Мұқағали гуманизмінің бір сәті

28

Әлбетте, гуманизм – үлкен сөз. Арналы, сағасы көп, сан салалы сөз. Жазбамыздың жайынша, үлкен сөз үлкен ақынға айтылады. Ювал Ноаһ Харари «Адамзаттың қысқаша тарихында» гуманизм идеясын көбірек адамизм мысалына ыңғайлайды. «Гуманистердің барлығы адамға табынады» дей отырып, оны үш қарсылас «сектаға» бөліп, либералды, социалистік және эволюциялық гуманизм деп топтайды. Біз бұ­дан алыс тұралық. Бұл тұрғыда біздің гуманизм жалпыадамзаттық аль­труизмге, адамсүйгіштікке көбірек жақын тұрар еді. Солай бола тұра, көзсіз ғашықтықтан, ессіз берілуден бөлек қонған, сүю мен жек­кө­рудің таңғажайып үйлесіміндей – ақын гуманизмі деген ұғымды ар­шып алар едік.

Мұқағали Мақатаев – гуманист ақын. «Ақынның бәрі гуманист емес пе, ұлы адами құндылықтарды дә­ріп­теу әдебиет миссиясының өзегі емес пе?» деген де уәж туар. Ол рас. Гуманизм – әдебиеттің алтын өзегі. Ал Мақатаев гуманизмінің ерек­шелігі де сонда, оның адам таби­ға­тындағы кереғар сезімдер мен мінез-құлықтарды тани отырып, оның аражігін саналы түрде ажы­рата оты­рып, өз заманының, қоға­мының, замандастарының бойы­нан тек ізгі қасиеттерді көруге ұмтылуында, соны жырлауында, қараны көре тұ­рып ақты айтуында, опасыздық пен сатқын­дық­ты сезіне отырып, достық пен махаббатты жырлауында, жамандық пен жалғаншылықтың зәбірі мен жәбірін тарта отырып, жақсылық пен шынайылықты ту етіп көтеруінде. Мұқағали гуманизмінің негізгі посту­латтары осылар. Ақынның күн­де­лігін парақтап отырып, оның назы мен наласын, ызасы мен ашуын оқимыз, бірақ бірде-бір жырынан сол сезімдерді кездестірмейміз. Мұқағали үшін қара өлең қандай қасиетті болса, адамсүйгіштік идеялары да сонша қадірлі болғанын аңғарамыз. Оның жырларын оқып отырғанда, Мұқа­ғали заманының адамдарын сағынасыз. Ол өз жырына арқау болған, кейіпкер болған кез келген құбы­лыс пен тағдыр иесін қандай да бір биікке көтере отырып, оның табиғатының түнегін емес, шуағын, көлеңкесін емес, күнгейін көрсетуге тырысқанын көреміз. Осыдан-ақ, Мұқағалидың адамдықтың ең бір ізгі үлгісін, көркем эталонын сағынғанын, әлемнен, қоғамнан, адамнан сол қасиеттерді іздегенін байқайсыз. Әбіш Кекілбайұлы Мұқағали поэзия­сы жайлы «жаны қанша дүлей болса да, жортаққа ұрынбайтын» деп қалай дәл анықтама берген. Мұндағы жортақ та сол – адамтанудағы ала-құлалық. Адам жайлы айтудағы ала-құлалық. Мақатаев бұдан биік тұрды. «Күндессің» деген жоқ, «күндестік құрысын» деді. «Пендесің» деген жоқ, «пенделікті қоялық» деді.

1973 жылдың 20 наурызында өз күнделігіне былай деп жазыпты: «Құр­бы-құрдас, замандастар мен ту­ралы көп-көп қауесет таратады. Бі­ріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірі­нен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?! Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар». Адамның нашарлығын дәлелдеу, айыбын бетіне басу – ақын үшін дүниенің қорлығына барабар болып тұр. Міне, Мұқағалидың адам ретіндегі, ақын ретіндегі кредосы осы. Осы кредо – оның гуманизмінің алтын бастауы. Мұқа­ғалиға қарсы атылған тасты жи­насақ, оның дұшпандыққа жақын за­ман­дастарына бірнеше тас мүсін қоюға болады. Ақынның жанын ауыр­ту­ға арда туғандары болмаса, әркім-ақ құмар болғанға ұқсайды.

 Кейде Мұқағали күйіне тұрып: «О, сен қандай қорқынышты нәрсесің, Адамзат! Болмайды, өз қадір-қасие­тің­ді қорға! Ақын атыңды сақта, нағыз ақынмын десең, соған лайықты бол! Табиғаттың өзіндей қарапайым бол бірақ, ол сияқты қайсар да бол. Сен өз замандастарыңнан өзгешесің. Нең­мен екенін айтпаймын… ендеше, өр болсаңшы! Басыңды көтер, бауырым!.» Әр адамның, тіпті өзіне қастық қылған жанның да бір өзгешелігін көруге ұмтылған жүрек, сен шын мәнінде Ұлы Жүрексің! Ақын осы Ұлы Жүрекпен адамның ардағын, кісіліктің қадір мен қасиетін аңсап, сағы­нумен өткен екен-ау.

Ақынның адамның бойындағы ұлылықты ғана емес, әдебиеттегі ұлылықты, ұлы әдеби дәстүрлерді, әдебиеттің классикалық дәуірі салтанат құруын сағынумен, іздеумен өткенін байқау сонша қиын емес. Күнделігіне және үңілейік: «Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер – ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарады». Мұқағали ұлы әдебиетті, шынайы әдебиетті, әдебиеттегі әділеттілікті аңсаумен өтті. Ол өзінің ұлы замандастары – қазақтың өзге де ұлы ақындардың бойындағы қасиеттер бәрінен табылса деді, «әдебиеттегі бос орынды» іздеушілер емес, әдебиетке өз сөзімен келуі, өз орнымен келушілер лайықты бағаланса деді.

Мұқағали Мақатаевтың Мүсіре­пов­ке мұң шағуы, жігіттің бойынан көре алмаған ірілікті Фаризадан іздеуі, «Ақынның ақындығы атақта емес, ақынның ақындығы арда ғана» деп Пушкинмен қоштасуы, «Әй, Сергей, Сергей, Сергей, Сергей, Сер­гел­деңге түстім-ау мен де сендей» деп Есенинмен сырласуы, Төлеген Айбергеновтің қазасына елден қарыз ақша алып жүріп іздеп барып, «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» деп шерленуі, «Қасым Қасым болмаса, несі Қасым» деп Аманжоловты қастерлеуі, тоталитарлық жүйенің талтүсінде маңайына жастарды жинап алып, Мағжанның жырын оқып беруі, кеу­десі басылмаған армандармен асқақ жүрген лорд Байронмен іштей үн­десуі, «Жауыздыққа, зұлымдыққа қар­сыласпа» деп Толстой тәмсілін тия­нақ көруі, ақынның тағдыры – ту­ған жұртының тағдыры деп Неру­даны жырлауы, кейде қырсығып Петефише «жаман өлең» жазуы, Блок­ты жартықұдайға теңеуі, құда­йым-ау, бәрі-бәрі сол ұлылықты аңсау, сол ұлы әдебиетті сағыну емей немене екен енді?! Ақын сол сағынышына тұншыққандай. Сол сағыныштар оның бауырын езіп жібергенге ұқсайды.

 

Ерлан ЖҮНІС
egemen.kz