2021 – сиыр жылғы мерекелік даталар, тарихи оқиғалар мен тұлғалар өмірі

57

Атам қазақтың «диірменнің тасындай, шыр айналған дүние-ай» дегені сияқты әуресі мен әлегі көп 2020-шы ақ Тышқан жылы да уақыттың терең қойнауына сіңді. Енді міне, ай мүйізін ақырын шайқап, 2021-ші Сиыр жылы ғаламның табалдырығын аттады. Қош келдің, кілегей сүті тіліне байланған Зеңгі баба түлігі.

Биыл «Тәуелсіздігіміз жария­ланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн» деп Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев айт­қандай, елдігіміздің еңсесі тік­теліп, шаңырағы көтерілген құт­­ты оқиғаға 30 жыл толатын аса маңызды дата. Яғни 2021 – Тәуел­сіздігіміздің торқалы то­йын атап өтетін тарихи жыл.

Одан кейін биыл ұлы ағар­тушы-педагог Ыбырай Алтынса­риннің туғанына 180 жыл толса, «Даланың бұлшық еті» атанған әйгілі балуан Қажымұқан баба­мыз­дың да 150 жылдығы ел көле­­мінде атап өтілері хақ. Бұ­лар­дан басқа «халық үшін жү­рек майын шам қылған» (С.Торай­ғыров) алаш арыстары Әлихан Бөкейханның туғанына 155, Ахмет Бірімжановқа 150, Әлімхан Ермековке 130, Жақып Ақбаев­қа 145 жыл толады екен.

Сондай-ақ, Кеңес дәуірінде қазақтан шыққан тұңғыш әскери қайраткер генерал-майор (1943) Шәкір Жексенбаев, ақын жазушы, аудармашы Қалмахан Әбдіқадыров (15 сәуір), әнші-сазгер, қазақ өнерінің майталма­ны Манарбек Ержанов (8 нау­рыз) қатарлы тұлғалардың туға­ны­на 120 жыл толса, композитор, музыка зерттеуші-педагог Ахмет Жұбанов, Қазақстаның халық әртісі, ескі Әнұран авторы Латиф Хамиди (17 шілде), қоғам қайраткері, биология ғы­лым­­дарының докторы Кәрім Мыңбаев (15 тамыз), танымал жазу­шы Сейітжан Омаровтың (22 маусым) туғанына 115 жыл тола­ды екен.

 Сол сияқты биыл жалынды ақын Қасым Аманжолов (10 қазан), жазушылар Ғабдол Сла­нов (15 қыркүйек) пен Зейтін Ақы­шовтың (18 сәуір) туғанына 110 жыл толса, Қазақстанның халық жазушы Хамит Ерғалиев (14 қазан), майдангер-жазушы Баубек Бұлқышев, қазақ бок­сы­ның атасы Шоқыр Бөлтек­ұлы (29 қазан), Абайтану ғылы­мының негізін салушы Қайым Мұқамедханов (5 қаңтар) қатар­лы тұлғалардың туғанына 105 жыл толмақ.

Бұлардан басқа 2021 жы­лы атақты заңгер, академик Са­лық Зиманов (19 ақпан), Қазақ­станның Халық жазушысы Тұр­сынхан Әбдірахманова (5 қара­ша), түркітану ғылымының не­гізін қалаушы, филология ғы­лым­­­дарының докторы Ғұбай­дол­­да Айдаровтардың (18 мау­­сым) 100 жылдық, даңғыл ақын Мұқағали Мақатаев (9 ақпан), мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков (28 тамыз) пен Өмірбек Жолдасбековтің (1 наурыз) 90 жылдық торқалы той­ла­ры өз кезегін күтері анық.

Тізімді әрі қарай жалғастырар бол­сақ, атақты ақын Олжас Сү­лей­менов (18 мамыр), ақын Марфуға Айтхожина (25 тамыз), жазушылар Сайын Мұрат­беков (15 қазан) пен Қабдеш Жұмаділов (24 сәуір), академик Өмірзақ Айтбаев, өнер қай­рат­керлері – Сәбит Оразбаев (29 қаңтар), Фарида Шәріпова (16 желтоқсан) және боксшы Әбдісалан Нұрмахановтардың туға­нына биыл 85 жыл толады екен.

Бұларға жалғас танымал ақын-жазушылар Бексұлтан Нұр­­жекеев (22 ақпан), Исраил Са­пар­бай (15 тамыз), Сұлтан Ораз­алы (30 сәуір), Тұрсынзада Есімжанов (21 қаңтар), өнер қайраткері Есмұхан Обаев (23 маусым), академиктер Еділ Ер­ғожин (7 қараша) мен Мұрат Жұрынов 80 жасқа толар болса, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров (27 шілде), дүниеден өткен қолөнер шебері Дәркембай Шоқпаров (23 мамыр) пен сазгер Кеңес Дүйсекеев (10 ақпан) 75 жастың биік белесіне шығатын көрінеді.

 * * *

Яғни әлем күнтізбесінен жаңа парағын ашқан 2021 жыл – ұлт руханияты үшін даталы оқиға­ларға толы. Атап айтқанда, 1911 жылы 16 наурызда Ордада Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев қатарлы алаш арыстарының атсалысумен «Қазақстан» атты газет шықса, осы жылы А.Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңдер жинағы; Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі; Шәңгерей Бөкеевтің «Шайыр», «Көк селдір» атты өлеңдер жинағы Орынборда жарық көрді. Сонымен қатар 1911 жылы «Айқап» журналы өмірге келсе, ХІХ ғасырдағы қа­зақ ауыз әдебиетінің белді өкіл­дерінің бірі ақын Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) «Бала зары» атты өлеңдер жинағы Қа­зан қаласында басылып шыққан екен. Жоғарыдағы құнды еңбек­терге биыл 110 жыл толып отыр.

Келесі бір тарихи оқиға – 1916 жылы патшалық билікке қарсы қазақ даласында өрбіген ұлт-азаттық қозғалысқа 105 жыл болса, 1921 жылы 22 нау­рыз­­да Ташкентте «Жас алаш» газеті жарық көріп, 14 наурызда Вер­ный қаласын «Алматы» деп атау жө­нінде Түркістан ОАК қаулысы шық­ты. Бұл даталы оқиғаларға биыл – 100 жыл.

Сол сияқты, 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында Бүкілодақтың І Түркология съезі өтіп, оған Қазақ­стан атынан А.Байтұрсынов пен Н.Төреқұлов бастаған өкіл­­дер қатысты. Бұл оқиғаға биыл 95 жыл толса, осыдан 85 жыл бұрын 1936 жылы 5 жел­тоқ­­санда ҚазАССР-і КСРО-ның құ­ра­мын­дағы Одақтас Респуб­лика ретінде қайта құрылды.

egemen.kz