«Сауатты сөздің сарайы»

134

Ерлан ЖҮНІС,
республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі:

– «Ар-Ай» – Жамбыл жастығының жарқын дауысына айналған басылым. Жастық болғанда, желбір-жекен кейпіндегі желдірме, желөкпе жастық емес, өз ойында орныққан, бастыққан, бағыт-бағдары айқындалған, ұстанымы қалыптасқан, өзінің бет-бейнесі бар, республикалық ракурстардан қарайтын азаматтың жастығы. Басылымның ең алғашқы саны, алғашқы ұжымы, ондағы ақжарма тілектер мен асуды бағындыруын тілеген ағалардың ақеділ сөзі де әлі көз алдымызда. Содан бері 15 жыл өткені, содан бері сан буын алмасып, еңбек етіп келе жатқаны көңілге қуаныш пен жұбанышты қатар сыйлайды. Неге десеңіз жабылу үшін ашылатын газеттердің қарасынан көз ауырып, жаңғырыққан дауысынан құлақ тұнар кезеңдер де өтті. Соның бәрінен біздің жастығымыздың газеті сергек әрі сенімді қадамдармен асып өтіп келеді. Қанша жасты қалыптастырған, есімі қазір елімізге белгілі журналистердің қаламын қатайтқан, достық пен татулықтың бесігіндей ұжым, сауатты сөз бен салиқалы ойдың сарайына айнала бастаған басылым, шын мәнінде өзінің брендтік аты бар сөз шеберханасына айналып отыр. Орта толсын, ойлы жастың газеті! Мерейің үстем болсын!