Мүсіншілердің мұң-мұқтажы

74

Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған сиықсыз ескерткіштің төңірегіндегі дау-дамай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, артынша шала-жансар қашалған жұмыс тоқтатылған еді. Алматы облыстық мәдениет басқармасының өкілдері мүсінге бөлінген 12 миллион теңге демеушілердің есебінен төленгенін айтып, «тендер мен жемқорлыққа арналған ескерткіш» деп шулаған жұрттың аптығын басқандай болған.

Осынау жағдайдан соң елдегі ес­керткіш орнатуға қатысты қалып­тасқан үрдіс жайында белгілі мүсін­шілерді әңгімеге тартқан едік. Жағдай анау айтқандай мәз емес болып шықты. Олардың айтуынша, шығармашылық жағдай жоқ, тендерге байланған өнер тамыр-таныстың жетегінде кетіп жатыр.

Өнердің өлшеусіз тәрбиелік мәні жайында айтқанымызда, сұлу сөзге қамшы салдырмаймыз. Шынтуайтында сәулет мүсіншілері мен суретшілердің бүгінгі жағдайы, монументалды үгіт-насихаттың жалпы үрдісі жа­йында үнсіз қалу мүмкін болмай отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-монументалист, мүсінші Сембіғали Смағұлов – 100-ден аса монумент жұмыс пен кескіндеме туындының авторы. Соның ішінде ақ мәрмәрдан Тәуелсіздік алаңының қақ ортасында бой көтерген «Қазақ елі» монументінің авторы ретінде танылған. Осынау хас өнердің бүгінгі атқарар міндеті мен мүмкіндігі жайында сөз қозғаған Сембіғали Абзалбекұлы қордаланып қалған бірқатар мәселені ашық айтып берді.

– Озық талапты сырт көзге  халық рухания­ты деңгейінің  көрсеткіші саналған суретші мамандардың хал-әлеуеті қандай деген сұраққа жауап айтпаса да белгілі. Кез келген халықтың  осы саладағы  мәдениетінің дамуы, өрлеу кезеңдері биік өнер потенциалына зәру аристократия өкілдерінің немесе биліктің оң көзқарасына тікелей байланысты. Өркениеті озық елдерге сапарлап барғанымызда сол елдегі «суретшінің көзі» ұшақ табалдырығынан түскеннен бастап байқала бастайды. Біздегі қала безендіру мәдениеті мерекелік «қызылды-жасылды» көңіл күй емес «көк ала қойдай» деген реңдік қатынасқа көбірек саятыны, жарнама атаулының көр­кемдік әсерінен  гөрі өндірістік алаңдарда тұруға лайықты прайскурантарға көбірек ұқсайтыны рас. Мыңдаған жылдық қала мәдениеті қанына сіңген Лондон, Амстердам сияқты шаһарларға барғанда елімізде өріс алған көптеген кемшіліктің жауабын оқимыз, – дейді суретші-монументалист.

Ал еліміздегі мүсін қою үрдісінде көпте­ген маңызды кәсіби талаптарды өрескел бұр­малаушылық, сондай-ақ билік ресурсының шығар­машылық шешімдік процестерге тікелей араласуы өнер адам­дарының пси­хологиялық-моральдық тұрғыда өздерін кінәлі сезінуіне әкеліп соқтырып отырғанын жеткізді.

– Кеңес уақытында әдеби шы­ғар­­маларды безендірген бейне­леу өнері майталмандары мен ақын-жазушылардың шығарма­шы­лығы­ның ұштасуын бүгінгі жағ­дай­мен салыстыруға да келмейді. Айта берсе көп мүш­кіл­діктің бір ұшы айту­лы саланың кәсіби білім беру жүйе­сіне және олардың техникалық база­­сына тікелей тиетіні де өткір шын­дық, – деген суретші қазіргі таңдағы зергерлік өнер де балғаның мүмкіншілігімен ғана шектеліп отыр­­ғанын, қоғам сұранысы да соған сай екенін күйінішпен жеткізді. Оның айтуынша, Мәде­ниет және спорт министрлігіне қарасты Мону­­менттік өнер құрылыстарын орнату жөнін­дегі комиссия мүшелері жең ұшынан жал­ға­сып, тапсырысты өздері таңдап алған сурет­шілер­ге ғана беретін бұл­жымас «дәстүр» қа­лып­тастырып алған.

– Бұл мәселені айтып, Президентке ашық хат жазсам деп те жүргенмін. Мем­лекеттік комиссия өздерінің талаптарымен ғана іріктейді. Қазір бізді «сен кімсің» деп музейге де кір­гізбейді. Жастарға бағыт-бағдар бе­ретін аға буын өкілдері санаулы ғана қал­ды. Біз кеткен соң барлығы құриды. Суретшілер мен мү­сіншілерді өнер ака­демиясының бір бұ­рышына тығып қоймай, өз алдына жеке отау құрып шығару керек, – дейді Сембіғали Смағұлов. Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия жұмы­сына наразы болып отырған жалғыз пікір бұл ғана емес, металды өңдеу техникасымен жұмыс істейтін бір­ден-бір маман, мүсінші Шоқан Төлеш­тің де пікірі осы арнаға саяды.

– Мемлекеттік комиссия тапсырыстарды арнаулы топтарға ғана таңдап береді. Қал­ғанымыз қала береміз, мүлде назар аудармайды. Отыр­ғандарына қанша жыл болды, комиссия құрамын құрғанда екі жыл сайын алмастырып тұрса деймін. Өздерінің таныстарына ғана тендерді ұтып береді. Жиналып алған 5-6 адам бірінен кейін бірі жыл сайын өте береді, ұялмайды, – деп ренішін жасырмаған Шоқан Әлмахамбетұлы бейнелеу өнері саласында еңбектеніп жүрген жастарға қолдаудың жоқ екенінде айтты.

– Бізде дарынды жастар көп. Үлкен ақса­қалдардың көбі кетіп қалды. 70-тің ар жақ-бер жағын­дағылар санаулы қалдық. Кейінгі жастарды жігерлендіретін ештеңе қалмады, талпыныс жоқ. Жаңа бағыттарды жан-жақтан үйреніп келгенмен, ұлттық бояудан ажырап барады. Оны насихаттайтын не арна, не радионы көрмейсің. Әншілер тойға шығып жан бағады, ал сурет­шілер қалай күн көреді? Саяси нау­қандар кезінде портреттер салуға тапсырыстар түсіп жататын кез болады, бірақ ол шығармашылықпен айна­лысу емес. Жастар шетел асып кетіп жатыр, өйткені билік тарапынан жүйелі қолдау таба алмай келеді. Сонша талантты бола тұра бірде-бір рет көріне алмай, өмірден өтіп кеткен, талантты суретшілер мен мүсіншілер қаншама?! Жаның ашиды. Анархистердің заманындағыдай қазақ суретшілері бас басына бытырап жүр. Суретшілер одағына ренжитін ештеңеміз жоқ, ол – ешқандай қаражаты жоқ бірлестік қана, – деген мүсінші пікірін тыңдап бас шайқадық. Ерекше қолтаңбасымен Батыс пен Шығыстың стилистикасын біріктіріп, жаңаша бейнелеп жүрген мүсінші Шоқан Төлештің он жұмысы Кипр заманауи өнер музейінде қойылған. «Ақсақал» атты туындысы музейдің кіребе­рісіне көрнекті жерге орнатылыпты. Өзінің айтуын­ша, біздегі мәдениет пен өнер де осындай қам­қорлыққа зәру.

– Өздеріңізге мәлім, Түркия азаматы Гюнсал Суаттың басшылығымен «Тү­ркі әлемі» музейін ашу мақса­тында түркі мәдениетін танытатын экспонаттар мен картиналарды дүниежүзінен жинақтап жатыр. Сол симпозиумға мен де қатысып, жұмыстарымызды қойдық. Гюнсал Суаттың өзінің ықылас танытуымен, менің «Ақсақал» деген 2,5 метрлік ескерткішімді музейдің кіреберісіне орнатты. Үлкенді сыйлау мәдениеті жалпы түркі әлеміне тән қасиет, сондықтан ақсақал идеясы елді бәтуаға шақырған данагөй абыз кейпінде сомдалды, – деп түйіндеген мүсінші өнерге мән-мағына беру арқылы ізгілікті қоғам қалыптасатынын айтады.

– Ауыз ашып қарап отыра беретін емес, астанадан кішігірім өнер орталығын ашып, балаларды өнер­ге баулып келемін. Айына бір рет шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамын. Тағы бір айтарым, әкім-қаралар ауысқан сайын бастамалары да аяқсыз, жалғаспай қалып кете береді, бірізді жүйе жоқ. Осыған алаңдаймыз, – дейді.

Бейнелеу өнерінің бір түріне жататын мү­сін жанры – ұлттық мәдениетіміздің дамуында орасан орны бар шығармашы­лық сала. Кеңес дәуірінен кейін Едіге Рахмадиев, Нұр­лан Далбай,  3D өл­шеммен жұмыс істейтін жал­ғыз мүсінші Мұрат Сыдықов, Эстония өнер академиясының түлегі Асқар Нар­тов сынды өнер майталмандары мүсін­деме бағытын әлем­дік құндылықтар мен ұлттық салт-дәс­­түр ерекшеліктерімен ұштас­тыра дамытып келеді. Кезінде қазақ мүсін өнерінің негізін салған Хакімжан Наурызбаев бейнелеген Абай ескерткішінің орнатылуына, оның композициялық шешімінің ойдағыдай шығуына Мұхтар Әуезов көп ықпал еткендігі жайында әдемі әңгіме айтылады. «Тапсырма алуын алғанмен, енді мұны қалай орындаймын деп уайым шектім. Бірді-екілі кездескенде менің осы қалпымды байқап қалған болу керек. Мұқаң: «Әй, Хакімжан, жасыма, жігерлен. Абай ағаңның аруағы қолдайды, батыл іске кіріс. Ойлануға уақыт жоқ» деп қайрап қойды. Сонымен, ақын образын мүсіндеуге кірісіп те кеттім. Мүсін өнерінің өнер­дің өзге түрінен көп өзгешелігі бар десек, соның бірі болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңестікпен үндесіп жатуы. Жасалатын ескерт­кіштің болашақ тұратын орны мұқият еске алынуы керек. Осы шарт ойдағыдай орындалғанда ғана ескерткішке «жан бітеді», деп жазады халық сурет­шісі Нау­рызбаев өз естелігінде. Мұнан кейін де кемең­гер ес­керткішінің тұғырлы тұл­ға­сы түр­лі ком­позициялық шешімдермен маз­­мұн жағынан әр алуан бейнеде сомдалып келеді. Жуырда ғана Абай бейнесін силиконнан айнытпай жасап шыққан гиперреалист-мүсін­ші Айдос Есмағамбет  – табанды еңбегінің арқасында танылып келе жатқан жастардың бірі. Шығармашылығын жаңа қырынан танытып жүрген мүсінші бейнелеу өнерінің толық бағалан­­байтындығын, насихаты кемшін екеніне налиды.

– Үлкені де, кішісі де өз бетін­ше тендер ұтып алуға тырысады. Заманауи өнерді бағалайтын түсі­нік таяз болып тұрғанда, толымды нәтижеге қол жеткізу қиын. 2010 жылдан бері мүсін саласына ден қойып келемін, бірақ шынайы баға­лау, түсіну көрмедім. Жастарға бар­лық жағынан қолдау көрсетіліп, назар аударылса, көрмелер жиі өткізіл­се деген тілегім бар, – дейді ол.

Қазақстанның бейнелеу өнерінің беталысы жайында сұрастыра келе, бүгінгі қоғамның шындығы терең өнерге атүсті қарауға болмай­тын­дығын, ұлттық бейнелеу өне­рі­нің шектеулі мүмкіндіктері кө­кей­кесті мәселелерге айналып отыр­ғанын көрсетіп отыр. Түптеп келгенде қазақ бейнелеу өнері қам­қорлыққа зәру, жаңаша ұлттық мек­теп қалыптастыруды қажет етеді. Сондықтан өзгеру, өсу кезеңіндегі бүгінгі мәдени құбылысты көркемдік дәстүрлер негізінде зерттеп, саралау, нақты шешім қабылдау керектігін айтып дабыл қаққан өнер жанашырларына құлақ түрсе, қанекей?! Әйтпесе Алматыдағы 23 миллион теңгеге (оның 15 миллионы бюджет есебінен) сабаннан тұрғызылған алып тиін сияқты талғамсыз ескерткіштер есімізді тандырудан танбай келеді.

egemen.kz