Әлеуметтік нысандардың құрылысы аймақ басшысының жеке бақылауында

0 42

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, құрылысы жүріп жатқан білім беру нысандарын көрді.

№ 4 орта мектептің жаңа ғимаратының құрылысын мердігер жыл соңына дейін аяқтауды мақсат етіп отыр. Жоспар бойынша нысан ағымдағы оқу жылының үшінші тоқсанында тапсырылуы керек. Жаңа ғимарат 180 оқушыға арналуда. Мектепте қазір 166 бала білім алады десек, бастауыш сынып оқушылары уақытша жақын маңдағы № 33 мектепте оқуда.

1944 жылы іргесі қаланған № 16 Д.Карбышев атындағы орта мектептің бас ғимаратының орнында 348 орындық жаңа ғимарат бой көтеруде.

— Жаңа ғимарат келесі жылы дайын болады. Қараша айының соңында үш корпустың бірінің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталады, — дейді мектеп директоры Жанна Оңғарбаева.

Кезекші сыныптар 2008 жылы салынған қосымша ғимаратта білім алуда.

Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға жапсарлас салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа ғимаратта 12 сынып және екі мультимедиялық кабинет қамтылған. Бір ауысымда 300 оқушысы оқи алатын алады.

Мердігер ұйым өз есебінен мектептің негізгі ғимаратының алдыңғы кіреберісі мен қасбетін жөндеп, оған іргелес аумақты асфальттаған.

Бердібек Сапарбаев құрылыс басқармасына мердігерлердің сапалы материалдарды пайдалануын және жергілікті өндірушілерді қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Аймақ басшысы №2 және №22 мектептердің құрылыс қарқынына көңілі толмады. Облыс әкімі келісімшартта көрсетілген міндеттерін бұзып, кестеден ауытқыған жауапсыз мердігерлердің жұмысын сынға алды.

— Келісімшартқа қол қоймас бұрын, ұсақ-түйекке дейінгі барлық жайтты ойластыру керек едіңіз. Ал енді мардымсыз сылтау айтудың не керегі бар? Ауқымды қаражат бөлінгенімен, оны тиімді игеру ісі көңіл көңшітпейді. Егер биыл осы міндетті ұтымды шеше алмасаңыз, онда келесі жылы сізге мұндай жауапты шаруа сеніп тапсырылмайды, — деп ескертті Бердібек Сапарбаев.

Ол құрылыс алаңдарындағы жұмысшылар санын көбейтуді, жыл соңына дейін №22 мектеп ғимаратының қабырғалары мен шатырын тұрғызуды талап етті. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа нысандарға күн сайын барып, тексеріп, кемшіліктерді уақытылы жойып отыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев екінші тоқсанда қосымша тағы да кезекші сыныптарды ашу мәселесін көтерді.

— Мектептер балаларды қабылдауға дайын болуы керек, — деді ол білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға қарата.

Бердібек Сапарбаев Жауғаш батыр көшесінде орналасқан екінші көтермелі сорғы станциясының да құрылысы барысын барлады. Ондағы жұмыстар кестеге сай орындалуда. Мердігер жыл соңына дейін нысанды тапсыратынына сендірді.

— Сорғы станциясының құрылысы 45 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барысхан массиві мен қант зауыты ауданында кварталішілік сумен жабдықтау желілері жүргізілді, — деді Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосынов.

Шаһарды аралау барысында «Көне Тараз» кешені мен Қарахан кесенесін жалғайтын Арбат-3 жаяу жүргіншілер аймағының құрылыс барысымен танысты. Ол арқылы алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары еркін серуен құрып, көрікті жерлерді тамашалайтын болады. Жұмыстарын кешеуілдетіп жатқан мердігерлердің салдарынан нысанның ашылуы ұзаққа созылуда.

— Келесі айдың ішінде барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс, — деп облыс әкімі кәсіпкерлерден талап етті.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев жаяу жүргіншілер аймағының жанында орналасқан «Әулие-Ата» мешітін қайта жаңғырту үшін қаражат бөлген кәсіпкер Айдар Сұлтанұлын әңгімеге тартты. Кәсіпкер қараша айының ортасында келушілер үшін мешіт есігі айқара ашылатынын баса айтты.

Аймақ басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің аумағындағы абаттандыру жұмыстарын да барынша жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

— Жұмыстың негізгі бөлігі жыл соңына дейін аяқталуы керек. Сәулет нысандары ауа-райы жағдайларын ескере отырып орнатылып, өзара үйлесімді көрініс табуы тиіс, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Біз біргеміз» монументі салынып жатқан 14 шағын ауданға да арнайы ат басын бұрды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.