Көрермен Шәмші әндерін бірге шырқады

39

К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияны музыка әлемінің кәсіби ордасы десек, еш қателесе қоймаспыз. Бұл қасиетті шаңырақ «Біздерде мынандай ғажап әншілер бар» деп қанша мақтанса да жарасады. Міне, жақында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән падишасы – Шәмші аға!» атты концертте филармонияның әншілері көпшілікті тағы да керемет әсерге бөледі.

Концерт Шәмші шығармаларын Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің  сүйемелдеуімен орындаудан басталды. Оркестрдің дирижері Мұхтар Рахманқұлов. Айгүл Есекеева «Қайықта» әнін қалықтатса, Жанатбек Қадіров орындаған «Арқалықтың ақ таңы», Сәуле Жуатбекова орындаған «Арыс жағасында», Айгүл Мақашева орындаған «Құшақ жайған қандай адам» әндері жүректерге жетіп жатты. Ерекше дауысты әнші Әсел Уашева «Ақ маңдайлымды» деңгейіне жеткізіп орындаса, Жанна Асанқұлова жылдам, ойнақы мәнерде орындаған «Отырардағы той» әніне де көпшілік ықыласпен қол соқты. Шәмшінің өмірі туралы роликті де көрермен үлкен толғаныспен қабылдады. Оңал Азаматова, Сұлужан Әбенова, Марғұлан Әлсейітов, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Балжан Ділдабекова да Шәмші әндерін шабыттана орындады. Бұл әсерлі кеш облыстық филармония әншілерінің орындауында «Менің Қазақстаным!» әнімен түйінделді. Іс-шараға келген көрермен орнынан тұрып, ұзақ қол соғып құрмет көрсетті. Іс-шара карантиннің барлық талаптарын сақтай отырып өткізілді. Ал жиналған көрермен Шәмші әндерін қосыла шырқап, толғанып, тебіреніп, әдемі бір әсерге бөленді.