Әлеуметтің әлеуеті артып, тұрғындардың танымы өзгерді

151

«Бірлік – оқ өтпес сауыт» дейді қазақ даналығы. Ұлтымыз қай кезде де ынтымақтың қадірін біліп, татулықты ту еткен. Рас, Қордай қақтығысы ең әуелі санаға соққы берді. Ұйып отырған ұлттар арасындағы кикілжіңді базбіреулер ағайындық араздыққа апарғысы келді. Дін мен тілді, ұлт пен болмысты желеу қылып, жымысқы ойларын жүзеге асыруға тырысқандар да болды. Десе де билік дер кезінде текетірестің тамырын тап басып, ауыл ақсақалдарымен бірлесіп бұқараны бірлікке шақыра білді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысында қолға алынған «Бейбітшілік және келісім» жобасы да өз нәтижесін берді. Міне, содан бері бір жыл сынаптай сырғып өте шықты. Осы мерзімде ұлттар мен ұлыстар бірліктің қадірін ұғынды ма? Тұрғындардың танымы мен түсінігі қаншалықты өзгерді?
Ең әуелі рухани тұрғыдан келсек, қара халықтың санасына сәуле түскені даусыз. Тараптардың тізіп тұрып жеткізген талаптары кезең-кезеңімен шешімін тапты. Мәселен дүнген ұлтының өкілдері ең көп шоғырланған Сортөбе, Масаншы, Ауқатты және Қарасу ауылдық округтерінде дін мен тіл түйткілі тұрақталды. Аудан бойынша 35 мешітте діни ахуалды бақылау мақсатында бейнебақылау орнатылып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен 8 мешіттің имамдары ротацияланды. Сондай-ақ ауданның да бас имамы ауыстырылды.
Бұл әрине бұқараның көкейіндегі күдікті сейілтуге жасалған алғашқы қадам болды. Бұдан кейін этникалық дүнгендер шоғырланған ауылдарда діни неке қию үрдісін біріздендіру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының облыстағы өкілдігімен бірлесіп, АХАТ мекемесіне өтініш берген жастардың ғана некесін 18 мешітте қиюға рұқсат етілді. Соның нәтижесінде заңсыз неке қию тыйылды.
Аймақ басшысы «Қордай» құран қариларын дайындау орталығының жұмысына да жіті назар аударғанын ел жақсы біледі. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйесін тауып, олқылықтардың орны толды. Тағы бір игілікке үндеген іс Сортөбе ауылынан «Имамдар үйі» ашылды. Мұнда бүгінде оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері мен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныптары жамағаттың жүрек жарасын жазып, рухани санасын жаңғыртуда.
Тіл төңірегіндегі түйткіл де Қордай ауданында бүгінгі дейін өзекті болды. Алайда жыл ішінде жұртшылықтың мемлекеттік тілге деген түсінігі өзгеріп, түйсігі оянды. Өткен жылдың өлшеміне көз салсақ, «Тілдерді оқыту орталығы» Қордай аудандық бөлімшесінде «Үш тұғырлы тіл» саясаты аясында 1040 азамат оқытылып, 16 мемлекеттік қызметші, 906 бюджеттік сала қызметкері, 10 студент, Масаншы, Ауқатты, Сортөбе мешіттерінің 59 имамы және аталған ауылдардың 49 тұрғыны тілдік курстан өтті. Оның ішінде 995 тұрғын мемлекеттік тілде әріп танып шықты. Өзге ұлт өкілдерін жекелей айтсақ, 61 орыс, 894 дүнген, 2 ұйғыр, 16 қырғыз, 4 әзірбайжан, 7 өзбек, 1 кәріс, 1 қарашай, 1 балғар және 1 татар мемлекеттік тілді меңгерді. Бұған дейін уағызды жамағатқа тек ресми тілде жүргізген 56 мешіт имамының қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы жан жылытады.
Бұқараның рухани, һәм ұлттық танымын кеңейтуден бөлек билік әлеуметтің әлеуетіне де баса көңіл бөлді. Есепті кезеңде елді мекеннің еңсесін тіктеу үшін 35,1 миллиард теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылды. Мұндай ауқымды құрылыс жаңа жұмыс орындарына жол ашып, жобалар аясында 4630 жұмыс орны құрылды.
Қордайлықтар былтыр баспана бақытына да көптеп кенеліп, әрбір ауылда қоныс тойы тойланды. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «асарлатып» 15 үй салынса, Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерді. Дәл сондай 5 қабатты үй елді мекеннің «Шығыс» алқабынан да салынды. Ал Қаракемер ауылындағы 20 коммуналдық пәтер кілті Тәуелсіздік күні қарсаңында көпбалалы отбасылар мен жас мамандарға табыс етілді.
Былтыр ауданда жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі күнге дейін 7,4 шақырым жол жаңадан салынса, 343,6 шақырым жол орта жөндеуден өткен. Нәтижесінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелер 75 пайызға жетіп отыр. Ал Қаракемер, Масаншы, Сортобе, Бұлар Батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай және Еңбек сынды 9 ауылдың көшелері 100 пайыз асфальттандырылды.
Қордайлықтар үшін көгілдір отын мәселесі 70 жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай келген. Былтыр бұл түйткілдің түйіні тарқатылып, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 248 шақырымды құрайтын жобаға 11 миллиард теңгедей қаражат қаралды. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газға қосылып, көгілдір отынмен қамту үлесі 95 пайызға жетті.
Қордай ауданы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 6 елді мекенге тіршілік нәрін тарту үшін 2,7 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында тұрғындардың орталықтандырылған ауызсуға қосылу көрсеткіші 78 пайызды діттеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Сонымен қатар құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын «Қордай» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін бітетін болса, Гвардейск қалашығында құны 6,9 миллиард теңгені құрайтын биологиялық-иммунды препараттар, оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысы да аяқталуға таяу. Бұл тұста айта кетерлігі «Қордай» өткізу пункті Қырғызстан мен Қазақстан мемлекеті үшін үлкен саяси маңызға ие. Сондай-ақ қордайлықтар үшін де екі ел арасын берік байланыстыратын, һәм туризм мен сауда-саттық бағытындағы алтын көпірге айналып отыр.
Өткен жылғы Қордай оқиғасынан кейін зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына келсек, бүгінде 103 нысан демеушілер есебінен жөнделді. Сондай-ақ ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес 213 миллион теңгеге 54 өртенген нысан (41 үй, 13 кәсіпкерлік) толықтай қалпына келтірілді.
«Нұр-Ниет» қайырымдылық қорынан 600,0 мың теңгеге 42 үй және жергілікті кәсіпкерлер есебінен 1,4 миллион теңгеге 29 үй реттелді. «Қызыл сызық» ережесін бұзған 25 нысан бұзылып, Масаншы ауылында демеушілер есебінен салынған шағын футбол, стритворкаут, балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Одан бөлек ауыл тұрғындарына арналған демалыс аллеясының құрылысы аяқталып,ел игілігіне қызмет етуде.
Осылайша қордайлық тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті жыл ішінде арта түсті. Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, қордайлық дүңген ұлтты диаспораның Отан алдындағы әскери борышын өтемейтіндігі туралы көп айтылған. Алайда 2019 жылы 27 дүнген азаматы әскерге аттанса, былтыр олардың саны 38-ге жетті. Осылайша бір жыл ішіндегі жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өзге ұлт азаматтарының әскерге баруы 30 пайызға артып отыр.
Әрине жоғарыда аталған дүниелердің барлығы жұртшылықтың тұрмысын түзеп, танымын кеңейту мақсатында жасалып жатқаны анық.
Енді тек осынау жасалған игіліктердің қадірін біліп, қордайлықтар бірлік пен татулықты сақтай білсе игі.

Біржан ӘЛІМБЕТ,
Қордай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы