Қоғам

Аида Балаева киіз үйде жартылай жалаңаш би билегендерге қатысты пікір білдірді

Мәдениет министрі контент иелерін құндылықтарды құрметтеуге шақырды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаш би билеген контент иелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 

Министрдің айтуынша, кез келген адам қандай контент түсіріп, таратып жатқанына мұқият болуы керек.

Осы орайда ол Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін екенін айтқан. 

“Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді. Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз. Мен медиа-процест жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз”,-деп жазды Балаева жеке парақшасына.