«Келші, айым…»

0 105

Ай ару сен айтшы,

Айдын көл сен айтшы… Мельс таң атқалы бері Кіші Алматы өзенінің жағасындағы үлкен қой тастың үстінде сарқырап аққан көктемгі тасқын суға қарап қадалып отыр. Бойын суық алса да көз алдынан бұлаңытып бір елес кетпей қойды. Ол ұшып барып, ботана суға түсіп жоқ болғанда барып орнынан тұрды да еңсесі түсіп, еті езілген қалпы жатақ жаққа қарай аяңдады. Жол бойында гүл сатып отырған әйелді көрді. Көрді де гүл алмақшы болып қалтасына қолын салды. Бұл кезде таныс әйел мұның күрең түсті хризантеманы ұстап тұрғанын көріп: «Сізге не болған, үнемі райхан гүлін алушы едіңіз ғой…?» деп, оған қауызын жарайын деп қалған гүлді  ұсына берді. Бұл ақыл-естен айырылған бейбақша аңырып тұрып-тұрып гүлді құшырлана иіскеді. Таңғы шық жабысқан гүл расында да керемет, хош иіске толы еді. Дәл сонда барып сазгердің іші әлем-жәлем болып, түрі өрт сөндірген жандай  түнеріп сала берді. Ол: «Мен мұны кімге алдым? Менің Айымзадам, Айым! Ол енді жоқ…жо…жоқ, ол жаңа ғана суға кеткен» деп, енді өзенге қарай жүгірді.

Жарқабаққа келген бетте екпінін баса алмай суға түсіп кете жаздады. Оны бұл қатерден күн құрғатпай осында ит жетектеп келіп, кетіп жүретін Филимон қарт қорғап қалды. Мельс жағаға жете бергенде ол оған таяқ тастам тұста тұрған. Суға құлап бара жатқан адамды көріп тұра ұмтылған. Сусыма жарқабаққа алдыңғы аяғы түсіп кетіп, жылтыр табан туфлиі шешіліп шұлықпен қалған оны шал да болса балықшы қарт өзіне қарай тартып алды.

Сонда барып есін жиған сазгер Филимон шалға рахметін айтып, үсті-басын қағып болған соң қолындағы бір шоқ гүлді суға қарай лақтырып жіберді. Әдемі ақ гүлдерді де асау толқын әп-сәтте  қойын-қонышына жұтып алды. Сол сәтте ол судың «тілсіз жау» екенін, құлай сүйген ғашығы Айымзаданы да дәл осылай тұңғиыққа алып кете барғанын бар болмысымен түйсінген. Енді ол жағадан сәл шеткерірік барып ел кеш бата серуендеп келіп отыратын саялы орындыққа жайғасты.

Айымзада осы Алматыдағы медицина институтында оқитын. Сол жолы Мельс Суат Әбусейітовтың үйіне барып, қайтар жолда Пастера көшесімен жүретін трамвайға отырған. Сонда ғой, Масаншы аялдамасынан көлікке мінген топ қыздың ішінен құрақтай майысқан ұяң қабақ қызды көргені. Бұл оның бәденінен көзін алмай қарап қалып еді. Қыз сәл ыңғайсызданып, құралай көздерін бұдан алып қашқан бойы теріс айнала берген. Шарқаты мойнын жапқан сұлуға сұқтанған бойы Мельс трамвайдан түсе берді. Коммунист даңғылына табаны тигенде әлгі қыз әдемі жанарын бұған салып қиылып қарап тұр екен. Мельс оған еріксіз қолын бұлғаған, ол да қолын сәл көтергендей болды. Әйтеуір бұл үміт ұшанына мініп бара жатқан аққудан «айырылып қалам ба» деп біраз жер екпіндей жүгіріп барып тоқтаған.

Содан кейін өзінің көңіл түкпірінде қыз бәденін сандыққа салғандай сақтап қалып еді. Екінші жолғы кездесулері күтпеген жерден болды. Бұл Әбдірахман Асылбеков екеуі киноға билет алмақшы болып, «Сарыарқа» кинотеатрына барғаны сол еді, қанаты кең қауыс құстай аппақ көйлек киген бір қыз екі құрбысының қолтығынан құшақтап сықылықтай күліп, сылдырап аққан судай сылаңдап өте берді.

– Мынау дәл сол, соның жүрісі, дәл соның дауысы… – деді  Мельс өзімен өзі сөйлеп.

– Әй, саған не болған? Шаңқай түсте шалқаңнан түсе жаздап, әлде әлгі қыздардың шалығы тиді ме?, – деді досы.

– Жүр, кеттік ана қыздардың соңынан…, – деп Мельс досын сүйреп, далаға алып шыққан. Сөйтсе, әлгі үш қыз жаймашуақ әңгімелесіп, әсем күлкілерімен айнала төңіректі жадыратып тұр екен.

Мұндайда қиыннан сөз тауып кететін Әбдірахман ақындық әдетіне басып:

– Уа, дариға! Үш қыз ғой,

Қыз емес, мынау ұшқын ғой,

Құдай-ау, Мельс барсың ба,

Атымнан аунап түстім ғой, – дей келіп, «Қәне, Мәке, енді осы шумағыма ән шығаршы?» – деді  досына қарап. Қыздар да қаражаяу емес екен:

– Байқаймын, досыңызға не баян, не домбыра жетпей тұрған сияқты…

– Сіз қайдан білесіз, досымның сазгер екенін?

– Көзі айтып тұрған жоқ па? Мен білсем көзі тұңғиық жаннан саз шығады, мұны мен әжемнен естігем, – деді әлгі ашық жүзді қыз өзін Айғаным деп таныстырып жатып. Мынау сұлуымыз Айымзада, ал, үшіншісі «Алматы аруы» Айзада.

– Па, шіркін! Кілең хордың қыздарына жолығыппыз ғой. Ендеше, менің ныспым Әбдірахман, ал, бағанадан бері тілі байланып, сөйлей алмай тұрған кербез жігіт расында да менің сазгер досым Мельс. Өзі біреуіңе өлердей ғашық. Қыздар айып болмаса айтыңдаршы, уақытты оздырмай, қай қатардан орын алдыңдар? Біз де сендерге таяу отырайық.

Қыздар қымсынған жоқ, билеттерін көрсетті. Мельс қыздардың жанында қалды да, ақын досы билет алуға кетті. Енді үш қыз Мельсті қаумалап, сұрақтың астына ала бастады. Бұл өзінің Жамбыл облысынан екенін айтқанда, қыздар: «Жазылбекшілер маршын» кім жазғанын білесіз бе?» деді жарыса сөйлеп. Мельс сәл кідіріп барып:

– Сендер сенбейсіңдер ғой, мен жаздым…

– Қойыңызшы, мен бір үлкен кісі жазған шығар деп жүруші едім, – деді Айзада аса сеніңкіремей.  Мельс енді мүдірмеді. Жамбылда өткен байқауда Қонысбай досының оны орындағанын, Жазылбек қарияның бір жылқы мінгізбекші болғанын да жасырмай айтып берді. Бұлар сол түні кинотеатрдан кештетіп шығып, қыздарды жатақханаларына дейін шығарып салды. Әбдірахман оларға: «Қыздар, келер жолғы киноға билет бізден» деді. Ал, Мельс Айғаным мен Айзададан кешірім өтініп, Айымзаданың құлағына: «Мен сізді ұнатып қалдым, ертең кешке келсем бола ма?» деді қиылып. Оның ошаған ойы қыздың жүрегін дүр сілкіндіріп өтті. Ол жәй ғана қабағымен ым қаққан бойы еліктің лағындай секіріп, сықылықтай күліп ұзай берді.

Осы кездесуден соң екі дос киноны сылтауратып қыздарға жиі келетінді шығарды. Мельс пен Айымзада енді оңашада кездесе бастаған. Көбіне скверлерде, қалың талы бар бақтарда ұшырасып, сырласып ұзақ таңға құшақтары жазылмай махаббат күйін шертетін. Екеуі де: «Айым! Күнім!» деп өліп-өшіп, соны сезімдерін қимай таң қылаң бере әрең айырылысатын. Осылайша махаббат кемесіне мініп, жаздың түнін кірпік ілмей өткізіп жүрген екі ғашық жазғы демалыстың келіп жеткенін де  сезбей қалды. Алматының айлы түнінде Мельс Айымзадасын құшағынан жібермей, құшырлана сүйіп алды да: «Жаным, сен ғой үш айға каникулға кетіп бара жатырсың, енді қалай хабарласамын. Сенсіз бір күнді де өткізе алмайтынымды білесің ғой?» деді. «Күнім, енді қайтеміз, шыдаймыз да. Саған мен хат жазып тұрайын, ал сен жазба. Жазсаң сақтап қой, каникулдан келген соң оқимын. Білесің, менің әкем мен шешем ондайға өте қатал» деген Айымзада. Сөйтіп, ол Талғарға, ал, Мельс  Луговойға жол тартты.

Алғашқы кезде мөлдір сезімге толы хаттар келіп жүрді. Ол хаттарға Мельс беріле отырып жауап жазатын. Сондай бір хатында: «Жаным, Айымзада! Сенің хатыңды алдым. Мен де сені қатты сағынып жүрмін. Кеше ғана «Луговой жастарының вальсін» жазып тастадым. Сөзінің авторы балалар ақыны Әдібай Табылдиев. Ол кісі мектеп директоры, сөзіне қарағанда Алматыға көшетін сияқты, педагог-ғалым ғой. Шынымды айтсам, күндіз-түні ойымнан сен шықпайсың, бәлкім ауылыңа ұрын барармын, қазақтың сондай салты бар ғой. Айым менің, қазір мен әскерде жүрген солдаттарша күнтізбедегі әр өткен күнді сызып жүрмін. Әлі жиырма бір күн бар. Уақыт тоқтап қалған сияқты, өтпейді. Келші, Айым!».

Бұл Мельстің соңғы хаты еді. Өйткені, Айымзададан да хат келмей қалды. Сөйтіп жүргенде каникул да бітті. Үздігіп күткен күн де келді-ау, әйтеуір. Бұл құстай ұшып Алматыға жетті. Бірақ, Айымзада әлі келмепті. «Бұған не болды екен, әлде ауырып қалды ма?» деп санасы сан саққа кетіп отырғанда бөлмеге Айымзаданың курстасы Айзада келіп кірді. Ол бірден Мельсті құшақтап тұрып:

– Досымыздан айырылып қалдық, – деді көз жасы көл боп. Мельс қос қолымен басын ұстап, төсекке отыра кетті. Жылайын десе дауысы шығар емес. Тек: «Айым, Айым!» дей береді қабырғаны тоқпақтап. Айзаданың артынша бөлмеге Айғаным да келіп кірген. Бірақ, оны Мельс байқаған жоқ. Айымзаданы жерлеу рәсіміне қатысқан сол болатын, ол да көз жасын төгіп-төгіп жіберіп: «Сұм ажал суға алып кетті, қыршынынан қиылды-ау. Суға батып бара жатып: «Мельс!» деп үш қайтара шыңғыра айқайлапты. Оның жан айқайын естіген тек көл жағасындағы күркеде отырған жалғыз зағип кемпір ғана екен. Арманда кетті-ау, асылым!» деді талықсып. Мельстің көзі күп болып ісіп кетті. Ол: «Қыздар» деді бір кезде дауысы жарықшақтанып: «Мені жалғыз қалдырыңдаршы…?». Екі қыз да есіктен еппен басып шығып кетті.

Мельстің етжүрегі егіліп, еңсесі езіле берді. Өндіршегін, өзегін күйік өртеп барады.

Ас атаулыға құлқы жоқ, тек шарап ішіп, іштегі шерін тарқатқысы келеді. Ол осылай қанша жатқанын өзі де білмейді. Сабақ та жайында қалды. Жазу үстеліндегі ғашығының суретіне қарайды, қарайды да жүрегі қарс айырылады. Тағы да ащы суды ішеді. Бір күні ол есін жиғандай болып, айнаның алдына келді. Түрден түр жоқ, беті суалып, жақ еті тарам-тарам болып кеткен, кәдімгі бір көктемде еріген қардың суындай көз жанарының асты жылым аққандай әжім. Енді оның шүңірек көзі күнтізбеге түсті. Сабаққа бармағанына бір ай шамасы болып қалыпты. Дәл осы кезде есік қағылды. Есікті ашып қараса, өзінің досы Әбдірахман Асылбеков пен Дулат Исабеков екен. Олар үйге баса көктеп кіріп келген бойда:

– Мәке, мен сенің досың едім ғой, ең болмаса бір хабар берсең қайтеді? «Командировкада» жүр едім, осы әлгінде ғана естідім, арты қайырлы болсын, – деді Әбдірахман.

– Менің естуімше сен бір айға жуық болыпты, сабаққа бармапсың. Мұның қалай? Ғашық адам осылай жігерсіздік танытып, құр босқа жүнжіп жата бере ме екен. Шын ғашық болсаң, Айымзадаға арнап ән шығар. Шерің тарқайды. Ал, сөзін мына Әбекең-ақ жазады, – деп жұбату айтып жатыр Дулат та.

Екі достың сөзі Мельстің мұң шалған жүзін  шайдай ашты. Мельс Кіші Алматы өзені жағасынан қайтқанда кәдімгідей сақайып қалған еді. Ол өзінің қайғысын түсінген достарына алғысын айтып шығарып салған соң дереу ән жазуға отырған. Бірақ, көз алдынан Айымның жарқын бейнесі кетпей тұрып алды. Содан соң өзен жағалап кеткен. Сазгер күн ойланды, түн ойланды… Осылайша дүниеге, «Келші, Айым!» әні келді. Иә, ғашығынан айырылған сазгердің сағынышқа толы соңғы хаты сияқты сезімге толы саз еді бұл:

…Ай ару, сен айтшы,

Айдын көл, сен айтшы?

Жарыма құс болып ұшайын,

Бір хабар берші, Айым!

Жақындап келші, Айым,

Лапылдап мәңгі құшайын…

 

Сейсен Қожеке,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

Тұрар Рысқұлов ауданы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.