Қоғам

«Қамқор жүрек»-тің қамқорлығы

«Қамқор жүрек»-тің қамқорлығы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қамқор жүрек» қоғамдық қорында болып, ондағы балалардың жағдайымен танысты.

«Қамқор жүрек» қоғамдық қоры 2015 жылы құралған. Негізін қалаушы америкалық азаматша Элизабет Турнэк пен Виктория Шарбону. Олар алдымен 2000 жылдары Қазақстанға жетім балаларды қамқорлығына алу мақсатымен келген. Бірақ 2009 жылдан бастап шетелге балалар асырап алуға рұқсат бермеу жөнінде заң шығуына байланысты, осында қор ашып, балаларға қамқорлық танытып келеді.

Қайырымдылық қоры ашылғанда 5 бала қабылданса, бүгінде олардың саны 74-ке жеткен. Орталықтағы балалардың ең жасы 9 айдық нәресте, ең үлкені 16 жаста. Одан бөлек, мұнда жақыны, үй-күйі жоқ аналар да паналайды. Оларға тегін жатын орын мен ас-ауқат, киім-кешек те қарастырылған. Орталықтан көмек алып, аяққа тұрып кеткен аналарда бар.

Балабақша ғимараты ретінде соғылған ғимаратта жататын бөлме, ойын бөлмесі асхана бар. Тар аулада шағын бақша мен компьютер орталығы, оқу кабинеті сынды нысан орналасқан.

Қоғамдық қорға арнайы атбасын бұрған облыс басшысы ғимаратты аралап көріп, ондағы балалар мен аналардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қоғамдық қор директоры Элизабет Турнэктің айтуынша, қордың әлеуметтік желідегі парақшалары мен баспасөз беттерінен өздері жайлы ақпаратты оқып, осында балаларын орналастыруға ниеттілер көп екен. Бірақ оларды қабылдауға ғимараттың тарлық ететінін тілге тиек еткен ол, аймақ басшысына мүмкінігіне қарай кең нысан қарастырылса деген өтінішін жеткізді.

Облыс басшысы бұл мәселені назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, орынбасары мен қала әкіміне балаларға ыңғайлы, ауласы кең ғиамаратпен қамтуды тапсырды.

 

Айжан Өзбекова