Татулықты ту еткен «Тағылым»

51

«Досыңа достық – қарыз іс» деп ғұлама бабамыз Абай Құнанбайұлы айтқандай Тәңірден беріліп, маңдайға жазылған ұлы сезімдердің бірі адамзат баласының бір-бірімен достығы екені айдай анық ақиқат. Асыл дініміздің өзі Адам ата мен Хауа анадан жаратылған барша адамзат баласының түп тамырын тоғыстыратын тағылымға бағыттайтыны тағы бар.

Ұлан-ғайыр ұлы далада да жүз отыздан астам ұлт өкілі ғасырлар бойы бір үйдің баласындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек біріктіріп тату тірлік кешіп келе жатқаны тарихтан белгілі. Әрине осындай бірлік бақ, достық дәулет болып дарыған текті топырақтың бірі Әулиеата жері. Күні кеше ғана қазақ халқы мен дүнген ұлысының тағдырлы һәм тағылымды достығын дәріптейтін қысқаметражды фильмнің тұсауы кесілді.
Мен білмеймін шегарасын,
Солтүстік пен түстіктің.
Мен білмеймін шегарасын,
Жолдастық пен достықтың, – деп қазақтың қадірлі қаламгері Саттар Ерубаев айтқандай, бір шаңыраққа сан тараптан уықтай ұйыса кеткен өзге ұлт өкілдеріне керегедей кең құшағын жайған еліміз үшін достық пен ынтымақтың киесі әу бастан белгілі. Ұлтымыздың даладай дархан пейілінің арқасында бұл күнде еліміз мейірімділікпен де, тектілігімен де әлемге мәшһүр болып отыр.
Қордай аудандық мәдениет үйінде тұсауы кесілген «Тағылым» қысқаметражды фильмінің де мағынасы мол, ғұмыры ұзақ ұлтаралық достықты дәріптей білді. Бейнетуындының алғашқы көрсетіліміне ақсақалдар мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысса, ғаламтордағы «YouTube» желісі арқылы оны он бес мыңнан аса көрермен тамашалап, оң бағасын беріп отыр.
Жалпы фильм өте әсерлі шыққан. Қарапайым ауылдағы екі ұлттың қарасирақтарының ойнап жүріп ренжісіп қалған бүлдіршіндерге дүнген ақсақалы тоқтау айтып, өскелең ұрпаққа екі ұлттың басынан кешіп келе жатқан шежірелі байланысты, үлкен достықты сөз етуден бастау алады. Сонау бір жарым ғасырға жуық екі ұлттың достығын өсиеттеп, тарихты тағылыммен тоқайластырып, баян етеді. Фильм екі достың қарым-қатынасы жайында түсірілген. Нақтырақ айтсақ қазақ пен дүнген ұлты өкілдерінің достығын баяндайды. Оның барысында дүнген ұлтының қазақ жеріне келіп қоныстанған уақыты суреттеледі.
Онда қазақ елінің қонақжайлығы әдемі көрініс тауып, пана іздеп келген қонағына қонысынан жер беріп, бауырына басқаны көркем суреттелген. Қазақ ұлтының дәстүрі, рухани мұрасына айналған әуезді әндері баян етілген.
Келер таңға қиял жалғап, сыр толғасып кей күн біз,
Шын досы жоқ адамдарды аяу керек дейтінбіз.
Адал достық құдіретін ешбір сезім бөгемес,
Тіпті көзсіз махаббаттан оның даңқы кем емес.
Тірліктегі менің әрбір өрісім мен жеңісім,
Ең негізгі қуаныш боп есептелді сен үшін.
Қалжыраған сәттерімде қайғы-мұңмен қағысып,
Пейіліңді қанат етіп, сен жетуші ең ап ұшып, – деп Мұхтар Шахановша айтсақ, сол уақытта екі ұлттың кішкентай Мағжан мен Щимар атты ойын балалары айырылмас дос болып, олардың жақындығы бүгінгі ұрпағына дейін жалғасқанын осы бір туынды әсерлі жеткізгендей. Мағжан өзінің айырылмас досына асық ойынына дейін үйретіп, екеуі өмір өрнектерін бір арнаға үйлесімді тоғыстырады. Дүнген ақсақалдың тұз-дәмі таусылар сәттегі ұлына айтқан ақтық аманаты да қазақ ұлысымен адал достықты үзбеуі көпшіліктің көзіне жас үйірді. «Әрдайым қазақтармен жақын, дос болыңдар. Қазақ ұлты болмағанда біз баяғыда пана таппай жойылып кетер едік. Осыны ешқашан ұмытпаңдар және менің саған айтқан осы аманатымды кейін менің жасыма келгенде өзіңнің ұлыңа өсиетте», деген сөздері расымен көпшіліктің көңілін босатқаны анық. Фильмде суреттелгендей екі ұлт бір жарым ғасырға жуық уақыт бірге күн кешіп, талай соқпақтан бірге өтіп, қызық-қиыншылықты қатар көріп келеді. Сол ғасырларға ұласқан достықты бір туындыға сыйғызған «Тағылым» киносы талайдың көңілінен шығып отыр.
«Расында бізге фильм өте қатты ұнады. Мен өзім бала кезден осы киелі өлкеде өсіп өніп келе жатқандықтан, тағдыр қосқан айырылмас достарымның да басым көпшілігі қазақтар. Әрдайым бір-бірімізге қарайласып, қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз. Біздің ата-аналарымыз да қазақ ұлысының салт-дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Аталарымыздың алғаш осы өлкеге келген, оларды қазақ халқы үлкен сыйластықпен қарсы алып, панасына алған сәтті фильмнен көргенде көзіме жас келді. Қазақ халқына деген құрметім менің ата-бабаларымның аманаты ғана емес, өзім үшін де өмірлік үлкен ұстаным болып қала бермек», дейді Масанчи ауылының тұрғыны Ибрагим Вансан. Ал фильмді үлкен әсермен тамашалаған аудан тұрғындарының бірі – Саламат Әбдраев: «Дүнгендердің балаларымен қоян-қолтық араласып өстік. Расында жаман ұлт болмайтыны анық. Өзімнің әріптес, сыйлас достарымның арасында да адал дүнген достарым, замандастарым бар. Өмірдегі ең маңызды құндылықтың бірегейі де осы сыйластық деп білемін. Фильмдегі қазақ баламен өзінің шынайы өмірлік қуанышын бөлісіп келген дүнген жігіт секілді менің де жолдастарым бар. Сондықтан фильм тура біздің өмірімізден алынып отыр десем жалған болмас», дейді. Идея авторы аудан басшысы Рүстем Дәулеттің, сценарийін жазған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұлдың, режиссері Нұрлан Жұмаділлаевтің және Бауыржан Елебековтың операторлық жұмысы да көптің көңілінен шықты.
Фильмді бірге тамашалаған қазақ және дүнген ақсақалдары да сөз алып, төс қағыстырып, татулықтың туын бір қолмен биіктетті. Жастарға өсиет айтты. Алдағы уақытта жаңа фильм кейінгі өскелең ұрпаққа да тағылымды туынды болады деп сенеміз. Бейнетуындыны тамашалап болған сәттегі алған әсерімізді біз де қазақтың қабырғалы ақыны Жұмағали Саинның жырымен қорытындыласақ:
Көк жүзіне көтере мақтап бүгін,
Әндетейік бәріміз достық жырын!
Сақтайық біз достықты ардан қымбат,
Сақтағандай көздің нұр қарашығын!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ