Жауһар жырға айналған ғазиз ғұмыр

59

«Ескі қазақ баласы, шынында, өлеңмен қарсы алынып, өлеңмен шығарып салынатын болған. Бұл қазақ рухына анық сіңген мінез еді» дейді ұлт марғасқасы Мұхтар Әуезов. Ал өмірге ақын болып келіп, рухы өлеңге айналып кеткен жасын ғұмыр сол рухани мінездің айқын көрінісі емес пе? Қамшының сабындай ғана қысқа өмірден қыршын кетсе де қазақ әдебиетінің қазынасына өлеңмен өшпес өз үлесін қосып кеткен аяулы ақын Бауыржан Үсенов тірі болса биыл алпыс жасқа толар еді. Десек те Абай хәкім айтқандай, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған».

Баһадүр Бауыржан Момышұлы мен ұлт руханиятының абызы Шерағаның кіндік қаны тамған киелі Жуалы топырағында өмірге келіп, қазақ поэзиясының шамшырағын маржан жырмен маздатқан Бауыржан Үсеновтің алпыс жылдығына орай күні кеше ғана «Жарқырап өткен жыр-ғұмыр» атты жаңа жинақ жарық көріп, өлеңсүйер қауымға жол тартты.
«Ол қазақтың дарынды ақындарының бірі еді. Отыз жасында жазмыштың оғына ұшты. Қыршынынан қиылды. Көп арманын айтып үлгермеді… Бауыржанмен базары мол студенттік шақта жақын араласқан дос болдық. Кейін оның қазасына арнап өлең жаздым. Ажалға қимайтын, жігіт еді. «Бүгінгінің Сәкені» дейтінбіз. Дауысы күмістей. Әншінің әншісі. Ақан серінің «Маңмаңгері» мен «Балқадишасын», халық әні «Екі жиренді», Омар Хаямның рубаиларын домбыраға қосып айтқанда, әдемі дауысы қазіргі ҚазҰУ қалашығының барлық түкпіріне бірдей жететін. Сазгерлігі қандай десеңізші?! Бір әні бір әніне ұқсамайтын. Мұқағалидың сезімге толы өлеңдеріне, өзінің өзекжарды жырларына жазған әндері жиырмадан асып жығылатын. Аламан топта сөз бастаған айтыскерлік қуатын қалай айтпасқа?! Суырып салып, арқалана төккенде аузынан күміс төгіліп жатқандай болушы еді. Ол аса талантты ақын ретінде өзін көпке мойындатып үлгерді. Бірге жүрген аз ғұмырда бір-бірімізге іңкәр болдық. Сағынысып тұрамыз. Кездессек жарқылдап кетеміз. Домбыраны бір қолдан бір қолға өткізіп, айтысып жүретін кездеріміз де көп… Бауыржанды Жуалыға соңғы рет шығарып салған күні оның күлімсіреген көздерін ең соңғы рет көріп тұрғанымды қайдан білейін?!», деп емірене естелік жазған ақынның досы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазығұрт» баспасының президенті Темірғали Көпбайдың жеке қаражаты есебінен жарық көрген жаңа жинаққа жауқазын жыр ғұмыр иесінің замандастары, үзеңгілес достары мен аяулы жарының жүрекжарды естеліктері, жан тебірентер арнау өлеңдері топтастырылыпты.
Осы секілді ақынның адал досы, белгілі журналист-публицист Шоқан Шөжекеев алғы сөзін жазып, небәрі отыз жылдық ғұмырында артына бір томнан астам өлең-жыр, поэма, оннан астам сазды ән қалдырып кеткен асқақ жырдың иесі, дауылпаз ақынды ардақтау – кейінгі буынның міндеті екенін өзі кестелі сөзімен де, естеліктерді тізіп-терген жанашырлық ізгі ісімен, ізденісімен де айшықтай түскен. Оқырман қауым һәм өлеңсүйер көпшілік көптен күткен бұл кітапқа «Ақынның аты – Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан… Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар» деген марқұм Шерағамыздың лебізінен басталып, Иран Ғайып, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып,Табылды Досым, Есенқұл Жақыпбеков, Маралтай Райымбекұлы секілді ел ақындарының, ал Әулиеата топырағынан ақынның көзкөрген замандастары Көсемәлі Сәттібайұлы, Амангелді Әбіл, Қуаныш Иембердиевтің тебіреніске толы тың естеліктері мен отты өлеңдері топтастырылған. «Білгің келсе мен жайлы жырымды оқы, Онда менің жүрегім көрініп тұр», деп Бауыржан Үсеновтің өзі айтқандай, өлеңінен өн бойы өртке соққан дауылдай ақын жайлы жарық көрген жаңа кітап та алпыстың асқарындағы өр шайырды көз алдыңызға елестетері анық.

«Жарқырап өткен жыр-ғұмыр» кітабы әдебиетсүйер қауымның таудай сағынышын басып, өлең өлкесіне аяқ басқан өскелең ұрпақтың бағдаршамына айналады деп сенеміз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ