Қоғам

«Арайлықтардың» ардақты ұстазы еді

«Арайлықтардың» ардақты ұстазы еді

Қадірлі қаламгер, жазушы-драматург, Қазақстанның мәдениет қайраткері Болат Бекжанов адамзат өмірінің абзал кезеңі, ардақты арнасы, асқар асуы 62 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Алдымен Арды ту қылып ұстасын, арлары да, жүректері де, ойлары да Айдай таза, кең болсын деген ниетпен газеттің атын «Ар-Ай» деп қос сөздің бірігуінен қоюды ұсындым» деп өзі айтқандай, еліміздегі ең алғаш өскелең ұрпақты өнегесімен сусындатып, өзекжарды үнін жеткізіп, оқырманға жол тартқан жастар газетінің алғаш қазығын қағып, шаңырағын шындықтың шыңына бойлатқан Болат Үмбетәліұлының қазасы заңғар замандастарының ғана емес, ізгі жолында ізінен ерген шәкірттерінің де қабырғасын қайыстырды. Себебі, ұстаз ретінде ол жалғандықтың жетегіне еріп, етегіне жармаспай, әділетсіздіктің әбеқоңыр әлегіне ермей, ақиқаттың алдаспанын һәм адалдықтын ақ туын ардақтап, ақтық демі қалғанша албырт жүректі, алғыр жастарға аманаттап кетті. Шындықтың портретін боямасыз суреттеп, халықтың мұң-мұқтажын, қоғамның сан түрлі салмақты мәселелерін көтеріп, әдебиеттің ауылына таланттың ізін тайға таңба басқандай қалдырып кеткен ардақты ұстаздың әрбір туындысында өзінің бекзада болмысы, тектілік феномені, перзенттік патриотизм мен парасаттың бейнесі, ұлшылдық, рух, ел тағдыры қайнап жатыр. Ақиқатты жазарда алдаспанға айналып кететін қаламының оты талай жүрекке жылу, талай жігерге жанартау және талай санаға сәуле сыйлағаны қалың оқырманның да, тонның ішкі бауындай аяулы ауызбіршілікте бірге еңбек еткен әріптестердің де жадында жаңғырып тұрғаны жасырын емес. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, қадірлі ұстаз!

 

«ARAI» ұжымы