Жаңа маусым махаббат дастанымен ашылды

42

Кеше Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 85-маусымының шымылдығы жазушы-драматург Болат Бекжановтың «Айша бибі» қойылымымен түрілді. Көрермендер ежелгі Тараз тарихының символы Қарахан мен Айшаның тағдырын сахналаған спектакльді үлкен ықыласпен тамашалады.

Қойылым барысында карантинге орай белгіленген барлық санитарлық талаптар толығымен сақталды. Ең алдымен сахнаға шығып, сөз алған театр директоры, аталмыш шығарманың авторы Болат Бекжанов Алматыдағы М.Әуезов театрынан кейінгі ел аумағындағы қарт қара шаңырақтың ұлт тағдырындағы орны мен маңызына жан-жақты тоқталып өтті.

– 85 жыл – үлкен тарих. 1936 жылы осы жерде театр ашылып, ең алғашқы әртістері Шәріпбай Сәкиев, Жомарт Абызбаев, Жолтай Жұмақұл секілді актерлардың бағын ашты. Кейін Тұрар Ізбасаров, Спандияр Мұқышев секілді талай талантты актерлердің буыны осы шаңырақта абыройлы қызмет етті. Осы сахнада тер төкті. Театрымызды үлкен белеске көтерді. Сол тарих жалғасты. Бүгінде солардың ізін басқан, жолын қуған жастар заманауи тұрғыда театрымыздың туын құлатпай көкке көтеріп келеді. Жалпы бұл сіздердің театрларыңыз. Қазақпын, ұлтпын деген азамат театрды құрметтеуі керек. Осы өнерді өскелең ұрпаққа насихаттауымыз керек. Сондықтан алтын уақытын бөліп арнайы келіп отырған театрсүйер қауымға, жастарға алғыс айтамыз. Қара шаңырақ сіздер үшін қызмет етеді. Горький «Театр адамдар жүрегіне асыл қасиеттер егеді» дейді. Адам қай мамандықтың иесі болса да парасат бірінші орында тұруы тиіс. Театр сіздерге осы парасатты сыйлайды, – деген театр директоры Болат Бекжанов көрермендерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

Бұдан кейін көпшілік шежірелі тарих пен шиеленіскен шытырманға толы қойылымды бар ынта-ықыласымен тамашалады. Айта кетсек, туындының қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, сценографиясын жасаған қоюшы-суретшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева. Ал Айша мен Қараханды сомдаған Назым Ақылова мен Кенен Ақүрпековтің, сонымен қатар қойылымдағы актерлер ұжымы қос ғашықтың тағдырына қатысты барлық кейіпкерлердің табиғатын толығымен аша білді. Біз де театр ұжымын өнер мерекесіне айналған жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, таланттарына табыс тілейміз!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ