Мәдениет

Тараз төрінде Шәмші әндері әуеледі

Тараз төрінде Шәмші әндері әуеледі

Музыка керметін жаһанға мойындатқан Шәмші Қалдаяқов көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен «Менің Қазақстаным!» атты аймақтық ән байқауы қазақ даласын әнімен тербеткен композитордың құрметіне арналды. Аталмыш шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы ұйымдастырса, кәсіпкер Ләззат Жабатаева қаржылай демеушілік көрсеткен. Қатысушылар өнеріне баға берген қазылар құрамында аталған екі ұйымдастырушыдан бөлек облыстық «Педагог тәлімі» журналының бас редакторы Гүлнар Есмаханова, композитор Қалия Сейітхалыққызы, «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Дана Садыққызы болды. Байқауға Түркістан облысынан, Шымкент және Тараз қалаларынан өнерпаздар қатысты. Қазылар алқасының шешімімен шымкенттік Ақмарал Басымбекова мен Мақсат Жанпейісов (екеуі орындаған дуэт) бас жүлдеге лайық деп танылды. Тараздық Еламан Салауатқа жүлделі бірінші орын бұйырса, Түркістан облысынан келген Заңғар Валиев пен тараздық Айман Орманова жүлделі екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орын Жамбыл ауданынан келген ақын Қуаныш Ауғанбаевқа берілді. Сондай-ақ, тараздық Қайсар Құралбек пен Милана Якова, леңгірлік Балдық Қавбдешова, шымкенттік Света Әбішева мен Жомарт Барлыбаевтар арнайы жүлдеге ие болды.

Кәсіпкер Ләззат Жабатаева алдағы жылдарда да осы байқауға демеуші болатынын айтса, ақын Ғайни Әлімбекқызы: «Шәмші – әндері барлық музыканың сұлтаны. Ол ешқашан ескірмейді. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарды бүгін тамаша мүмкіндік жасап қуанттық деп ойлаймын. Бұл байқауды алдағы жылдарда да тұрақты өткізуді көздеп отырмыз», -деді.