Алматыда жамбылдық ғалым тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

0 44
Сарысу ауданының тумасы, қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Ә.Қалмырзаев Алматы қаласындағы М.Төлебаев көшесiндегі № 98 үйде 1984 жылдан 2012 жылға дейiн, өмiрiнiң соңына дейiн тұрған.
Әбдеш Қалмырзаев — (20.05.1939, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылы – 2012, Алматы) – философия ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
1956 жылы мектепті үздік бітіріп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне түсіп, оны 1961 жылы бітірген. КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын (1981) бітірген.
1961-1968 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер. 1969-1976 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, шетелдермен байланыс секторы, баспасөз бөлімін басқарып, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1976-1981 жылдары Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқиды. 1981 жылы философия ғылымдарының кандидаттығын қорғайды.
1981-1985 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында бөлім меңгерушісі. 1985-1990 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы. 1990-1994 жылдары Алматы саясаттану және басқару жоғары мектебінің ректоры. 1994-2005 жылдары орыс тілінде шығатын республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» (бұрынғы «Коммунист Казахстана») журналының бас редакторы.
1992 жылы Мәскеуде философия ғылымдарының докторы атағын қорғайды. Сол жылы профессор ғылыми атағы берілді.
70-тен аса ғылыми еңбектері жарық көрген. Оның ішінде 3 монография және бірнеше көмекші оқу құралдары мен кітапшалары бар. «Эстетическое в творчестве Абая» (1979), «Нация и общественная сознание» (1984), «Нация и селовек» (1992), «Свобода — не только сладкое слово» (1997), «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» (1998), «Аристотель және Абай», «Казахский патриотизм» (2003), «Заман және біз», «Зов времени» (2004), «Ұлттық идея» (2007), «Разноликая демократия» (2009), «Уақыт және адамдар (2009) атты кітаптары жарық көрген.
Сонымен бірге көркем аудармаға да ден қойып, белгілі орыс жазушысы В.Распутиннің «Ғұмыр бойы ұмытпа», «Ақырғы дем», «Марияға жиналған қаржы» повестерін, Ф.Кафканың «Әкеме хатын» аударған.
Қоғам қайраткері Қабдеш Қалмырзаев қоғам өмірінің алуан түрлі қырларына жіті назар аударып отыратын, ұлттың әлеуметтік-этникалық табиғатына, ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына нарықтық қатынас кезінде қоғам өмірінде қалыптасатын рухани мәселелеріне көңіл бөліп отырған. Қазақ ғұламаларының эстетикалық көзқарастары да оның еңбектеріне арқау болған.
Профессор Әбдеш Сәрсенұлы философия саласы бойынша докторлық дәрежені қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі болды.
«Құрмет белгісі» (1976), «Достық» (1998), «Құрмет» (2005) ордендерімен және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Өмірінің соңына дейін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі болды.
Өзі өмірден өткен соң 3 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Leave A Reply

Your email address will not be published.