2 отбасына үй салып берді

28

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс аумағындағы 1000 тұрғыны бар әр елді мекенде, баспанасы болмағандықтан, біреудің қуыс бөлмесін паналап, жалдамалы пәтерде жүрген, болмаса, апатты деп танылған үйінде тұрып жатқан, негізінен, әлеуметтік жағдайы өте төмен, көпбалалы, кемі 1 жанұяға жыл аяғына дейін асар әдісімен үй салып беруді мақсат еткен тапсырма бергені бар.

Осы үрдіс Меркі ауданында да қолға алынып, барлық ауылдық округтерде қызу жұмыстар бастау алған. Ол үшін белгілі округ әкімі мен ауыл ақсақалдарының ортақ шешімімен пәтерге өте мұқтаж жанұя таңдалып, жер телімі бөлінсе, ел арасында қаражат жинау мен оны тиімді жұмсауға жауап беретін азаматты да ел болып сайлап жатқанын білеміз.

Исламның ізгілікті дәріптейтінін танытатын игілікті істерді облысымыздың мешіттерінің имамдары да көрсетіп келеді. Сондай сауапты істің бірі  Меркі ауданында да жүзеге асты.

Халқымыздың дәстүрі бойынша асарлатып үй салып беруді қолға алған имамдар Меркі ауданында қос бірдей әлеуметтік жағдайы төмен отбасының баспаналы болуына септігін тигізіп, үйсіз жүрген жандарды қуанышқа бөледі.

Қуанышты шараға күннің суығына қарамастан жиналған қауым жаңа шаңыраққа қоныстанғандарға жылы лебіздерін білдірді. Ақ жарма тілектерін ақтарып, жаңа қонысқа шашу шашты.

Қайырымдылықты арқау еткен жиында ауданның бас имамы Батырбек Қасымалиев:

–  Асыл дінімізде мұсылман бір-біріне бауыр дейді. Әрине, бауырлар бірінің басындағы қиын жағдайға бей-жай қарай алмаса керек-ті. Арамызда үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларының жағдайы бізге де ортақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабалар нақылымен жамағат болып, жұдырықтай жұмылып, міне бүгін тағы бір істі тындырып, баспанасыз жүрген бауырларымыздың үйлі болған қуанышына себепкер болып отырмыз. Мұндай  сауапты іс әлі де жалғаса береді, -деп, асарлатып салынған үйге ие болған отбасылардың иелеріне салтанатты түрде үйдің кілтін табыстады.

Қуанышқа тәттілермен шашу шашқан ақ жаулықты аналар ақ тілектерін ақтарса, ақ сақалды аталар баталарын беріп, шашу терген балалар да мәз-мейрам. Қоныс тойын ел-жұртымен бірге тойлаған үй иелері Отанының, жанашыр жұртының барына шүкірлік етіп, қалың халыққа шексіз алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Басқаның басындағы қиындықты бөлісіп, қолдан келгенінше көмек беру – ең сауапты садақаның бір түрі. Ал, садақа көптеген қауіптің алдын алып, табысыңды еселейтін қорғаныш іспетті. Мешіт имамдары халыққа сауапты істі тек қызыл сөзбен жеткізбей, өздері іс жүзінде орындап, үлгі етуді мақсат еткен. Сондай мәнді істің бірі Меркіде де осылайша жалғасын тапты.