Н.Ергебеков байқау жеңімпаздарын марапаттады

172

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне байланысты ауданда бірқатар онлайн-байқаулар өткізілген болатын. Атап айтқанда, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны жаңғырту, жас ұрпақты иманды, мейірімді, зерделі, арлы болып өсуге баулу, қариялардың өз өмірлерінің игі кезеңдерін баяндау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу, азаматтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында «Қарты бар ел – қазыналы ел!» атты ақсақалдар байқауы, сонымен қатар, «Асыл әжелер» атты әжелер байқауы онлайн өткізілген болатын. Аталған шара барысында байқау қатысушыларының өнерлерін саралаған комиссияның отырысы өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Қарттар күні мерекесіне орай аудандық орталық кітапхананың коворкинг орталығында болған шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, байқау жеңімпаздарын марапаттады. Алғашқы құттықтау сөз аудан басшысы Н.Ергебековке берілді.

-Қадірлі ақсақалдар, ақ жаулықты әжелер. Ең алдымен Сіздерді Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Қазақ қай заманда да қарттарын қадір тұтқан халық. Қарты бар ел қашанда қазыналы саналады. Мемлекет тарапынан да өздеріңізге көрсетілер сый-құрмет жоғары.

Егеменді еліміздің дамуы мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қарияларымыз бен ақ жаулықты апа-әжелеріміздің қосып отырған үлесі зор. Сонымен қатар, ата мен әженің қолында тәрбиеленіп, аға буынның ұлағатын алып, бойына сіңірген жас ұрпақ ешқашан жаман болмайды. Мереке күні барлығыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақ шаттығын тілеймін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Келесі кезекте аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков Қарттар күні мерекесіне орай құттықтау тілегін арнады.

«Қарты бар ел – қазыналы ел!» атты ақсақалдар байқауының жеңімпазы болып Ақсай ауылдық округінен батагөйлігімен танылып жүрген қария Аманжол қажы Дүрәліұлы танылды. Ал ІІ орынның жүлдесі Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Аташбек Әмірқұлұлына берілсе, жүлделі ІІІ орын Қошқарата ауылынан Әлдибай Биқұловқа бұйырды.

Ал әжелер арасында ұйымдастырылған «Асыл әжелер» байқауында Күреңбел ауылынан сынға түскен Базаркүл Ысқақова үздік деп танылды. Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылынан Батыр ана Ранай Айымбетова ІІ орынға ие болса, ісмерлігімен танымал Дарихан Сыддықова ІІІ орынға лайық деп танылды.

Қос байқаудың да жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімі Н.Ергебеков марапаттап, бағалы сыйлықтардың сертификаттарын табыстады. Байқау жеңімпаздарының атынан А.Дүрәліүлы мен Р.Айымбетова сөйлеп, аудан басшылығына, сонымен қатар, байқауды ұйымдастырушы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұжымына алғыс білдіріп, ақ баталарын жаудырды.