Қоғам

Қар жауып, боран соғады: Синоптиктер ауа райына болжам жасады

Алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы Жерорта теңізі аймақтарынан келген циклон өтеді. Осыған байланысты республиканың басым бөлігінде қар жауып, боран соғады деп күтілуде. Ал батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанады.

Синоптиктердің мәліметінше, 3 қаңтарда еліміздің солтүстік-батыс аймақтарында қатты қар жауады. Ал 5 қаңтарда оңтүстік-шығыс өңірлерде күшті жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша көктайғақ, тұман және желдің күшеюі ықтимал, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ауа температурасы өңірлерге қарай әртүрлі болады. Елдің батысында түнде ауа температурасы 0–8 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 2 градус аяздан 5 градус жылуға дейін көтеріледі.

Орталық өңірлерде суық күшейіп, түнгі уақытта 10–18 градус аяз, ал күндіз 5–12 градус аяз сақталады. Оңтүстік аймақтарда түнде 0–10 градус аяз, күндіз 6 градус аяздан 2 градус жылуға дейін жылынады.

Оңтүстік-шығыста түнгі ауа температурасы 0–5 градус аяз, таулы өңірлерде 8–13 градус аяз болады. Күндіз бұл аймақтарда 2 градус аяздан 3 градус жылуға дейін, ал таулы аудандарда 5–10 градус аяз күтіледі.

Шығыс өңірлерде түнде ауа температурасы 5–13 градус аязға дейін жоғарылап, күндіз 5–10 градус аязға дейін төмендейді.