Марау анаға құрмет

31

Бәйдібек бидің бәйбішесі Марау ана тарихта өжет, қайсар, кісі сөзіне ермейтін ерекше мінезді әйел болмысымен қалды. Жалпақ жұрттың құрметіне бөленген ананы көпшілік «Сары бәйбіше» деп те атап кеткен. Міне, осынау ана алдындағы перзенттік парызымызды орындау мақсатында 2014 жылдан бастап Тараз қаласындағы бір көшеге есімін беріп, белгі тас қою жоспарымызда болды.

Алайда 2014 жылдары түрлі ономастикалық қиындықтарға байланысты жоспарымыз жүзеге аспағанымен, араға уақыт салып «Арай» алқабынан Марау ана құрметіне көшеге аты берілді. Күні кеше осы көше бойына қойылған белгітастың ашылуы өтіп, Сары бәйбішенің әруағына Құран бағышталып, ас берілді.
Салтанатты шараға Шымкент, Қызылорда, Алматы, Шу қалаларынан келген қонақтар мен жергілікті жұртшылық қатысты. Алғы сөзді еліміз бойынша Сарыүйсіндер қауымдастығының төрағасы Дәулет Қазыбекұлы алып, ізгі тілегін жеткізді.
– Ұлы ананы ұлықтау – кейінгі ұрпақ парызы. Бүгін ашылып отырған белгі тастың тарихи тұрғыдан алар орны ерек. Маңыздылығы тереңде. Осынау қуанышты күнмен баршаңызды құттықтаймын. Игі іске бас-көз болып, жұдырықша жұмылып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» баршаларыңызға алғыс айтамын. Алла ауызбіршілігімізден айырмасын, – деді Д.Қазыбекұлы.
Бұдан кейін сөз тізгіндеген оңтүстік Қазақстан аумағы бойынша Сарыүйсіндер қауымдастығының төрағасы Қуаныш Сыздықов та жүрекжарды лебізін жеткізді.
Бұл күні белгітастың ашылуымен қатар «Марау Ана. Сарыбәйбіше. Тарихи тұлға» атты кітаптың тұсаукесері де өтті.

 

Кабира ҚАРТАБАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері,
Тараз қаласы