Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы Қырғызстанда аталып өтті

44

Бішкек қаласындағы Қырғыз Республикасының «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясында хал­қымыздың ұлы ақыны және жырау Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ пен қырғыздың ақтаңдай ақыны – Жамбыл» атты іс-шара өтті.

Конференцияны ашық деп жариялаған «Манас» және Ш.Айтм­атов ұлттық акаде­мия­сының президенті Топчубек Тұр­ғұналиев қырғыз бен қазақ халқының бауырлас ел болғаны мың жылдан артық тарихы бар «Манас» эпопеясында айтылып, манасшылар мен жыршы-жыраулардың тіліне тиек болып келе жатқанын, бүгінгі іс-­шараның себепкері алып ақын Жамбыл Жабаев ондаған ғасыр­ бойы үзілмей келе жатқан сол жыршылық дәстүрді жалғас­тырған бірегей ақын екенін, егіз ел­дің арасындағы қарым-қа­ты­нас бүгінгі күнде де заңды жал­ғасын тапқанын, соның бір жар­қын көрінісі осы басқосу болып отырғанын атап өтіп, сөз­ ке­зегін іс-шараны өткізудің ұйыт­қысы болған Халықаралық Түр­кі академиясының президенті Дар­хан Қыдырәліге берді.

– Алатаудың бауырында іш­кен суы­мыз да бір, жаугершілік заманда тіккен туымыз да бір біртуған ха­лық­пыз, сондықтан Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы қырғыз жерінде бас­талып жатқаны жақсы нышан. Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды «Жамбыл жылы» деп жарияламақшы. Жамбылдың өзі «Сүйегім – қазақ, етім қырғыз» деп айтқан. Манас, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов – әрбірі қырғыз бен қазақтың ортасындағы рухани көпір. Іс-шарамыздың «Манас» және Ш.Айтматов ұл­ттық академиясын­да өтіп жат­қаны символикалық мәнге ие үлкен оқиға. Жамбыл қыр­ғыз ақын­дарымен тығыз бай­ланыста бол­ған. Солардың бірі Тоқтағұл Сібір­ден келе жатқанда Жамбыл досының ауылына арнайы тоқтаған.

Сонда Жамбыл үзеңгілес ақын­ның мерейін:

«Келдің бе, ақиығым, алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден. «Алмас пышақ қап түбінде жатпас» деген, Хан-төре айналмай ма сендей ерден», деп асқақтатып, бірнеше күн қа­дірлі қонағы етіп, қырғыз жеріне шығарып салған.

Халықтық жырлардың ғұмыры қашанда ұзақ, елі барда ол мәңгі жасай береді, халықтың мұң-мұқ­тажын жырлап оны жұбатқан, ме­рейін жырлап қуантқан Жамбыл ба­бамыздың екі елге ортақтығына бүгін де куә болып отырмыз, – деп іс-шараны өткізу тізгінін қол­ға алған модератор сөз ке­зегін Қырғызстанның Мәдениет, ақ­парат және туризм министрі Нұр­жігіт Қадырбековқа берді.

– Ақтаңдай ақын Жамбыл ата­­мыздың мерейтойы қырғыз елі­­мізде өтіп жатқанына біз қуа­­­намыз, – деп сөзін бас­та­ған­ министр, – бұл мерекелі кон­ференцияға қырғыз зиялы қауы­мының қалың тобының келуі ұлы жырауға көрсетілген құрмет деп білемін, – дей келе, Жамбыл Жа­баевтың ақындық өмір жолына шолу жасап, ол жолдың ізі қырғыз жерінде де сайрап жатқанын, ұлы жыраудың шығармаларын қырғыз еліне танытуды министрлік те міндетіне аларын, «Жамбылды оқу сөзіміздің қазынасын, өзіміздің рухымызды байытады», – деп Нұр­жігіт Қадырбеков биылғы жылдың барысында Жамбыл Жа­баевтың 175 жылдығына ар­нал­ған барлық іс-шараларға бел­сенді қатысуға министрлік даяр екендігін жеткізді.

– Жамбыл мерейтойы қырғыз жерінде басталғаны әбден дұ­рыс. Жамбылдың жүрек­ке жетер жырларын оқы­ғанда, біз­дің де күретамырдағы қа­ны­мыз қазақтардікімен бір­дей со­ғады. Кезекті айтысты Жам­был мен Тоқтағұлға арнап ұйым­дас­тыр­саңдар жақсы болар еді, – деп сөзін бастады, – Қырғыз Рес­пуб­ликасының Жоғорку Кеңе­шиниң экс-спикери Медеткан Ше­рімқұлов дөңгелек үстелді жағалай отырған «Ай­тыш» қорының төрағасы Садық Шерниязға қолқа салып. Қадірлі ақсақалдың кеңесін дереу іліп алған Садық Шернияз: «Өткіземіз, өзіңізді жюри төрағасы етіп сай­лайық», – деп жауап қайтарды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сы­мен, екі мемлекеттің ара­сын­­дағы келісімге орай, биыл Қа­зақ­станның мәдениет күндерін Қыр­­ғызстанда өткеруге қызу даяр­дық жүріп жатқанын конферен­цияның қатысушыларын онлайн­дық тікелей экраннан мереке­лік іс-шарамен құттықтаған Қазақстан­ның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атап өтті. Эстафетаны 2022 жылы қырғыз жағы қолға алмақшы.

Сондай-ақ онлайн байланысы арқылы Қазақстанның М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директо­ры Кен­жехан Матыжанов сөз алып, институттың дарабоз жырау­дың 175 жылдығына орай атқары­ла­­тын іс-жоспарын таныстырып, Жамбыл феноменіне көңіл бұр­­ған қырғыз жұртшылығына ризашылығын білдірді.

Қырғыз Рес­пуб­ликасының Ұлттық ғы­лым академиясына қа­расты Ш.Айт­­матов атындағы Тіл және әде­биет институтының директоры, академик Абдылдажан Ақма­талиев Жамбыл Жабаевтың жыр­­лары мектептері оқу­лық­­тарында және жоғары оқу орын­дарының филология бағы­тындағы факультеттерінің бағ­дар­ламаларында кеңес дәуірі кезінен-ақ үздіксіз оқытылып келе жатса да, Жамбылдың бай мұра­сын жариялау, зерттеу қырғыз мәдениеті үшін тың арна екеніне тоқталды. Қырғыз манабы, әскери қайраткер Шабдан батырдың асында (1912 жылы Қырғызстанның Чүй (Шу) аймағының Кіші Кемін өренінде өткен асқа Орта Азия­дағы елдердің өкілдері де қатысқан. Аста 2500 киіз үй тігіліп, 2 мыңдай жылқы, 10 мыңдай қой сойылған деген сөз бар. Тарихшы С.Абрамзон асқа 50 мыңнан аса адам қатысқанын жазған) Жамбыл қазақтың «Қыз Жібек» жырын жырлағанын, ұзақ өмір сүрген айтулы ақын қырғыздағы өзіне замандас ақындармен қоян-қолтық араласқанын, ең көп араласқаны қырғыздың ақыны және сазгері Мұраталы Күреңкеев болғанын баяндап, институт биыл 175 жыл­дықтың аясында Жамбылдың жырларын қырғыз тілінде жинақ етіп шығаратынын мәлімдеді.

Жинақты институт пен Халық­аралық Түркі академиясы бірігіп шығарайық деген ұсынысын ор­таға салған ака­демия басшысы алда атқарылатын істер туралы айтып берді. Академия Жамбыл Жабаевтың таңдамалы өлеңдері мен толғауларын және айтыстарын қырғызшалап Тоқтағұлдың мекен­дестеріне жеткізбекші. Қа­зақ-қырғыз зиялыларының ке­зек­тегі V форумы «Жамбыл және түркілердің жыршылық салты» атты айдарымен өтпекші. Оған қа­зақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қа­ра­қал­пақ, башқұрт және ноғай сияқты бауырлас елдердің жыршы-жыраулары шақырылады.

Қырғыз Республикасының Ұлт­тық жазушылар одағының тө­рағасы Нұрлан Қалыбеков ә деген­нен-ақ әдебиет пен мәдениет мемлекеттің идеологиялық құ­ралы болуы керектігіне зал­да­ғы­лардың назарын аударды. Кезінде Мұхтар Әуезов Жам­был Жабаевты биікке көтерді, содан кейін барып, біз­дікілер онсыз да халықтық ақын – Тоқтағұл Сатыл­ғановқа «демократ ақын» айдарын берді. Егемендік жылдарынан бастап, Қазақстан билігі әдебиет пен өнерді қолдап келеді, бізде әдебиет пен өнер адамдары өз күнін өзі көріп келді», – деді. Нұрлан Қалыбеков қазақ еліне белгілі әңгіме – Жамбыл Жабаевтың Мәскеуге өнер дека­да­сына бар­ғандағысын айтып бер­ді.

Конференцияда келелі ой айт­қан­дардың бірі «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академия­сының бөлім басшысы, фольклоршы, филология және тарих ғылым­дарының докторы, профессор Сулайман Қайыпов болды.

–1934 жылы Мәскеуде өткен КСРО жазушыларының бірінші съезінде Максим Горькийдің баян­­дамасынан кейін ел арасынан шық­қан ақындар – Дағыстандағы лезгин мен авар халықтарынан Сулайман Стальский мен Расул Ғамзатовтың атасы – Ғамзат Цада­са, әзербайжаннан Бұлбұлоғлы, қазақтан Жамбыл Жабаев және басқалар одақтық, қала берді әлемдік әдебиет сахнасына шық­­­ты. Сондықтан ұлт ақыны Жам­­­былдың қырғыз елінде 175 жыл­дық ме­рей­тойының басталуы қырғыз бен қазақтың төкпе ақын­дары шығармашылығының жүйелі түрде зерттелуіне жол ашып береді деген ойдамын. Рас, Жамбылдың ақындық шеберлігі әр тарапты қарастырылған, шы­ғар­маларының текстологиясы, жариялану библиографиясы, сөз­дігі, поэтикалық зерттемесі – бәрі бар. Дегенмен біз әдебиетті зерт­теушілер әрбір поэтикалық сөзді химиктердің элементтерді мил­лиграмына дейін өлшеп анық­тағанындай зерттей алмай ке­леміз. Бұл тұрғыдан алғанда, Орта Азияның, атап айтқанда, қазақтың атақты филолог-ғалымы Есмағамбет Ысмайыловтың со­нау 1956 жылы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Ақын­дар», «Акыны» монографиясы жалғыз методологиялық жолкөрсеткіш болған. Ол тарих қойнауында қалып, ұмы­тылды. Менің ұсынысым – Ха­лық­аралық Түркі академия­сы сол үлгіні жалғастырып, Жам­былдың 175 жылдығының аясында ауыз әдебиетін зерттеудің зама­науи жаңа методологиясына жол ашып берсе, біз қырғыз оқымыстылары да сол жолмен жүрер едік. Басқа жаратылыстану ғылымдарындағыдай, әдебиеттану ғылымының да де­ректік негізін қалыптастыру ләзім. Бұл ғылым­дағы үлкен секіріс болар еді, – деді біршама жыл Біш­кек­тегі Қырғыз-Түрік «Манас» уни­верситетін басқарған ғалым.

Жарыссөзге шыққан қыр­ғыздың белгілі кино-теле ре­жис­сёрі Замир Эралиев мек­тептегі жасөс­пірім кезі­нен Жам­­­­был Жабаевтың «Ленин­град­тық өренім» өлеңін жатқа білгенін еске алып, қазір­гі таң­да қырғыздың жас және ор­та буыны Жамбылды жақсы білмейтініне қынжылысын жет­кізді. «Оның бір себебі ғасыр жасаған алып ақын Жамбыл туралы Қазақстаннан сыртқы елдерге тараған көрнекті фильм жоқ. Қырғыздың әйгілі кинорежиссері Болот Шамшиев манасшы Саяқ­бай Қаралаев туралы фильм түсіріп, оның есімін мәңгілік етті. Фильм елу жылдан бері үз­дік­сіз қайталанып көрсетіліп, экран­нан түспей ке­леді». Ұлттық салт-дәстүрге су­­ғарылған өнер туындылары идео­­логияның өзегі болуы керек. Өкінішке қарай, бұған жете ал­май келеміз. Менің тілегім «Жамбыл жылын» жария­лағалы жатқан Халықаралық Түр­кі академиясы биыл Жамбыл мен Тоқтағұлды бас кейіпкерлер етіп, бауырлас екі елдің рухани жетіс­тіктерін, суырып салма ақындардың талантын түркі әлеміне ғана емес, бүкіл дүниеге танытатын, оның үстіне қырғыз бен қазақтың біртұтастығын паш еткен көркем бе, әлде деректі ме фильм түсірсе құба-құп болар еді, қыр­ғыз киношылары да құр қол қалмайды», – деген пікірін айтты.

Қырғызстанда төкпе ақындар айтысының және манасшы өнері­нің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан қайраткер, Қырғыз Рес­публикасы Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты Садық Шернияз «Айтыс» қоры құрылған соң, көп ұзамай «Қырғыз-қазақ ақын­дарының айтысы» жыл сайын­ өтке­ріліп келе жатқанын, биыл 31 тамыздың алдында Қыр­ғызстан­ның Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғына және «Айтыс» қорының 20 жылдығына орай өткізілетін «Қыр­ғыз-қазақ ақындарының айтысы» Жамбыл Жабаевтың 175 жыл­дығына арналатынын жария­лады.

Қырғыз Республикасының ха­лық әртісі, сазгер, публицист Қырғыз телерадио корпорация­сының «Улутман» («Ұлтман») бейнепорталының жетекшісі, әрі жүргізушісі, 2016-2017 жылдары Мәдениет, ақпарат және туризм министрі болған Түгелбай Қазақов Қазақстанға барған бір сапарында Алматы облысындағы Жамбыл мұражайында болғанда таңғалғанын әңгімелеп берді.

– Заңғар тұлғаларға көзінің тірісінде сый-құрмет көрсеткенге не жет­сін! – деп жалғады әңгі­ме­сін Түгелбай Қазақов. – Қазақ­тың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдас­бековтің «Жүз жыл жасаған жү­рек» деген кітабы шыққан. Он­дағы эпизодтардың қырғыз еліне де қатысы бар. Осы еңбек Жам­былдың 175 жылдығы шең­берінде қырғызшаланса деген тілегім бар.

Іс-шараның барысында Ха­лықаралық Түркі академиясы мен «Манас» және Ш.Айтматов ұлттық академиясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды және Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітап­тар­дың – «Манас» эпосының, Абай Құнан­баевтың қырғыз тілінде жарық көрген «Таңдалма ырларынын ака­демиялык жыйнағы» таныс­тырылды.

Алқалы жиын қырғыздың жас төк­пе ақыны Ақматбек Сұлтанұлы­ның Жамбыл Жабаевтың «Қырғыз ұлы, құлақ сал» өлеңін жырлаумен аяқталды.

– Қырғыз ұлы, құлақ сал,

Ежелден қимас бауырым.

Жайлап жүрдік саялап

Іле, Шу, Нарын бауырын.

Атамыз болған бал тату,

Анамыз болған жан тату,

Келін менен бозбала,

Ұлы менен қыз тату.

Басына басы қосылып,

Жанына жаны қосылып,

Араласқан ауылым,

Бірер ұрттам сүт тапса,

Бөліп ішкен қауымым,

Əлемге айғақ мен Жамбыл,

Ашық айтар ұл-қызға.

Қазақ бауыры қырғызды:

– Батырым! – деп мақтаған.

Бір қыңыр сөз айтпаған:

– Ақ қалпақты ер қырғыз,

Төрге шық! – деп сыйлаған.

Қазақ барса қырғызға:

– Кел, қазағым, кел! – деген,

Қимас бауырым сен, – деген,

Бала қайда? Малға бар,

Бағлан алып кел! – деген», – деп қырғыздың мақамымен төгіп-төгіп жырлаған Ақматбек, қомыз ұстаған ақынның үнін естігісі ке­ліп отырған қатысушылардың айы­зын қандырды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Қырғызстанның жалпыұлттық  «Қырғыз туы» газетінің қызметкері,

egemen.kz