Ақтөбедегі айтулы жоба қолға алынса…

Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер балабақшаға мұқтаж болмайтын еді

0 70

«Сәбидің бәрі бақытты, болуы үшін жаралған» деген жыр әр жүректі шымырлатары сөзсіз. Расымен жарық дүниеге келген әрбір бүлдіршін өмірдің игілігін көруге әбден лайық. Осы ретте тура екі жыл бұрын Ақтөбе қаласында Бердібек Сапарбаевтың ықпалымен туа бітті сал ауруына шалдыққан, Даун синдромымен туған балаларға арнайы балабақша ашылған болатын. Бауыр еті баласы үміт сәулесіне айналған тараздық ата-аналар батыстағы бастама Жамбылда жалғасын тапқанын қалайды.

Айта кетсек 2018 жылы Ақтөбеде берілген бұл балабақша қас қағым сәтте қамшы салдырмай қазанат шабыспен қарыштап, дамыған қоғамға жанары жәудіреп қараған бүлдіршіндерді риясыз қуанышқа бөлегені жасырын емес. Сол жыл аталмыш өңірде «Бақытты балалық шақ» жылы деп жарияланып, аймақтық «Бақытты бала» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі қаракөздерге айтарлықтай игі істер атқарылған болатын. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында қолданысқа берілген, бассейн, массаж, фитнес орталығы, емдеу кабинетімен қамтылған ол балабақша аутизм, тірек-қимыл жүйесі, Даун синдромы, ақыл-есі мен интеллектуалды дамуы бұзылған 200-ге жуық балаға білікті мамандар қызмет көрсетуге ниет білдірген еді. Тіпті аталмыш жоба аясында ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер өздері үшін ашылған арнайы демалыс лагерінде жыл бойы сауығуға мүмкіндік алған болатын. Бұл игі істің жүзеге асуына Бердібек Машбекұлының үлесі аз болған жоқ.
Балабақшаның шарапатын ақтөбелік бүлдіршіндер әлі де көруде. Осы ретте мұндай мектепке дейінгі білім беру әрі сауықтыру орнына жамбылдық қаракөздер де мұқтаж. Ата-аналардың сұранысы мұнда да аз емес. Жуырда облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қатысуымен өңірде өткен тамыз кеңесінде де бұл мәселені шешудің жолы қаралды.
– Перзентіміз туа бітті кемістігімен дүниеге келді. Әйтпегенде ақыл-есі дұрыс. Тек қимыл қозғалыста қиналады. Тұңғышымыздың арнайы массаждарын уақытылы жасатып тұрамыз. Бала – бауыр етің болғандықтан бәрі жақсы болып кетсе екен деп тілейсің. Өзіміз жас отбасы болғандықтан ғаламтор арқылы жаңалықтарды қалт жібермейміз. Осылайша бұрнағы жылы еліміздің батыс өңірінде мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған балабақша ашылғанын көрдік. Онда бүлдіршіндерге қажетті барлық жағдай жасалғанына қуандық. Келіншегім де, өзім де бір-бір мамандық иесіміз. Дегенмен ұлымыз үшін әрдайым біреуіміз үйде болуымыз қажет. Сондықтан тек біреуіміз ғана жұмыс істеп жүрміз. Осындай сәтте бізде де сондай балабақша болса, екі жақтап еңбек етіп, перзентімізді емдеуге барлық жағдайды жасар едік-ау деген арманда жүрміз. Бұл біздің ғана емес, өзіміз секілді көптеген ата-аналардың арманы деп айтар едім, – дейді қала тұрғыны Сәкен Манатбек.
Расында бұл өңірдегі, облыс орталығындағы көптеген ата-ананың күтер қуанышы екені жасырын емес. Себебі әлі қатаймаған қанаты қаршадайынан қайырылған қара көздер Әулиеата топырағында да аз емес.
– Ұлым мен келінім екеуі де жұмыс істейді. Екі немерем бар. Аралары бір жастан асады. Тағдыр басқа салып, бір немеремнің денсаулығында туа бітті ақау болды. Тәңірдің жазғаны, оған амалымыз жоқ. Енді екі немеремнің бірін кәдімгі балабақшаға жіберемін. Екіншісі жанары жаутаңдап апасының қасында қалады. Бала ғой, ол да ойнағысы келеді, көңілі асқақтап тұрады. Бала болса да бауырын үлкен адамдарша кешке дейін сағынып күтеді. Құлынымның не себепті үйде қалатынын сездіргім келмей жанымды қоярға жер таппаймын. Күн жылыда есіктің алдына алып шығамын. Өзі секілді балалар болса да бірге ойнаса ғой деп ойлайсың. Егер өңірімізде осындай балабақша ашылатын болса басшылықтағы атқамінер азаматтарға ақ батамды беріп, шексіз алғыс айтар едім, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Орынкүл Сейітқызы.
Тұрғындардың талап-тілегі бойынша біз облыс әкімдігі білім басқармасына қайырылған едік. Олардың айтуынша, бұрын облыс орталығында №6 және №8 балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай қызмет көрсетілген екен. Алайда оның ғұмыры ұзаққа бармапты.
– Облыс бойынша 0-18 жас аралығында 7961 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 6316-ы біліммен және тәрбиемен қамтылған. 3491-і мектеп жасына дейінгі, 4470-і мектеп жасындағы балалар. Бұрын Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған осындай екі балабақша қызмет көрсететін. Кейін прокуратура тексеріп, олардың ол қызметке сәйкес келмейтінін анықтаған. Биыл мұндай балабақша салу туралы жоспар қарастырылған жоқ. Бірақ келер жылға жоспарлануы мүмкін. Себебі өңірдегі мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін бұл ұсыныс, тұрғындардың тілегі өте орынды әрі қолдауға тұрарлық деп ойлаймын, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Набира Сүйманова.
Қарап отырсақ, өңірде мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі 3500-ге жуық бүлдіршін бар екен. Енді бұл қатарға перзенттерімен бірге көңілі жүдеу ата-аналарды қосыңыз. Осыншама жүректің тілеуі де, сұранысы да осы. Біз де айтылған мәселенің нәтижесі оң болады деген сенімдеміз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.