«Парасатты отбасы» облыстық байқауының үздіктері анықталды

34

Аймақ көлемінде ұйымдастырылған «Парасатты отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада жүзден жүйрік шыққан отбасыларды облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев құттықтап, құрмет көрсетті. Жалпы өңір бойынша өткен байқауға облыс бойынша 9717 отбасы қатысып, 432 жанұя аудандық және қалалық сынға жолдама алған. Аталған байқаудың бұл сындарынан үздік шыққан 144 отбасы облыстық сынға қатысыпты. Осыншама отбасының 19-шы облыстық сында 11 номинация бойынша үздік деп танылды. Оларды аймақ басшысының орынбасары Талғат Мамаев құттықтап, алғысын білдірді.
– Байқау ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті, «Жамбыл адалдық алаңы» және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – қоғамның негізі қалайтын отбасы институтын дамыту. Сондай-ақ отбасындағы бауырмалдық, қайырымдық қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. Он мыңға жуық отбасы қатысқан байқаудың ақтық сынында «Парасатты отбасы», «Көп тілді отбасы», «Интеллектуалды отбасы» сынды номинациялар көптің көңілінен шыға білді, – деді Талғат Шәриұлы.
Сондай-ақ ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев аталған байқаудың өңірдегі отбасыларды парасаттылыққа баулитынын тілге тиек етіп, қоғамның жақсаруы осындай өнегелі отбасылардан басталатынын жеткізді.
Мұнан соң байқаудың «Парасатты отбасы», «Саяхатшы отбасы», «Үздік оқырман», «Өнерлі отбасы», «Жомарт отбасы», «Интеллектуалды отбасы», «Көп тілді отбасы», «Өндірістегі үздік отбасы», «Ең салауатты отбасы», «Шеберлер отбасы» және «Шығармашыл отбасы» номинациялары бойынша бақ сынаған үздік 19 отбасы марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.