Қазақстан

«Жұмыспен қамту»: Жамбылда жүйелі шаралар оң нтиже беруде

Халықты жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу – негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі

 Жамбыл облысында халықты жұмыспен қамту шаралары Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылып келеді. Биылғы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында облыста 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов айтуынша, есепті кезеңде 24 940 жұмыс орны ашылып, жоспар 37 пайызға орындалды. Өңірлік карта бойынша 31 746 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, субсидияланатын жұмыс орындарымен 15 197 адамды қамту жоспарланып, нәтижесінде 11 889 азамат жұмысқа орналасқан.


Жұмыссыздықтың алдын алу үшін  басқарма тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып келеді. Мысалы, 1 291 адамды қысқамерзімді оқытуға тарту жоспарда бар. Онлайн оқыту курсында 2 610 жұмыссыз азамат білімін жетілдіріп, оның 2 421-і сертификат берілген. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жастар арасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микрокредит қарастырылған.

– Аталған қаржылай қолдау  21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5 пайызбен беріледі.Биыл облыс бойынша 362 адамға шағын несие бөлінген. Негізгі шарттарына тоқталатын болсақ, шағын несие 5 жылға дейін, ал малшаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Ең жоғарғы сома – 5 миллион теңге. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды, бірақ кепіл міндетті. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу уақыты 5 жылдан аспауы керек, – дейді басқарма басшысы.


Сондай-ақ жыл басынан бері Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріліп келеді. Атап айтқанда, биыл 1 008 адамға 1448,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру көзделген. Өтінімді қабылдау кезеңдері 20-31 мамыр аралығында өткізілген. Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту жоспарланып, 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек 27 661 адамға тағайындалып, оған 1 349,4 миллион теңге қаржы көзделуде. 

– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған азаматтардың ішінде 6 305 адам еңбекке қабілетті. Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 054 адам тартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік топтама қазір ақшалай берілуде. Мөлшері 1 балаға 5 538 теңге. Бұл мақсатқа 980,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15 786 баланы қамту жоспарланған.

Есепті кезеңге 8 568 балаға 196 миллион теңге тағайындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны 8 227 адамға, яғни 22,9 пайызға азайды, – дей келе, Еркін Келесов атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюына олардың жұмыспен қамту шараларына тартылуы оң әсер еткенін сөз етті.Айта кетейік, облыс көлемінде жергілікті мәслихат  шешімдеріне сәйкес осал топтағы азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндеріне орай біржолғы көмектер көрсетіледі. Есепті кезеңде 6 981 азаматқа 899 659 мың теңге төленген.

  Бұл тұрғыда Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 16 513 адамды жұмыспен қамту жоспарланыпты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі қала бойынша мансаптық орталық филиалының берген мәліметі бойынша, жыл басынан 5 шілдеге дейін 10 368 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 5 418 азамат жіберілген.Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде электронды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының халықтың жұмыспен қамтылуына тигізіп жатқан септігі мол. Биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 805 орын болып бекітілген екен. Оның ішінде 659-ы тұрақты, 146-сы уақытша жұмыс орны. Бүгінгі таңда 421 адам жұмысқа тұрып, жоспар 53,3 пайызға орындалған. 

– Тараз қаласы бойынша биыл жұмыс берушілердің сұранысы негізінде жұмыссыздарды қысқамерзімді оқытуға 225 азамат және жұмыс орнында оқытуға 65 азаматты жіберу жоспары бекітілді. Аталған жоспарды орындау ақпан айынан бастау алды. Бүгінгі таңда 63 жұмыссыз азамат оқуға жолданды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 867 тұрғынды оқыту курсынан өткізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 771 азамат оқуға жолданып, оның ішінде 486 адам оқуды аяқтаса, 79 тараздық жеке кәсіп ашты. «Enbek.kz» платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн оқытуға 658 адамды жіберу көзделген еді. Десе де меже артығымен орындалып, яғни бүгінгі таңда 777 адам онлайн оқуға жолданып, 711 адам қолына сертификат алды. Сонымен қатар қайтарымсыз грантқа осы жылға бекітілген жоспар саны 180 адамды құрады.

Бұл межені орындау барысы 2 лектен тұрады. Бірінші лек 20-31 мамыр аралығында бастау алып, 421-ден аса тұрғын онлайн құжаттарын тапсырды. Төртінші маусымнан бастап бірінші лектің қатысушылары бизнес жоспарларын комиссия мүшелері алдында қорғап шықты. Нәтижесінде 90 адамға мемлекеттік грант тағайындалды. Биыл жастарға арналған  2,5 пайыздық шағын несиені 108 өренге беруді көздеп отырмыз, – деді Тараз қалалық мансап орталығының директоры Сәбит Мүсірепов.

Биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 675 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған екен. Бұл шаруа да рет-ретімен жүзеге асуда. Осы жылдың қаңтар айында 285 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен «Жастар тәжірибесінен» өтуге жіберіліпті. Оның ішінде 64-і өз жұмысын аяқтады. 46 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.Сонымен қатар осы жылы  «Алғашқы жұмыс орындарына» 140 жұмыссызды жіберу жоспарланса,  қазірге дейін 56 жұмыссыз азамат жолданыпты. «Алғашқы жұмыс орындарына» жолданған жұмыссыз азаматтар 18 ай жұмыс істейді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 60 адамды орналастыру жоспарланған.

Бүгінгі күнге 35 жұмыссыз адам еңбекке араласты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 1 430 жұмыссыз азаматты орналастыру көзделсе, есепті мерзімде 1 906 азамат жұмысқа тұрып, меже артығымен орындалды. Оның ішінде 257-сі жұмысын аяқтап, 181-і тұрақты жұмысқа орналастырылады. «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 7 жас жұмыспен қамтылу керек болған. Әзірге 5 азаматқа жұмыс табылған. «Күміс жас» жобасына 303 адамды жолдау жоспарланып, бүгінгі күнге 365 адамға жұмыс тауып беріліп, оның 17-сі бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі жетсе, алтауы тұрақты жұмысқа орналасты. 

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек алу ісі тиісті азаматтарға шартсыз және шартты түрде көрсетілетіні белгілі. Шартсыз көмек алушылар – бұл еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жоқ отбасылар. Шартты көмекті еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар алады. Шартты ақшалай көмекті тағайындау үшін алдымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы бойынша міндеттемелері көрсетіледі.Анығын айтқанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу міндетінен I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, күндізгі оқу бөлімінің оқушылары, студенттер, тыңдаушылар, курсанттар мен магистранттар босатылады. Сондай-ақ үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, I немесе II топтағы мүгедектігі бар балаға, бөгде адамның күтіміне және жәрдеміне мұқтаж қарттарға күтім жасайтын адамдарға, тұрақты жұмысы бар тұрғындарға  және екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар азаматтарға бұл міндетті емес. Облыс аумағында атаулы әлеуметтік  көмек тағайындалған 27 661 адамға 1 349,4 миллион теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері оның ішінен 1 054 адам жұмысқа тартылған. 

– Биылғы  наурыз айының соңында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылынан келген делегаттармен бірлесе ауылдарды араладық. Осылайша тұрғындар арасында ерікті түрде солтүстікке қоныс аударғысы келетіндерге жәрдемдесу, жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Ізденушілермен жұмыс жасау» және «Жұмыс берушілермен байланыс жасау» бөлімінің қызметкерлері «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұжырымдама» аясында халық көп шоғырланатын түрлі сауда орталықтары мен базарларда айына 2 реттен жұмыссыз азаматтар арасында ақпараттық түсіндіру шараларын ұйымдастыруда.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квоталау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда облыс әкімдігінің «2024 жылға жекелеген санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квота белгілеу туралы» қаулысындағы 2024 жылға ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру межесін орындау үшін 10 жұмыс берушінің келісімімен 15 бос жұмыс орнына квота белгіленді. Қазіргі таңда осы квотамен 7 адам тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді Сәбит Мейірханұлы.


Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бойынша осы жылға 9 азаматты еңбекке тарту жоспарланған.