«Шығармашылығым шыңдалған шеберхана»

161

Азамат ЕСАЛЫ,
облыстық «Білім және өнер» мәдени-танымдық журналының Бас редакторы:

– Бұл газеттің ашылуы үлкен құптарлық шешім болған. Сол кездегі ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік ағамызға осы газетті ашып беруге тікелей ықпал еткені үшін алғыс айтуымыз керек. Өйткені жастарға үлкен мүмкіндік болды. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген талантты жастардың бірқатары осы «ARAI» газетінен түлеп ұшқаны елге мәлім. Егер де бұл газет болмаса олар шығар ма еді, шықпас па еді, ол да белгісіз.
Одан кейін көптеген талантты жастарды қазіргі таңда жұмыспен қамтып отыр. Ел аумағында алғаш рет ашылған мұндай газет, қазір мен білсем бір-екі ғана өңірде бар. Тұңғыш рет жастардың жанашырына айналған газеттің Жамбыл жерінде қанат қаққаны үлкен қуаныш, зор мәртебе. Мақтанып айтуға тұрарлық шаруа деп айтсақ, асып айтқандық болмас.
Осы ретте жастардың жаршысы болған «ARAI» газетінің он бес жылдық белесі құтты болсын! Әулиеаталық талантты, жігерлі жастарға шығармашылық табыс тілеймін. Өз мүмкіндіктерін барынша көрсетсін. Осы он бес жылдың ішінде «ARAI» еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі өңір шежіресін түгендеп, жаңалықтың жаршысына айнала білді. Жастар осы газеттен рухани тағылым алып, үлкен белестерді бағындыра берсін. Болашақ жас журналистердің ұстаханасына, шығармашылығын шыңдайтын шеберханаға айнала бергей. Тәңір талай азаматтарға осы газеттің ғасырлық мерейтойын көруді жазсын!