Жүрекпен жырлап, жан емдейтін жазушы

0 78

Қазақ руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан халқымыздың қаймағы – ақын, жазушыларымыз аз емес. Олар әр ғасырдың, әр дәуірдің жырлаушысы, замана ағымын көркем сөзбен кейінгіге қалдырған асыл тұлғаларымыз. Солардың бірі, бүгінгі дәуірдің жырлаушысы, ақын әрі сазгер Әкім Ысқақ биыл алпыстың асуына шықты.

Әкім Ысқақ – бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы, қарымды қаламгер, сатирик әрі журналист. Осы тұста аталмыш Заңды жарыққа шығаруда халық қалаулысының аз арпалыспағанын айта кету керек. Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы көшіп келіп, 1 миллионнан аса қандасымыз атамекенге оралды. Ә.Ысқақ Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген қандасымыздың азаматтық алуына, пәтер алуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп, Ауғанстандағы, Пәкістандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген 700 қазақтың аман-есен елге оралуына жәрдемдесті. 1997 жылы Стамбулда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысып, Отанын аңсап жүрген қандастарымыздың алдында сөз сөйледі. 1997 жылдың қорытындысында бұқаралық ақпарат құралдарының бағалауы бойынша «Жыл адамы» атанды.
Ақынның мерейтойына орай жастар арасында «Жүректегі жазулар» онлайн-бейне байқау ұйымдастырылып отыр. Әкім Ысқақ шығармашылығын көркем оқудан сайысқа түсетін бұл байқауға 10-35 жас аралығындағы жастар қатысуда. Жеңімпаздар бағалы сыйлықпен, қаржылай сыйақымен марапатталады. Байқаудың өту барысы туралы қаламгердің өзі айтып берді.
– Бұл онлайн-бейне байқау туған жерім Ордабасы аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен өтуде. 29 тамыз күні қазылар алқасы жолданған бейне жазбалардың лайықты жеңімпаздарын анықтайды. Байқаудың мақсаты – жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, бойындағы талантын ашып, жеңіске деген ұмтылысын күшейту болып отыр, – дейді ол.
Ақын шығармашылығына тоқталар болсақ, балаларға арналған «Котлет» тұңғыш сықақ әңгімесі 1977 жылы «Қазақстан пионері» газетінде басылды. Қаншама жылдан бері «Абзалдық әліппесі», «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе-кітаптары мектептегі «Өзін-өзі тану» пәнінің қосымша оқу құралы болып келеді. Жалпы мектеп оқулықтарына бірнеше шығармасы енген. Тараз қаласы «Сенім» баспасынан шыққан «Жүректегі жазулар», «Күн ұлымын» кітаптары Сарысу ауданы мектептерінде қосымша факультативтік сабақ ретінде оқытылды.
Иә, Әкім Ысқақ әдебиет әлемінде бірнеше бағытты қатар алып жүрген қаламгер. Балалар әдебиетіне үлес қосып, сатира жанрында қалам тербеді, ақындық қыры тағы бар. Осы жанрлардың қайсысы жаныңызға жақын деген сұрағыма Әкім Әбдіқайымұлы тебірене жауап берді.
– Адам барлық перзентін теңдей жақсы көретіні сияқты мен де қай жанрда қалам тербесем, әрқайсының орны мен үшін бір төбе. Бала күнімнен сатираны жаныма серік еттім. Қазір де балалар сатирасын алып жүрмін. Сатира күштілердің қаруы. Өмірдегі келеңсіз жәйттерді астарлап, өткір әзілмен жеткізу міндетім. Лирикалық өлеңдер де жүрегіме жақын. Өзім өмір бойы күнделік жазған адаммын. Өз-өзіммен сырласамын. Көзі тірісінде атам үнемі жазу жазып отыратын. Не жазып отырады десем өз ұрпағына, балаларына өсиет жазады екен. Кейінгі кезде мен де атамның жолымен кейінгі ұрпағыма, жас буынға өсиет жазуды қолға алдым. «Алтыным» кітабы атамнан көрген асыл қасиеттен бастау алды, – дейді жазушы.
Кейінгі толқын – жастар алдыңғы буын ағалардың, әдебиет майталмандарының құнды дүниелерінен гөрі шетелдің психологиялық, мотивациялық еңбектерін оқуды жөн санайды. Солардан баюды, мінсіз адам болуды үйренгісі келеді. Дегенмен бай болу үшін де, адам болып қалыптасу үшін де қазақтың кемеңгері Абай жырлағандай еңбек пен ақыл керек екенін естен шығарып алады. Әкім Ысқақтың шығармашылығы жастар іздеген сол мотивацияға толы. Әр өлеңі, жазбасы өмірді сүюге, қиындықпен күресуге, ғашық болуға, әр сәттен жақсылық іздеуге үндейді. Өмірдің өткінші, тым қысқа екенін айтып, оны мағыналы, мәнді етіп сүруге шақырады. Жазушының «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Алтыным» кітабы жігерлендіруге, өмірге деген құштарлықты арттыруға бағытталған. Өз оқырманын еріксіз баурап, жан дүниесін ақтарып, көңілінің кілтін тауып, жан серігіне айналады. Қаламгер «Алтыным» кітабы туралы өз ойын былай жеткізді: «Соңғы уақытта қалам тербеп жүрген бұл шығармам адамдарды жігерлендіруге, рух беруге бағытталған. Өмір онсыз да қысқа. Саналы ғұмырды өкпе-ренішке емес, ізгілік пен игі істерге арнасақ қандай жақсы. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Адамдарға жақсылық жасаңдар, жақсылық жасау қолдарыңнан келмесе жамандық жасамаңдар» деген екен. Біреу маған жамандық жасады деп, оған да жамандық ойламау керек. Әркім өзінің жан дүниесінің деңгейінде өмір сүреді. «Алтыным» кітабы кейінгі жастарға, қиындықтардан шаршап жүрген адамдарға, шөлдеп жүрген жандарға тамшыдай көмегін тигізсе деген ниеттен туындады. Карантин кезінде мектеп оқушылары осы туындым бойынша бейнероликтер түсіріп, жақсы бір дүниелерді жарыққа шығарып жатты. Бір жанның жан жарасын жазуға септігім тисе мен үшін бұл үлкен қуаныш», дейді Әкім Ысқақ.

Гүлбақыт Берікқызы,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.