От көмкерген оқшау жырлар

0 75

Ән мен жыр егіз екенін әдебиет пен өнердің айналасындағы елге түсіндіріп айтып жатудың өзі артық шығар. Атақты Қасым ақынның әнге айналып кеткен мына бір өлеңі есімнен кетпейді.

«Сенің нұрлы жүзіңнен
Көрем бақытты өмірді;
Сенің әрбір сөзіңнен
Күй естілер көңілді.
Сол себепті мен саған
Ғашықтайын құмартам,
Жүрегімнен, жанымнан
Жыр жазамын, сыр айтам».

Қазақ мемлекетінде осы Қасымға ұқсайтын бірден-бір ақын Серік Ақсұңқарұлы десем, ешкім қарсы уәж айта қоймас. Өзі де жүрген жерінде Қасымды аузынан тастамайтынын мен баспасөздерде жарияланған мақалаларынан білем. Ал, бұл жігіттің өлеңдері туралы әңгіме тіптен бөлек. Қазақта «жырдың күйіндей» деген сөз тіркесі бар. Әлденені әспеттегенде, «жырдың күйіндей қылып айтады» деп жатады. Сөз киесінің бір ұшығы осы жырдың күйіндей-ақ болса керек. Соның мысалындай сөздің әсерінен ән, әннің әсерінен сөз туып, халықтың жүрегін сазымен әлдилегені аз емес тарихта. Серіктің өлеңдерінен жүрегінің үні келеді менің құлағыма. 1980 жылдардың аяғына таман өлеңдерін оқығанда естігем ол дауысты. Қазақ жырының аспанында қалықтаған Қасым мен Мұқағалидың жырларынан кейін саңқ еткен құстың үніндей әсер қалдырған. Жырдың күйі деген сол. Тұманбай Молдағалиевтің жүрегіне тұнған жыл құстарының үнінен бөлек. Биіктен саңқ еткен Ақсұңқар құстың екпініндей сорғалайды. Жырдағы сол екпіні мен арыны басылмаған ақын жас кезінде құлашын қалай сілтеп келсе, әлі де сол шабысы мен дабысынан жаңылмағанын бүгін оқып қайран қалып отырмын. Бұрын біз таныған өлең тынысы әлі күнге жүрісін суытпаған. Арындап тұр.

«Күнім түсіп қайдағы бір жаманға –
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда.

Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,
Өз елімді келді-ау нұрға бөлегім.
Иномаркалардың маторларында,
Бензин болып жанып кетті өлеңім…

Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым)
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде
Лапылдап!»

Бұл – Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» жинағының алғашқы бетінде тұрған туындысы. Бертінде, жетпіске келіп жазғаны. Жыр кітабын бір деммен оқып шықтым. Рух кітабы десе жарасады. Бұрынғы «ХХ ғасырдың жиырма сәтінен» біз таныған Серік ауыздықпен әлі алысып келеді екен. Бұрынғы Серік қай Серік еді? Бірге қарайық!

«Көкірегім толған – кек.
Шаршаған бір дәуріштеймін жолдан кеп.
Атилла айғай салады ылғи түсімде:
«Адамзатқа мен де ие болғам! – деп –

Сен бе?
Шаруаң біткендей…»
Ғұмыр бойы тек осы үнді күткендей, –
Өлең жазам сонда шошып оянып,
Қолдан басқа түк келмей!

Киіз Үйден кіріп келсем, бетон үйге үш аттап,
Дауыс салды Ұмай Анам құшақтап:
Атилланың Аруағы жүр еді.
Оны-дағы кеткен екен пышақтап!

Қаралы –
Аруақ өліп барады!
Босағада өңшең өңез күліп тұр –
Аузынан мүңкіп арағы!
Көк Бөріден қалған ғадет бар әлі,
Тілмен жалап жүректегі жараны, –
Ұлып!
Кезем –
Даланы!!!

Күллі жырым – Көк Түркідей – қаралы:
Ғалам түгіл, Қазақ естімеген соң,
Жерді тастап!
Елді!
Бала-шағаны, –
Көк Тәңірі-ау, Саған жөнеп барады!

Өткен тарих, келесі, –
Салт Атты мен Жаяулардың егесі!
Тәңірі ғана түсінетін өлеңді
Өзге тілге тәржімала демеші;
Евтушенко десе ауысқан ел –
Есі –
Танымаса – танымасын мені осы:
Кремльде жүргенімді айтам ба,
Есімді алып Едігенің елесі?!.

Ызалы ой мен тоқсан тарау толғам көп.
Жүрсем-дағы дүниені шолған боп, –
«Халық жауы» ем социализм кезінде,
Капитализм келді… Онда да оңғам жоқ!

Көтерілсем – Көкке төбем тиеді.
Көзім түссе – сұмның беті күйеді.
…Едігем-ай, ешкім ойлап таппады-ау,
Екеумізге жағатын бір жүйені.

Жер беті – лас.
Аһыреттің түсі – аппақ.
Аяр Заман арқамнан кеп пышақтап!!
Феодализм –
Социализм –
Капитализмді
Үш аттап, –
Боздап тұрмын Ұмай Анамды құшақтап!!!»

Немесе:

«Наполеон елінің еркесі, өр,
Көсіле жамылған көрпені.
Мәскеуді бір рет өртесе ол,
Едіге – үш рет өртеді.

Түркінің тағы бір өркені,
Тәңірдің нұрына бөленген, —
Үйсіннен – Жамбыл кеп өртеді
Мәскеудің жүрегін – өлеңмен.

Жасынды жалмаған ұртымен,
Түске еніп Доспамбет көкем-дүр –
Енді кеп мен шықтым Түркіден!
Дүние не болар екен бұл?..» («Көкейімде
Күлтегіннің жазуы» кітабынан).

Серікті оқып, тереңіне бойлау үшін көнедегі көшпелі халықтың, әсіресе, Түркілер дәуірін, Алаш ұранды елдің ежелгі тарихын жақсы білу керек. Дала төсінде емін-еркін көшіп-қонып, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған көшпелі елдің рухы – азаттық пен еркіндіктің символы. Серік жасаған соны образ! Қазақ хандығының айбынды заманын жырлау арқылы ерлік пен өрлікті ту еткен елдік сананы оятады. Отаншыл рухқа бастайды. Мемлекеттік, ұлттық сана-сезімді жоғары ұстап, ту қылып көтереді.

«Құдірет жоқ Құдайдың қуатындай:
Ұят берді – Ұлтымның Ұятындай!
Топыраққа керемет кие салды,
Бөкейханнан – Әлихан туатындай!
Көкірекке көл қылып шер сіңірді –
Көз жасымен көйлегін жуатындай…
Иман берді нәпсіні тыятындай,
Сабыр берді – ішінен тынатындай;
Тағдыр тартты – тар жол мен тайғақ кешіп,
Ақыл-есті абдырап жиятындай;

Далам қандай –
Бес бірдей Франция,
Бебеулемей, беліме сиятындай!
Ар дарытты аздырмас текті ірітіп,
Көк Бөрісі кеудемде кекті – ұлытып!
… Қалай Тәңірі осынша ұлы ұлысқа
Ұлттық сезім сыйлауды кетті ұмытып?!.» – дейді ақын.

Еске бірден Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері түседі. Мағжаннан кейін алаш тақырыбы мен түркілік рухты жеріне жеткізе жырлаған – осы Серік пен Темірхан Медетбек ағасы десек, ешкім таласа қоймас. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай» дейтіні бар. Мағжан мұралаған түркілік сарындағы азаттық жырының келісті де, кесек үлгісі Ақсұңқарұлына да тән дер едік. Қазақтың өлең өрісі мүлде өзгеріп, басқа арнаға ауысқандай күйге бөлейді оның жырлары. Қазақтың ұлттық танымы мен Алаштың асқақ рухы еуропалық үлгімен қабыса қалғаны қайран қалдырады. Мұны ақынның өзі айтсын:

«Таң атады. Түс, Ымырт, Түн кіреді.
Естіледі Музаның мұңды лебі.
Эрмитажда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол, кім біледі?

Түсімде де өмірді, өңде көріп,
Сан түскенмін сабама жөнге келіп.
Қызыл-жасыл дүние көшіп жатты,
Көз алдымда көлбеңдеп, дөңгеленіп.

Арғымақтар даланы, саланы асып,
Жердің шаңы бұлттармен араласып; –
Дүр етті де жоқ болды, бәйгені де,
Көкпарды да аспанға ала қашып…

Қала біткен қыз құсап боянады.
Қызықтырмай, қаратпай қоя ма әрі.
Отырардың түсіне Помпей кіріп,
Ұйқысынан шошынып оянады.

Жан рақаты Джунгли жанатынан,
Хиросима үстінде – қара тұман.
Көгершіндер ұшып жүр, бұрқ-бұрқ етіп,
Оқ-дәрінің иісі қанатынан…

Ұштым мен де жаһанның шетін көріп,
Қызыл-жасыл дүние не түрге еніп,
Кілем жапқан тұр диван-кроваттар
Махаббаттың төсегі секілденіп?!

Таң атады. Түс. Ымырт. Түн кіреді,
Естіледі Музаның мұңды лебі.
Эрмитажда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол, кім біледі?..»

Ал, Серіктің махаббат лирикасы қазақ ақындарының мақамына келе бермейді. Өзгеше! Махаббатты азаматтық лирикадай, азаматтық лириканы махаббат тақырыбындай жырлағанды мен осы ақыннан көрдім. Өртенуге шақ отыра ма, қалай? Сойының өзі айтып тұрғандай, аспан текті Сұңқар ақынның мына кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты дүние. Оған күмән келтіруге болмайды.

Ақынның азаматтық, отаншыл рухтағы жырларын оқығанда алған әсерімді ақыр соңында махаббат лирикасын парақтағанымда, құстың үнімен астасқан күй қайта көміп кетті. Ерте көктемде, кеш күзде көк жүзінде тізіліп ұшқан құстардың әуезін бар ықыласыммен үздіге тыңдаушы едім, Серік! Солардың арасынан біреуі ерекше үн қатар еді. Сол кәусар әуезден жүрегімде ән түзіліп, романс ойнап жатады. Сенің үнің, сенің демің, сенің лебізің сол ерекше үн қататын құстың үніндей әсер етеді маған. Сенің өз әуезіңді өзіңе қимайтын көркеуделер аққудың өз әнін өзіне қимайтын байғұстар ғой, лаулап жана бер!

Ілия ЖАҚАНОВ,
композитор, жазушы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.