Қоғам

13 жыл бұрын анасы Қарағандының перзентханасында тастап кеткен баланың қазір қайда екені беймәлім - прокуратура

Бала қағаз жүзінде Осакаров ауданындағы «Пионерский» балалар үйінде деп жазылған

Қарағандыда 2011 жылы туған баланы анасы перзентханада тастап кеткен. Кейін ол қағаз жүзінде жетімдер үйіне өткенімен, ол баланың шын мәнінде қайда және кіммен екені белгісіз, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 

Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлап отыр. Есеп бойынша бала қазір 13 жаста. Оны әлдекімдердің саудалауы мүмкін деген күдікпен прокуратура қылмыстық іс қозғады. Прокурорлар мектеп жасындағы бұл баланың «Отбасының цифрлық картасында» мектепке бармайтын бала ретінде тіркелгені анықтаған. 

"Тексеріс көрсеткендей, құжаттар бойынша баланы 2011 жылы анасы Қарағанды қаласының облыстық перинаталдық орталығында жаңа туған нәресте кезінде қалдырып кеткен. Кейін ол Осакаров ауданындағы «Пионерский» балалар үйіне тапсырылған. Алайда, прокуратура бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, баланың іс жүзінде жоғалып кеткенін және оның қайда екені белгісіз екенін анықтады", - деп хабарлайды прокуратура. 

Қазір Қарағанды облысы Осакаров ауданы прокурорының нұсқауы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы - кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны белгілі.