жүрген Димаш Құдайбергеновтың өзі сол бабалардың өнерге деген өлмес құрметінің нақты нышаны десек асып айтқандық болмас. Хош, «Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі» деп Ахмет Жұбанов айтқандай, ел ғұмырындағы әннің орнын айтып тауыса алмаспыз. Десек те, біз, соңғы кездегі әндердің қадірі қашқанына қарнымыздың ашқанын жеткізбекпіз. Адамның, ұлттың кім екенін танытатын, жер бетінде қаққан қазықтай мәңгілік ұстап тұратын құдірет нарық та, ақша да емес, өнер екені айдан анық. Бірақ, бүгінгі әндерден Абай хәкім айтпақшы көңілге түрлі ой салмақ түгілі, құлақ қуырылады. Бұл тек бізде ғана емес, жалпы әлемде көрініс алып келе жатқан жайт. Мәселен көрші Ресейдегі «Black Star Inc» деп аталатын  тәуелсіз дыбыс жазатын лейбл және продюсерлік орталық әншілерін тыңдағанда мылқау адамның зарын естігендей боласың. Себебі олар үшін сөзді жұтып, бұлыңғырлатып айту жаңа үрдіске айналған. Мейлі, өзгеде неміз бар, жыртық тесікке күліптінің хәлін кешпей-ақ қоялық. Себебі біздегі жастардың жіпсіз арбалып, толқынсыз тербеліп тыңдап жүрген әндері естіген есті кісіні есінен тандырып, шалқасынан түсірері жасырын емес. Ең үрейлісі, қалың нөпір халықтың оған да еті үйреніп келеді. Әрине, адамзатты алаңдатып, әлемді әбігерге салған карантин қазір тойдың тағдырын таразыға салып отыр. Сонымен қатар үлкен-кіші  шыбын жаны шаңға айналып кеткенше билейтін той әндерінің де шаруасы тынған сыңайлы. Есесіне сағындырған ескі әндер еріксіз еске оралуда. Бір күндік, саны көп, сапасы жоқ әндердің күн сайын көкке ұшып жатқан күліне көмескіленіп қалған жауһар туындылардың орны білініп-ақ қалды. Сүйдім, күйдім деген жеңіл әнсымақтардың барлығы жидым, түйдімнің хәлін кешті. О  бастан түбі солай болары белгілі еді-мыс. Ал енді жынқаққан бақсының зікірінен де сапасыз, тіпті иттің үрген үні мен қарғаның қарқылынан да түсініксіз бүгінгі қиқым хиттарды жиыстырып қойсақ, нақты уақытта жан тебірентіп, жүрек толғайтын, осындай қиын қыстау кезеңде ел рухын қайраттандыратын, жансарайына жаңғырып, көңілін жадырататын, болашаққа деген үміт сыйлайтын қандай туындылар жазылып жүр? Соның ішінде Кененнің Көкшолағы із салған осы Әулиеата топырағынан өсіп өнген композиторлар ше?

Ақселеу Сейдімбектер мені «Ілия, сен XIX ғасырдың екінші жартысына тән композиторсың деп атайтын. Ол кезең сол Ақан сері, Біржан салдардың уақыты ғой. Әрине қиын қыстау кезеңдер ел басында әр заманда да болды. Бірақ қазақ өнері, өлеңі, әні, мәдениеті тоқтап қалған жоқ. Соғыс кезінің өзінде майдан жырлары жазылып, әндері айтылып жатты. Сол секілді ел басына күн туғызған мынау карантин кезі де өнерге тосқауыл бола алмайды деп сенемін. Карантин кезінде қарап жатқам жоқ, Астанадан, Арқадан, Оралдан, Теміртаудан менің әндерімді орындаған әншілер онлайн концерттерін маған жіберіп жатты. Әлі де жіберуде. Күні кеше ғана «Еділ мен Жайық» атты әнімді Оралда белгілі алты әнші шарықтата шырқап, онлайн кеш берді. Мен негізі үнемі қазақтың сал серілерін зерттеп жүрмін. Осы ретте алдында «Ақан сері» деген ән жазған болатынмын. Енді осы карантин кезінде «Біржан сал» деген ән жаздым. Мырзатай Жолдасбеков Астанадан басып шығаруға он томдық шығармаларымды алды жақында. Жазған дүниелерімді туған жерім Сарысудағы мұрағатқа да жіберіп жатырмын. Мен өзім әннен бөлек сурет те саламын ғой. Осы екі айда қазақтың даңқын спорт әлемінде асқақтатқан, өкінішке орай қарақшылардың қолынан қыршын кеткен Денис Теннің бейнелі полотнасын салдым. Себебі ол еліміздің мақтанышы. Адам баласы ұлтына қарап дос болмайды ешқашан. Кең дүниеде бәрі тең болуы керек. Карантин ел мен елдің арасындағы байланысты үзіп қойды ғой. Әйтпегенде «Жайлаукөл кештерін» шертіп отырып елді, жерді еске алдым, қатты сағындым. Осындай қиын қыстау кезеңде елім, жұртым аман болса екен деп іштей тіледім. Өз ойымды, ниетімді, тілеулестігімді жамбылдық жергілікті телеарнадан да жерлестеріме жеткіздім. Артынша облыс басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы хабарласып, елге аманшылық тілеген тілегіме рахметін айтып, елге шақырды. Қатты разы болдым. Қашанда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел аман болса жазылар дүниелер әлі де көп.

Қалай десек те көңілді кісінеткен күрең күйде Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Аман Малдыбаев, самала сазда Алтынбек Қоразбаев, Мұрат Құсайынов, Әбиірбек Тінәлі, Төлеу Үшқоңыров, Орынбасар Әбжаппаров секілді әнімен Ақкөлге аққуларды оралтқан сазгерлерді елге сыйлаған Әулиеата жері әлі де өнерден, әуен киесінен кенде емес. Һәм біздікі сол жоғалтып алуға шақ қалып жүрген шалқар ырғақпен  «Музыканы рухымызға, көңіл күйімізге қатыстыруымыз керек» деп әлемнің екінші ұстазы  Әл-Фараби айтқандай, бүгінгі заманның үні шынайы қазақы әуенмен үндесіп шырқалса деген ниет. Себебі ертеңгі өсер ұрпақтың өмір бесігі сол әуенмен тербеледі!..

  Ілия Жақанов, композитор,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері