Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті

0 46

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Отбасы құндылықтары — қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың негізі» тақырыбында Жамбыл облысы  ҚХА Аналар кеңесінің  көшпелі отырысы өтті.

Отбасы құндылығын арқау еткен жиын Меркі ауданы Сарымолдаев ауылы және Қордай ауданы Булар батыр ауылында жалғасын тапты.

Меркі ауданындағы кездесуде отбасын құрған әйелдердің  азаматтық алу, мемлекеттен жәрдемақы, халықтық қолөнер бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдарды дайындау кәсіпкерлігімен айналысу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу, әйел адамдарды жұмысшы кәсіптеріне бейімдеу, жұмысқа тарту, отбасындағы зорлық-зомбылық және аналардың медициналық сақтандыру мәселелеріне алаңдаушылығы туралы мәселелер көтерілді.

Нәтижесінде, азаматтық алу мәселесі бойынша өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы, заңгер Абдрахман Зайнутдинов құқықтық кеңес беріп, мәселені өз бақылауына алды. Мемлекеттік жәрдемақыны алу бойынша аудандық жұмыспен қамту бөлімі маманы мәселені шешуге атсалысты. Сондай-ақ, арнайы кәсіпке бейімдеу және медициналық сақтандыру бойынша туындаған мәселелер  тиісті органдарға жолданды.

Ал Қордай ауданында қазақ тілін үйрену үшін білікті кадрлардың болуы, этнос әйелдерінің  қызмет орындарында хиджаб емес, дәстүрлі орамал тағуы, отбасы тәрбиесінде отаншылдыққа баулу, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының мектеп тарапынан қыстық киімдермен қамтылуы, сондай-ақ, қазақ халқының  жеті атада қыз алыспау дәстүрі түсіндіріліп, этностарда  кездесетін туыстық және ерте некелесуге жол бермеу мәселелері қозғалды. Кеңеске қатысқан атқарушы орган мамандарынан  жұмыспен қамтудағы этнос әйелдерінің үлесі жайлы да айтылды.

Жиын соңында көтерілген отбасы мәселелері қорытындыланып, тиісті органдарға орындалуға ұсынылды.

Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы қызметі орталығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.